Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының шаруалары мемлекеттің қолдауымен кәсібін дөңгелетіп жатыр

Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсібін дөңгелетуді қолға алған шаруаларға қолдау білдіру мақсатында ағымдағы жылы кәсіп бастаған азаматтардың жұмысымен танысты.

Алдымен Дарбаза ауылдық округіне арнайы барып, көп балалы әке Қ.Мамасартовтың кәсібімен танысты. Еңбекқор шаруа қайтарымсыз грант қаржысына ірі қара мал алып, бүгінде сүт өнімдерін саудалап, кәсібін ұршықша үйіріп отыр. Қ.Мамасартовтың кәсібімен танысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев оның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Содан соң, аудан әкімі Арман Абдуллаев қайтарымсыз несие алып қой шаруашылығын дамытып отырған У.Ақылбекованың тыныс-тіршілігімен танысты.

У.Ақылбекова қой шаруашылығын дамытуды мақсат тұтып, мемлекеттік грант алып, бүгінде үй іргелік қорасында мал басын көбейтіп, жұмысын жолға қоя бастапты. Төрт түліктің бабын білетін шаруа алдағы уақытта мал кәсібін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

– Қазақта «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген қанатты сөз бар. Қой шаруашылығымен айналысу қазақтың қанында бар кәсіп ғой. Тәуекелге бел буып бастаған кәсібіңізге береке берсін. Мемлекеттік гранттың пайдасы мол. Яғни, бұл — кәсіп бастауға қармақ. Ары қарай кәсіпті алып кету сіздердің еңбектеріңізге байланысты, — деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.

Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Жеке бизнестің жілігін шағып, жемісін көргісі келетін азаматтар қатары күн сайын артуда.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев жұмыс жоспарына сәйкес, Тегісшіл ауылдық округіне де арнайы барып, Е.Бекжановтың наубайханасындағы жұмыс барысымен танысты. Е.Бекжанов ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, қажетті құрал-жабдықтарын алып, бүгінде кәсібін дөңгелетуде. Кәсіпкер аудан әкіміне жұмысы барысы жайлы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Наубайхананың жұмысымен танысқан аудан әкімі жеке кәсіпкердің жұмысына толағай табыс тіледі.

Содан соң, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округінің тұрғыны жеке кәсіпкер Р.Кемеловтың кәсібімен танысты. Кәсіпкер ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттік грант алып, «Пернебек ата» наубайханасын ашып, бүгінде нан өндірісін жолға қойған. Күніне 100-астам нан жауып, сауда нүктелеріне таратуда. Сонымен қатар, 3 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкердің жұмысымен танысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев:

— Қайтарымсыз грант берудің басты мақсаты — ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту. Кез келген елдің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі — жұмыспен қамтылған халықтың үлгісі. Сондықтан қазіргі таңда жұмыссыз жүрген азаматтардың екі қолға бір күрек табуына, жұмыспен қамтимын, кәсіп бастаймын деушілерге мол мүмкіндік жасалып, кәсіпкерлер саны да артуда. Ауданда жек кәсіпкерлер санының артуы бұл саланың қарқынды дамып келе жатқандығының айғағы. Дана халқымыз «Еңбек – ырыстың қадірі» дегендей, бастаған ісіңізге сәттілік тілеймін, атқарып жатқан еңбегіңіздің берекесін берсін! — деді.

Сонымен қатар, аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округінің тұрғыны С.Утегенованың кәсібімен танысты. Жеке кәсіпкер қайтарымсыз грант алып, бүгінде «Салтанат» дастархан тәттілері атты кондитерлік цехтың жұмысын жолға қойған.

С.Утегенова өзінің кондитерлік өнімдеріне сұраныс жоғары екендігін жеткізді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер бүгінгі таңда 2 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Кондитерлік цех жұмысымен танысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев жеке кәсіпкердің жұмысына береке, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.

Бұдан бөлек бүгін аудан басшысы Арман Абдуллаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Аудан әкімінің жеке қабылдауында алдын ала жазылған 23 тұрғынның өтініштері қаралды.

Қабылдауға келген тұрғындар тозығы жеткен бағаналарды жаңарту, жарықтандыру, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй беру, жолға асфальт төсеу, емхана салу үшін жер учаскесін беру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді елді мекен шегіне енгізу және жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.

Қабылдау барысында аудан басшысы Арман Абдуллаев әрбір тұрғынның мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берсе, бірқатар мәселені шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, әр мәселені жеке бақылауға алатындығын атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.