Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып жатыр

Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылығы жылдан-жылға аса қарқынмен дамып келеді. Қазіргі таңда аудан диқандары көкөністерді өсіріп, көктемгі нарыққа шығаруға дайындалып жатыр. Солардың бірі – Қабланбек ауылдық округі аумағындағы «Занджаниджад» шаруа қожалығы.

Осыған орай аудан әкімі Арман Айдарұлы «Занджаниджад» шаруақожалығына қарасты жылыжайға арнайы барды. Шаруа қожалығы төрағасы Рустем Занджаниджад аудан әкіміне жылыжайдағы егін егу барысын баяндап, өсіріп отырған өнім түрлерімен таныстырды.

— Жылыжай шаруашылығымен айналысу өте қиын. Өйткені үлкен төзім мен еңбекті талап етеді. Жылыжайды жылы ұстау, ауа райының түрлі сынақтарынан өнімді аман сақтау оңай емес. Желтоқсан айында жылыжайға көшетін отырғыздық. Осы айда өнім аламыз деген үміт бар. Бүгінгі таңда жылыжайда қызанақ және гүл өсіру жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Рустем Занджаниджад.

Шаруашылық жұмысымен танысқан аудан басшысы:

— Ауыл шаруашылығы өнімдері — тұрғындардың басты азығы. Аудан тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен толығымен өзіміз қамтуымыз керек. Мемлекет қолдауы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы, шаруа қожалығын үлкен мекемеге айналдыруға болады. Бұл бағытта жұмыстарыңызды тоқтатпаңыздар, — деді.

Айта кетсек, шаруа қожалығы төрағасы 1,5 гектар аумаққа жылыжай тұрғызып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қызанақ және гүл өсірумен айналысатын жылыжайда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған жылыжай жылына 12 мың түп гүл және 200 тонна қызанақ өндіруге қуатты. Өнімдерін еліміздегі басқа да облыстарға саудалау үстінде.

Еске салайық, облыс көлемінде биыл жылыжайлар көлемі 690 гектарға ұлғайып, 2259 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, алынған өнім көлемі 3 есеге дейін артып, 240 мың тоннадан асатын өнім өндіру жоспарланған. Республика халқы қажеттілігі маусымаралық кезеңде толық қамтамасыз етіледі.

Оның ішінде Түрістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Сарыағаш, Келес аудандарында агроиндустриальды аймақ құру жоспары бойынша 500 гектарға жылыжайлар салынады. Қазіргі таңда аудан әкімдіктерінен нақты ұсыныстар жинақталуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.