Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының әкімі тұрғындардың жайылым жер мәселесі бойынша Көктерек кентіне барды

Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінен Көктерек кентіне өткізілген егістік жерлерді мал жайылымына және көкпар шабатын алаң ретінде пайдалануға алу мақсатында ауыл тұрғындары өз арыз-шағымдарын жеткізген болатын.

Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев орын алған жағдайды бақылауға алу үшін Көктерек кентіне арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Мәселенің мән-жайын талқылап, аталған аумақты аралап көрді. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев, аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Н.Кукеев, Көктерек кентінің әкімі У.Туржанова, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Аудан басшысы ауыл тұрғындарына аталған жер иеленушілеріне шығарылған қаулылар бойынша заң аясында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 10 күн ішінде бір шешімін айтатынын жеткізді.

Бұдан бөлек аудан әкімі Арман Айдарұлы Жібек жолы ауылдық округіне арнайы барып, елді мекендердегі өзекті мәселелер бойынша шешу жолдарын қарастырды.

Атап айтқанда, Жаңатұрмыс елді мекенінде ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған дәрігерлік амбулаторияның орналасатын жерінің мәселесін шешу бойынша жер иелерімен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде елді мекен аумағынан 0,40 гектар жер учаскесі дәрігерлік амбулатория құрылысы үшін берілетін болды.

Айта кетсек, аталған дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, іске қосылғаннан соң 1 ауысымда 25 адамды қабылдауға мүмкіндік береді.

Мұнан соң аудан басшысы облыс әкімінің жеке қабылдауында аудан тұрғыны тарапынан айтылған өтініштер бойынша Зортөбе елді мекеніне арнайы барып, өзекті мәселелермен танысты. Мұнда елді мекендегі үй іргелік жерлер мен егістік жерлерге ағын су тапшылығы орын алған. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы тиісті мекеме басшысына «Зортөбе» каналынан елді мекенге келетін су көлемін арттырып, үй іргелік жерлерге ағын суды жеткізу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Сонымен қатар елді мекендегі жайылым жер мәселесі де талқыланды. Бүгінгі таңда елді мекенде 40 гектар ортақ мал жайылым жерлері бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылы елді мекенге қосымша ортақ мал жайылымға 160 гектар аумақ бекітіп беру жоспарлануда.

Осы тұста назар аударар жайт, Сарыағаш ауданы Түркістан облысының оңтүстік аумағында орналасқан және территориялық аймақ бойынша шығысында Қазығұрт ауданымен, солтүстігінде Арыс ауданымен, батысында Шардара және Келес аудандарымен, Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Аудан 12 ауылдық округі, 1 қала және 1 кенттен құралған, жалпы аудан аумағында 71 елді мекен орналасқан. Аудан орталығы — Сарыағаш қаласы.

Сарыағаш ауданының барлық жер көлемі 418 117 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 392 927 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 87 609 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 24 015 гектар, көп жылдық екпе ағаштары — 2 586 гектар, шабындық жерлер — 1 550 гектар және жайылымдық — 294 579 гектар.

Жер санаттары бойынша:

— ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері — 329 528 гектар;

— елді мекендердің жерлері – 53 728 гектар;

— өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер – 5 067 гектар;

— ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 68 гектар.

— су қорының жерлері — 889 гектар.

Аудан жерінің басым бөлігі төбелер мен тау етегі жазықтығынан құралған. Ауданның батысын бойлай Сырдария, оңтүстік-шығысынан Келес, Құркелес өзендері ағып өтеді.

Сарыағаш ауданының климаты континенттік, қысы жұмсақ, жазы ыстық, қуаң. Атмосфералық жауын-шашындардың орташа жылдық мөлшері 80-300 мм-ге дейін жетеді. Жауын-шашынның көбі көктем айларына тиесілі. Ауаның жылдық температурасы қаңтарда 2-3 С, шілдеде +24+28 С болады. Кейде құмды шөлді аймақтарда +40+45 С дейін барады. Аудан аумағы табиғи ауа райына байланысты шөлейтті және тауалды аймағында орналасқан. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарынан бидай, картоп, жүзім және бау-бақша өсіріледі.

Ауданның су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Сарыағаш ауданы аумағындағы су жүйелерінің жалпы саны 329 дана, ұзындығы 2232,7 шақырым, оның ішінде каналдар — 168 бірлік, ұзындығы 1401,7 шақырым және қашыртқылар — 161 бірлік, ұзындығы 831 шақырым. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы 27,6 мың гектар көлеміндегі суармалы жерлер сумен қамтамасыз етіледі. Сарыағаш ауданы арқылы 3 ірі және кіші (Сырдария, Келес және Құркелес) өзендері ағып өтеді. Келес өзенінің ұзындығы 241 шақырымды құрайды, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары келіп құйылады.

 Сарыағаш ауданы бойынша 89 бас түйе, 18 641 бас жылқы, 69 838 бас ірі қара мал, 555 738 бас ұсақ мал бар.

Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық станциялар-14, ұсақ малдарды шомылдыру орындары-31, жасанды ұрықтандыру пунктері-8, биотермиялық шұңқырлар саны-13.

Сарыағаш ауданында жалпы жайылымдық жер көлемі 294 579 гектарды құрайды, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 1 673 636 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталды.

Аудан бойынша барлығы 644 217 бас (69 838 ірі қара, 18 641 жылқы, 555 738 уақ мал, 89 түйе) көлемі 294 579 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 49 384 бас (7 022 ірі қара, 3 355 жылқы, 39 006 уақ мал) мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталып, бордақыланады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Сарыағаш ауданында жалпы жайылым қажет ететін 584 833 бас малға көлемі 1 379 304 гектар жайылым жер жеткіліксіз екендігі байқалады.

Сарыағаш ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет.

Жайылым демекші, бұл мәселені аудан әкімі Арман Айдарұлы есеп берген аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері алдында да көтерілді. Есеп барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына тоқталып, 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы баяндама жасады.

Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық дербес бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында аудан басшысы өткен жылы барлық салада дамудың оң динамикасы қалыптасып, кейбір көрсеткіштер бойынша облыста көш ілгері тұрғанын жеткізді. Баяндама барысында әр саладағы жетістіктерге жеке-жеке тоқталып, елді мекендерде атқарылған жұмыстарды атап көрсетті.

Кеңес мүшелері тарапынан жиын барысында қоқыс тазалау, көпқабатты тұрғын үйлерге пандус орнату, электр жарығымен қамтамасыз ету, олимпиадалық мамандандырылған спорт мектебін ашу, шипажайлардың су қоры, жайылым жер мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, аудан әкімі тарапынан тиісті жауаптар берілді.

Сонымен қатар, жиында аудандық мәслихат төрағасы С.Тасқұлов атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Ибрагимова, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімшесінің басшысы Е.Тастемиров, аудандық мәслихаттың бас маман заңгері Ж.Турсынбай шешім жобасы мен қаулы жобаларын талқылау мәселелері бойынша хабарлама жасады.

Баяндамашыларға кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, сала басшылары тарапынан аталған сұрақтарға заң аясында тиісті жауаптар берілді.

Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің алдағы қызметі берекелі болуына тілек білдірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.