Сарыағаш ауданында астық ору науқаны басталды. Осынау науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен. Дәл қазіргі таңда егістік алқаптарында тізілген комбайндар жиналған алтын астықты қамбаға құю үстінде.
Осыған орай, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекеніне арнайы барып, астық ору науқанымен танысты. Аудан басшысы дәнді дақыл егумен айналысатын «Дарбаза» ЖШС-нің жұмысымен танысу барысында астықты төкпей-шашпай жинап алу басты міндет болып тұрғанын атап өтті.
Айта кетсек, «Дарбаза» ЖШС-і ағымдағы жылы 2000 гектар жерге бидай егіп, гектарына 20-25 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, ауданның 2023 жылға арналған жоспарына сәйкес, аудан бойынша ағымдағы жылы 71 500 гектар жерге егін егу межеленді. Бүгінгі күнге 71 501 гектар жер толығымен игерілді.
Жалпы, егіс көлемінің 42803 жеріне астық дақылдары себілген. Қазіргі таңда 1876 тонна өнім жиналды. Оның ішінде 896 тонна бидай және 980 тонна арпа. Өнімділік гектарына 20-25 центнерден алынуда.
Ал, 2022 жылы жалпы 42637 гектарға астық дақылдары егіліп, жалпы 63186 тонна өнім жинап алынды. Өнімділік гектарына 15-17 центнерден келеді.
Сонымен қатар бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың жеке қабылдауында алдын ала жазылған 14 тұрғынның өтініштері мен ұсыныстары қаралды. Жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер қозғалды.
Дәлірек айтсақ, жеңілдетілген несие беру, автотұрақты жалға алу, коммуналдық арендалық көпқабатты тұрғын үйден пәтер беру, жер мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.
Аудан басшысы қабылдауға келген азаматтар тарапынан айтылған арыз-шағымдар мен өтініштерін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерге қатысты заң аясында жауап берді. Сондай-ақ, жауапты дербес бөлім басшылары мен қала және ауылдық округ әкімдеріне әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Мұнан өзге бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тұрғындармен кезекті кездесуі Құркелес ауылдық округінде өтті. Кездесу барысында аудан басшысы наурыз айында өткен кездесуде көтерілген мәселелерге қысқаша тоқталып, атқарылған жұмыстармен бөлісіп, ауыл тұрғындарымен бірге өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.
– Жергілікті атқарушы биліктің басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым мен сапалы білім, медициналық көмек және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Міне, бүгін өздеріңізбен жүздесіп, аудандағы көкейкесті мәселелерді бірге талқылап, оның шешу жолдарын қарастыру үшін кездесуге келіп отырмын, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар жолға асфальт төсеу, электр энергиясы және таза ауыз сумен қамтамасыз ету, тозығы жеткен электр бағаналары мен желілерін ауыстыру, заңсыз қазылған орларды жабу, тұрғын үйлерді құжаттандыру, мобильді интернет, заңсыз қоршалған жерлерді ортақ мал жайылымына беру, жол кедергілерін орнату туралы мәселелерді көтерді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев әрбір тұрғынның сұрағын жауапсыз қалдырмай, барлық сұраққа жеке жеке тоқталып, заң аясында жауап берді.
Жиыннан соң ауыл жұрты жеке мәселелері бойынша әкім қабылдауында болып, түйіткілді мәселелердің түйіні тарқатылды.
Оған қоса бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласының тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалуына тоқталып, алдағы жоспарларды баяндады.
— Қаланы көркейту, оның дамуына үлес қосу — ортақ мақсат, ортақ іс. Сондықтан, алға қойылған жоспардың нәтижелі орындалуы басшыға, ал оған жауапкершілікпен қарау тұрғындардың мәдениеттілігі мен жанашырлығына тікелей байланысты. Біз алдағы уақытта жасалып жатқан жұмысты ашық, айқын түрде көрсетіп, оны халыққа жеткізіп отыратын боламыз, — деді аудан басшысы.
Кездесуде тұрғындар тарапынан аудан басшысына заңсыз сауда орындары, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, қоқысты жинау, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, заңсыз құрлыстар, қашыртқыларды тазалау мәселелері бойынша ұсыныстар айтылып, тиісінше нақты жауаптар берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.