Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының әкімі мал бордақылап, күрке тауық өсірген кәсіпкерлердің жай-күйімен танысты

Сарыағаш ауданында егін мен бау – бақша шаруашылығынан бөлек мал шаруашылығы да өркендеу үстінде. Сонымен қатар оның тұқымын асылдандырып, бордақылаумен де айналысатын шаруашылықтар саны да көбейіп келеді. Соның бірі — Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Бес Қара» ЖШС-нің шаруа қожалығы.

Аудан әкімі Арман Айдарұлы Абдуллаев аталған «Бес Қара» ЖШС-нің шаруа қожалығының мал бордақылау алаңына арнайы барып, мал бордақылау алаңының директоры М.Абдибаевпен тілдесіп, жұмысымен танысты.

Кездесу соңында кәсіптің қиындығына қарамай, білек сыбана жұмысты бастап, мал санын көбейтіп, бүгінгі таңда өз арбасын өзі дөңгелетіп жүрген М.Абдибаевқа:

— Ауданда халықтың тығыз орналасуына байланысты, жайылым жер тапшы болғандықтан осылай мал бордақылау алаңын салу өз тиімділігін көрсетуде. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, жұмыссыздық санын азайтуға өз үлесіңізді қосып отырғаныңызды көріп, қуанып тұрмын. Жалпы қазіргі таңда кәсіп бастау оңай бірақ оны әрі қарай дамытушылар саны аз. Кәсібіңіз өсіп өркендей берсін, — деді аудан басшысы Арман Абдуллаев.

Айта кетсек, «Бес Қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы 1000 бастық мал бордақылауға жоспарланған. Бүгінде 337 бас мал сатып алынып, бордақылануда. Қазіргі таңда мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар аудан әкімі Арман Айдарұлы қайтарымсыз грант алып кәсібін жүргізіп жатқан Қабланбек ауылдық округінің тұрғыны Сансызбаев Дидарбек Талғатұлының наубайханасына да арнайы барып, наубайхананың бүгінгі таңдағы жұмыс барысымен танысты. Кәсіп иесі 2022 жылдың мамыр айында 1 225 200 теңгенің грантын ұтып алып, қаржыға арнайы қондырғылар сатып алған. Мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашқан Дидар Сансызбаев күніне 150 нан шығарып, аудан аумағындағы сауда нүктелеріне саудалауда.

Сонымен қатар, кәсіп иесі бүгінде күрке тауығын өсіруді де қолға алған. Кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттеген ол қазіргі таңда құс етіне сұраныс жоғары болып тұрғанын байқаған. Алдағы уақытта инкубациялау бағытын қолға алып, қолындағы күркелер санын 500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіптің көзін тапқан жас кәсіп иесі бүгінде күрке өсіруді жетік меңгеріп алған. Жас кәсіп иесі алдағы уақытта мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы бірінші кезекте елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.