Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының әкімі «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының қатысушыларымен кездесті

Ағымдағы жылы Сарыағаш ауданында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы іске қосылды. Осыған орай бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев осы жобаға қатысушы азаматтармен кездесіп, алға қойған мақсаттары мен атқарып жатқан жұмыстары бойынша пікір алмасты.

Жаңа жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау. Жоба мемлекет басшысының «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру» бағдарламасы аясында қолға алынған. Жаңа жобаның тиімділігі — жылдық мөлшерлемесі 2,5% құрайтын жеңілдетілген несие. Орташа несие көлемі 5 миллион теңгені құрайды. Ол үшін кәсіпкерлер кепілмен қамтамасыз етілуі тиіс.

Аталған пилоттық жобаға Сарыағаш ауданынан Жартытөбе, Жібек жолы ауылдық округтері қатысуда. Бүгінгі таңға дейін 67 жобаны несиелендіру мақсатында құжат тапсырылған. Осы жобалардың 44-і несие комитетінің оң қорытындысын алған. Оның ішінде Жартытөбе ауылдық округінен 5 азаматтың қаражаты аударылып, жұмыстарын бастап кетті.

Ал күннің екінші жартысында аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Алдымен өткен кездесуде көтерілген мәселелер бойынша осы күнге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

— Өздеріңізбен арнайы кездесуге келіп отырмын. Мақсат – тұрғындардың өтініші мен ұсыныстарын тыңдау, өткір мәселелерді талқылау. Ауыл тұрғындарының өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай жасау. Атқарушы билік ретінде қолдан келгенше жұмысты ұйымдастырамыз, барынша қолдау сіздерден, — деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.

Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан аудан басшысына ағын су, қоқыс тазалау, жолға асфальт төсеу, мектепті күрделі жөндеуден өткізу, оқушылар тасымалы, таза ауыз су және электр энергиясымен қамтамасыз ету, дәрігерлік амбулатория салу, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, көше атауын өзгерту, мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, заңға сәйкес тиісті жауаптар берілді.

Кездесуден кейін аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіндегі Ынтымақ елді мекеніне арнайы барып, жеке кәсіпкер Ш.Турсунбаевтың меншігіндегі жылыжайдың және аграрлық тауарларға арналған дүкеннің жұмысымен танысты. Танысу барысында жеке кәсіпкер аудан басшысына жылыжайдағы жұмыс барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жұмыс барысын көзден кешірген Арман Абдуллаев жеке кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.

— Ауыл шаруашылығы өнімдері — тұрғындардың басты азығы. Аудан тұрғындарын ауыл шаруашылық өнімдерімен толығымен өзіміз қамтуымыз керек. Мемлекет қолдауы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы, қожалықты үлкен мекемеге айналдыруға болады. Бұл бағытта жұмыстарыңызды тоқтатпаңыздар, — деді аудан басшысы.

Айта кетсек, жеке кәсіпкер Ш.Турсунбаев бүгінгі таңда өзінің қосалқы шаруашылығындағы 0,10 гектар жер телімінде жылыжай тұрғызып, бүгінде көкөніс өсірумен айналысу үстінде.

Сонымен қатар, аталған мекенжайда аграрлық тауарларға арналған дүкенің де жұмысын жүргізіп, көкөніс өнімдеріне арналған дәрі-дәрмек заттарын саудалауда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You