Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шаруасын дамытып отырған кәсіпкердің тыныс-тіршілігімен танысты

Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев жұмыс жоспарына сәйкес, Құркелес ауылдық округіне барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шаруасын дамытып отырған, кәсіпкердің жұмысымен танысты.

С.Юсупов «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 10 сауынды бие сатып алып, салауатты өмір салтын ұстану үшін табиғи сүт өнімдерін халыққа ұсынып отыр. Тәулігіне 50 литр сүт алу жоспарланған.

Шаруашылық жұмысымен танысқан аудан басшысы: «Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының да басты мақсаты — ауыл тұрғындарына кәсіп бастауына қаржы бөліп, тұрғындардың әлеуетін жақсарту. Сіздің жұмыстарына сәттілік, алдағы уақытта шаруаңызды үлкейтіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасауға болады» — деді.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет елді мекенінде жаңа технологиямен құлпынай өсіріп жатқан кәсіпкердің ісімен танысты. Заманауи үлгіде жылу жүйесін қажет етпейтін жылыжай салып, құлпынай өсіріп жатқан кәсіпкер А.Шимбергеновтың 10 жылдық тәжірибесі бар. Италия және Голландия мемлекеттерінде осы саладағы кәсіби мамандармен тәжірибе алмасқан.

Қазіргі таңда 15 тұрғынды тұрақты, 40 тұрғынды маусымдық түрде тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Жеке кәсіпкердің айтуынша, 24 гектар аумағына өсірілуі жоспарланған құлпынай күннің нұры және арнайы тігілген көрпешелердің көмегімен жылытуды қажет етеді.

Жеке кәсіпкердің шаруасымен танысқан аудан басшысы Тегісшіл ауылдық округі жаңа жұмыс орындарымен толығып келе жатқаны игі іс екенін атап өтіп, қолданып жатқан жаңа үлгідегі құлпынай өсіру әдісін әрі қарай дамыту жолдарын бірге талқылады.

Орайы келгенде атап өтер жайт, Сарыағаш ауданында мемлекеттік грант алып, мал шаруашылығымен айналысатындардың да қатары көбейіп келеді.

Осы орайда аудан әкімі Арман Абдуллаев мемлекет тарапынан берілетін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы» аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алып, қаржылай қолдау тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың кәсібімен танысты.

Алдымен аудан басшысы мемлекеттік грант алған Қызылжар ауылдық округінің тұрғыны көп балалы ана Д.Онланбаеваның кәсібімен танысты. Көп балалы ана маусым айында қайтарымсыз грант иегері атанып, қаржысына сүт өнімдерін алу мақсатында 3 сауынды сиыр алған. Қазіргі таңда күніне 10 литр сүт өнімін алып, ауыл аумағындағы дүкендерге саудалап отыр.

— Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарына кәсіп бастауға үлкен көмек. Тұрғындардың әл-ауқатын көтеру арқылы біз өңірдің әлеуметтік экономикалық ахуалын жақсартпақпыз. Кәсіпкерлер – ауданның тірегі. Шағын және орта бизнес дамыса, кәсіпкерлік өркендесе, ауданда экономикалық даму да, тұрақтылық та болары сөзсіз, — деді аудан әкімі.

Келесі грант иесі, аталған ауылдық округ тұрғыны көп балалы әке Ж.Ермуратовтың мал шауашылығымен танысқан аудан басшысы Арман Абдуллаев сәттілік тіледі.

Ж.Ермуратов маусым айында қайтарымсыз грант иегері атанып, қаржысына сүт өнімін алу үшін сауынды сиыр алып, бүгінде сүт өнімдерін саудалап, кәсібін дөңгелетуде.

Расында да, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға берілетін мемлекеттік грант өз нәтижесін беруде. Аудан басшысы Арман Абдуллаев сондай-ақ Сарыағаш қаласының тұрғыны, қайтарымсыз грант алып, этно стильдегі қазақша киімдерді тігу шеберханасын дамытып отырған көп балалы ана Ж.Карсыбаеваның да кәсібімен танысты. Ж.Қарсыбаева қайтарымсыз гранттың қаржысына тігін машинасын, киім пішу столын және керекті тігін құралдарын сатып алып, кәсібінде кеңейткен. Жас шебер тапсырыспен ұлттық нақыштағы киімдер, қыз жасауларын және басқа да қажетті дүниелерді тігумен айналысып, кәсібін дөңгелетуде.

Сонымен қатар, аудан әкімі Арман Абдуллаев көп балалы ана Б.Койшибекованың кәсібімен танысты. Жас кәсіпкер қайтарымсыз грант алып, бүгінде фаст-фуд тағамдарын дайындау бойынша орталық ашқан. Кәсібін ілгерілету мақсатында орталықта фаст-фуд тағамдарының бірнеше түрі бар.

Жас кәсікерлердің кәсіптерімен танысқан аудан басшысы кәсіпкерлерге сәттілік тілеп, мемлекеттен берілген қайтарымсыз грант қаржысы адал және тұрғындардың игілігіне пайдалану басты мақсат екенін атап өтті.

Иә, Түркістан облысының Сарыағаш ауданында шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп келе жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. Сол арқылы аудан экономикасы мен халқының жағдайын жақсарту мақсатында әртүрлі бағыттағы ірі әлеуметтік және кәсіптік нысандар бой көтеруде. Осы ретте, жеке кәсіпкер Егембердиев Қожабек сөмке тігу ісін қолға алған.

Айта кетсек, жеке кәсіпкер «Pro-textile» сөмке тігу цехын 2020 жылы іске қосып, қазіргі таңда 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Тәулігіне жол және тор көз түрінде және түрлі өлшемде 5000 дана сөмке тігіліп, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатыр.

Бұдан бөлек аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округінің Еңкес елді мекеніне де арнайы барып, ел игілігіне пайдалануға беріліп жатқан дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысты. Аудан басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

— Бүгінде Еңкес ауылында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтерген жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталды. Ауыл тұрғындары жоғары сапалы медициналық көмекті осы дәрігерлік амбулаториядан алатын болады. Ендеше, бұл амбулаторияда науқастардың саны аз болсын. Дендеріңіз сау, ауырмай жүрулеріңізге тілектеспін. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының мамандары жемісті еңбек етеді деген сенімдемін. Жаңа нысан құтты болсын, — деді аудан басшысы.

Айта кетсек, жаңа дәрігерлік амбулатория жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған жаңа нысан алдағы уақытта тәулігіне 50-ге жуық ауыл тұрғынына медициналық қызмет көрсетуге қауқарлы. Сонымен қатар, медициналық мекемеде төрт дәрігер маман қызмет атқаратын болады.

Ендігі жерде дертіне шипа іздеген ауыл халқы осы медициналық мекемеге келіп, дәрігерлердің нұсқаулығы бойынша ем-шараларын қабылдай алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin