Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының үздік оқушылары «Қазақстан халқына» қорының есебінен лагерьде тынығып жатыр

Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы Дәулет Акатов «Машат-Арасан» сауықтыру орталығындағы оқушылармен еркін форматта кездесу өткізді. Жүздесу барысында бөлім басшысы жеткіншектермен пікір алмасып отырғанына қуанышты екенін айтып, бүгінгі жас ұрпақ қандай болуы керектігі туралы ой қозғады.

Кездесуге жазғы сауықтыру орталығындағы балалар қатысты. Оқушылар бөлім басшысымен түрлі тақырыпта пікір алмасып, диалог өрбітті. Еркін форматта сұхбат жүргізді.

Айта кетейік, биыл «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық жобасы аясында Сарыағаш ауданының 300 оқушысына «Машат-Арасан» оқу- сауықтыру орталығына жолдама берілді. 11 маусымда 2 ауысым бойынша 100 бала жазғы тынығу лагерінде демалса, қазіргі таңда, 21 маусымнан басталған 3-ауысымда 100 бала тынығуда. Алдағы 4-ауысымда да 100 бала демалады деп жоспарланып отыр.

Сайрамдық 100 бала «Гавая» жазғы сауықтыру лагеріне жіберілді

Орайы келгенде атап өтер тағы бір ақпарат, балалардың жазғы демалысының бесінші ауысымы басталды. Осы орайда, Сайрам ауданының 100 баласы «Гавая» жазғы сауықтыру лагеріне демалысқа жіберілді. Аудандық білім бөлімінің қызметкерлері оқушылардың жол қауіпсіздігін сақтай отырып, демалыс орнына жеткізді.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен биыл жалпы 300 балаға тегін жолдама беріліп, қуаныш сыйлады. Олардың ішінде республикалық, облыстық олимпиада жеңімпаздары, спорт, өнер жарыстарының жүлдегерлері мен өзге де үздіктер бар.

Бұдан бөлек, қайырымдылық қорының демеушілігімен жаз маусымының 4 ауысымында Түлкібас ауданына қарасты Машат елді мекенінде орналасқан «Машат Арасан» жазғы сауықтыру лагерінде 200 оқушы тынығып қайтты.

Қазіргі таңда Арыс ауылдық округіне қарасты бөліміне тиесілі №1 Оқушылар үйіне қарасты жазғы сауықтыру лагерінің төртінші ауысымына 314 бала қабылданды. Биыл 7 ауысымда 2198 баланы демалдыру жоспарланса, қазір оның 1256-ы қамтылған.

Түркістан облысында жазғы сауықтыру лагерьлерінің жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады

Түркістан облысында 2024 жылы 30 балаларды жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетуде. 998 мектеп жанындағы лагерьлерде 320 641 бала қамтылды.

Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 35 434 бала бюджет есебінен тегін жазғы сауықтырумен қамтылса, 20 мыңнан аса бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. «Қазақстан халқы қоры» есебінен 3421 бала тынығады. Бүгінгі таңда лагерьлерде 25 696 бала демалды. Жазғы демалыс 20 тамызға дейін жалғасады.

Демалысты ұйымдастыру жөніндегі облыстық штаб құрамы бекітілген. Штаб өкілдері мен білім басқармасының, білім бөлімдерінің қызметкерлерімен жазғы сауықтыру қызметін ұсынған лагерлердегі балалардың жай-күйі, қауіпсіздігі мен жазғы демалыстың ұйымдастырылуы назарға алынған. Аптасына екі рет мониторинг жасалуда.

Жазғы сауықтыру барысында балалар түрлі бағыттағы танымдық, мәдени, шығармашылық, спорттық шараларға тартылуда. Сондай-ақ әр ауданнан 10 баладан 170 бала Бәйдібек, Отырар, Төлеби, Түлкібас, аудандары мен Түркістан қаласындағы туристік орындарға саяхатқа барды және 50 бала Астана қаласына барады деп күтіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin