Түркістан облысы: Сарыағаш ауданы астық бастырып, жылыжай салып, агроөнеркәсіптің көрігін қыздырып тұр

Астықты алқаптардың бірі саналатын Сарыағаш ауданында бидай ору науқаны қарқынды жалғасу үстінде. Осынау науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен.

Дәл қазіргі таңда егістік алқаптарында тізілген комбайндар алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құю үстінде. Аудан диқандары жылдағыдай биыл да астық ору науқанынан зор үміт күтеді. Ағымдағы жылы Дарбаза ауылдық округі аумағындағы 15700 гектар жерге астық дақылдары себілген. Оның ішінде: бидай — 13700 гектар; арпа — 2000 гектар.

Бұл аталған жерлер ауылдық округте орналасқан 45 шаруа қожалығына және 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестікке тиесілі. Биыл ауа райының қолайлы болуына орай өнімділік гектарына 20-25 центнерден алынуда. Қазіргі таңда астық ору науқаны 80 пайызға орындалып отыр.

Жалпы, Дарбаза ауылдық округі бойынша жер көлемі – 77600,53 гектар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 69508,77 гектар. Оның ішінде: егістік жер – 21077,23 гектар, жайылым жер – 48431,54 гектар, елді мекен жерлері – 1420,96 гектар, елді мекеннің жайылым жерлері – 3975,59 гектар.

Астықтан бөлек Сарыағаш ауданының шаруалары да бүгінде өнім түрлерін түрлендіруді қолға алуда. Солардың бірі — Құркелес ауылдық округіне қарасты Еңкес елді мекенінің тұрғыны, «Ханкелді ата» шаруа қожалығының төрағасы Ә.Ханкелдиев.

Жеке кәсіпкер меншігіндегі жылыжайда баялды және болгар бұрышын егіп, бүгінгі таңда дайын өнімдерін еліміздің солтүстік өңірлеріне тасымалдап жатыр. Өнім көлемі: 25 тонна. Аталған шаруа қожалығы бүгінгі таңда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Аграрлы аудан ретінде Сарыағаш ауданының орны бөлек. Өңделетін жер көлемі, алынатын өнім көрсеткіші және шаруалар саны бойынша да көш басындағы аудандар қатарынан көрініп жүр.

«Шағын кәсіп — елге нәсіп» демекші, ерінбей еңбек еткен жандар ғана табысқа жететіні мәлім. Бүгінгі таңда ауданда шағын және орта бизнестің дамуына ерекше мән берілуде. Әсіресе, мемлекеттік гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспалдақ болып жатыр.

Осыған орай, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев аудандағы мемлекеттік грант алып кәсіп ашқан Жібек жолы ауылдық округі құрамындағы Зортөбе елді мекенінің тұрғыны Н.Аталованың жұмысымен танысты. Н.Аталова ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттік грант алып, үй іргесінен шағын наубайхана ашқан. Мемлекеттік грант керекті құрал-жабдықтар сатып алуына үлкен септігін тигізгенін айтады.

Қазіргі таңда нан өнімдеріне сұраныс бар екенін, тапсырыстарды орындап жатқандығын жеткізді. Бүгінде мұнда дәмі тіл үйіретін тәтті нан өнімдері дайындалу үстінде.

Содан соң, аудан әкімі Арман Абдуллаев Дихан баба елді мекеніне арнайы барып, М.Абельдинованың тігін цехымен танысты. Кәсіпкер «Назипа ана» тігін цехын ашып, грант қаражатына тігін машиналарын, оларға қажетті қосалқы бөлшектерін алып, кәсібін бастап 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде ол тапсырыспен ұлттық нақышта безендірілген көрпе-жастықтар, қыз жасауларын және басқа да қажетті дүниелерді тігеді. Бұл құрылғылар тігіннің ең қиын түрін де орындайды екен.

Сонымен қатар, аудан әкімі Арман Абдуллаев мемлекеттік грант алып қой шаруашылығын дамытып отырған Д.Садыковтың жұмысымен де танысты. Д.Садықов қой шаруашылығын дамытуды мақсат тұтып, мемлекеттік грант алып, асыл тұқымды «қисары» қой тұқымын сатып алған. Бүгінде үй іргелік қорасында мал басын көбейтіп кәсібін дөңгелетуде. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта мал кәсібін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

– Қазақта «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген қанатты сөз бар. Қой шаруашылығымен айналысу қазақтың қанында бар кәсіп қой. Тәуекелге бел буып бастаған кәсібіңізге береке берсін. Мемлекеттік гранттың пайдасы мол. Яғни, бұл — кәсіп бастауға қармақ. Ары қарай кәсіпті алып кету сіздердің еңбектеріңізге байланысты, — деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.

Азын-аулақ қаржының өзі шаруаның көзін тапқан кейбір отбасыларға біршама көмек болып отыр. Ең бастысы, ерінбей еңбек еткен жандар ғана табысқа жетіп жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп отыр.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың 6 айында жалпы 94 азамат мемлекеттік грант иегері атанды. Оның ішінде салалар бойынша: қызмет көрсету — 21; тамақтандыру — 12; ауыл шаруашылығы — 61.

Бұдан бөлек бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша арнайы қабылдады. Жеке қабылдауда алдын ала жазылған 34 тұрғынның мәселесі қаралды.

Жеке қабылдауға келген тұрғындар жолға шағал төсеу, күл-қоқыстарды арақашықтыққа орналастыру, инватакси және әлеуметтік көлікті көбейту, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға гигиеналық заттардың уақытылы берілмеуі, халыққа тиімді емдеу-оңалту орталығын ашу, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, жайылым жер, жерді заңдастырып беру, табиғи газбен қамтамасыз ету, көпқабатты тұрғын үйден пәтер беру, әлеуметтік көмек беру және басқа да жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.

Қабылдау барысында аудан басшысы Арман Абдуллаев әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берсе, бірқатар мәселені шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, әр мәселені жеке бақылауға алатындығын атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.