Сарыағаш ауданының диқандары ерте пісетін картопты жинауға кірісіп кетті. Алғашқылардың бірі болып, Қабланбек ауылдық округінде орналасқан «Айдын» шаруа қожалығы өзінің иелігіндегі 3,0 гектар егістік алқабындағы картопты жинап, гектарына 22,5 центнерден өнім алып жатыр.
Ағымдағы жылы аудан бойынша 10,5 мың гектар жерде көкөніс өсіріліп отырса, оның ішінде 3,0 гектарға жуық жерде картоп көкөнісі өсірілуде. Аудан шаруалары биыл мол өнім алуды жоспарлап, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне өз үлестерін қосып келеді.
Ауданның климаттық жағдайының қолайлы болуы себебінен, диқандарға голландиялық картоп түрінің тұқымын өсіру ыңғайлы болып келеді. Осыған орай, ең көп картоп алқаптары Жібек жолы, Қабланбек, Дербісек, Жемісті, Ақжар, Құркелес, Жартытөбе ауылдық округтерінде орналасқан.
Жалпы, Сарыағаш ауданының ауыл шаруашылығы саласында былтыр 119 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның ішінде мал шаруашылығы – 32 миллиард теңге. Егіс көлемі 71 мың гектарға егіліп, өсімдік шаруашылығында өндірілген өнім 87 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жылы төмендетілген бағамен 3 600 тонна дизель отыны бөлінді. Дала жұмыстарына техникалардың дайындығы 94 пайызды құрап отыр. Облыста 1 569 гектарда жылыжайлар бар болса, оның 50 пайызы немесе 800 гектары осы Сарыағаш ауданында орналасқан.
Сондай-ақ, басым дақылдардың өндірісін субсидиялау бойынша және «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде арзандатылған несие беру бойынша ұсыныстар Үкіметке енгізіліп, қазіргі таңда министрліктерде қаралуда. Сонымен қатар, жалпы шаруалардың сұранысын ескере отырып, агро шаруашылығын субсидиялауға 7,6 миллиард теңге бөлінді. Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жылдық 5 пайызбен тауар өндірушілерге 4,8 миллиард теңге бөлінді.
Бұдан бөлек Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округінің диқандары ашық егіс алқабынан қырыққабаттарды жинап, еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтіп жатыр.
Биыл ауданның шаруалары 10,5 мың гектар жер учаскесінде көкөністің бірнеше түрін өсіріп, оның ішінде 1,7 мың гектар жерде жылына 1 алқаптан 2-3 өнім алу бойынша жұмыстар атқарып жатыр.
Түркістан облысында биыл ерте пісетін көкөністер 20 мың гектарға жуық алқапқа егілді. Атап айтқанда, 9 мың гектар жерге ерте пісетін картоп, 7,5 мың гектарға қырыққабат, пияз 2 мың гектарға, сәбіз 1,3 мың гектарға орналастырылды. Егіс алқаптарынан 460 мың тоннаға жуық көктемгі өнім жинау жоспарланған.
Сәуір айында 8 мың тонна қырыққабат жиналып, жоспар 40 пайызға артық орындалған. Алдағы үш айда 450 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарланған. Нәтижесінде маусымаралық кезеңде республикалық қажеттілік қырыққабат бойынша 95 пайызға қамтамасыз етіледі. Егілген сәбіз, пияз және картоп көлемі де артты. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспарына сәйкес биыл 860 мың гектар жерге дақылдар егіледі. Түркістан облысында өзге облыстармен ерте пісетін өнімдерге форвардтық келісімшарттар жасалып, 6,5 мың тонна өнімдерді тауар өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды. Маңызды мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында тұр.
Түркістан облысында әртараптандыру арқылы жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасын тапты. Атап айтқанда, көкөніс 2,3 мың гектарға артып 45 мың гектарға егілді, бақша 8,7 мың гектарға артып, 69 мың гектарға егілді. Малазықтық дақылдардың көлемі 6,7 мың гектарға артып, 228 мың гектарға орналастырылды. Сәйкесінше, мақта дақылы 14,4 мың гектарға қысқартылып, 111 мың гектарға егілді. Тұзданған және сорланған алқаптарда тұзға тұрақты жүгері, бұршақты дақылды (маш) егуді қолға алынды. Сонымен бірге биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәндік жүгері, 500 гектарға бұршақты дақыл егілді.
Бұл ретте өнімдерді сақтау қоймаларын арттыру бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қаймасы бар. 2023-2025 жылдарға жалпы құны 21 миллиард теңгеге сыйымдылығы 86 мың тонна арналған 15 бірлік заманауи үлгідегі жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 22 мың тоннаға арналған 8 қойма бойынша жобалар биыл жүзеге асырылады.
Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы «1 мың тоннадан басталатын картоп-көкөніс сақтау орындарын салу, кеңейту» жобалары шығынын 25 пайызын өтеуге бюджеттен тиісті қолдаулар көрсетіледі.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, Қазақстан көкөністердің негізгі түрлері бойынша ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Мәселен, 2022 жылы 4,1 миллион тонна картоп, 621 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат өндірілді. Жеміс-көкөніс өнімдерін өндірудің едәуір көлеміне қарамастан, қыс-көктем кезеңінде сақтау қуатының төмендігіне байланысты нарықта отандық көкөністер ұсынысының төмендеуі байқалады. Бұл нарықта импорттық өнімнің өсуіне және маусымаралық кезеңде бағаның көтерілуіне әкеледі.
«Бұл мәселенің шешімі – көкөністерді сақтау қуатын арттыру, бұл отандық өнімнің бір бөлігін маусымаралық кезеңде сақтауға және сатуға мүмкіндік береді», — дейді Ербол Қарашөкеев.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда республика бойынша жалпы сақтау сыйымдылығы 1 952,8 мың тонна болатын 1 208 көкөніс қоймасы, оның ішінде 770 көкөніс қоймасы, 382 картоп қоймасы және 55 жеміс қоймасы бар. Көкөністерді сақтау сыйымдылығын арттыру мақсатында 2025 жылға дейін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.
Кешенді жоспар аясында 2021-2022 жылдар аралығында жалпы сақтау көлемі жоспарланған 181,5 мың тоннаның орнына 200,8 мың тоннаға 37 жоба жүзеге асырылды. Осылайша, жоспарланған көрсеткіштер 110%-ға орындалды. 2023 жылдың соңына дейін 111,5 мың тонна өнімге 29 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл ретте сақтау қуаттарымен қамтамасыз ету бойынша нақты көріністі белгілеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, санаттары бойынша бөлініп, барлық қоймаға тексеру жүргізетін болады, оның қорытындысы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, қоймаларды салуды ұлғайту жағына қарай қайта қаралатын болады.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдауды реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде өнімнің тауарлық сипатын сақтай отырып, ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз ететін арнайы жабдықтары бар заманауи қоймаларды салу кезінде инвестициялық салымдарды өтеу үлесін 25%-дан 50%-ға дейін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.