Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ауданның электр энергияларды өндіру саласына үлес қосып келе жатқан «Келесгидрострой» ЖШС-нің өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында «Келесгирострой» ЖШС-нің өкілдері аудан басшысына Қабланбек ауылдық округі, Ташқұлақ елді мекені Зах өзені бойынан су электр станциясының құрылысын жүргізу үшін жер телімін беру бойынша өтініш білдірді.
Осыған орай, аудан басшысы Арман Абдуллаев жер телімін беру бойынша «Келесгидрострой» ЖШС-нің өкілдеріне аталған елдімекенге барып, елдімекен тұрғындарымен қауымдастық жиынын өткізіп, тұрғындар тарапынан жер телімін су электр станциясының құрылысын жүргізуге келісімге тұрған жағдайда ғана жер телімін заңдастырып беруге кірісетіндігін жеткізді.
Айта кетсек, аталған станция іске қосылған жағдайда тәулігіне 4-4,5 МВт ток күшін өндіре алатын мүмкіншілігі жоспарлануда.
Сонымен қатар бүгін аудан басшысы Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласындағы Т.Қасымбеков көшесі №38 үй тұрғыны Ж.Сунакбаеваның тұрғын үйіне қатысты көтерген мәселесі бойынша арнайы барып, мәселенің мән-жайымен танысты. Қала тұрғыны Рамадан каналынан үйіне қарай су түсуіне байланысты қазір таңда үйінің апатты жағдайда тұрғанын аудан басшысына таныстырып өтті.
Аталған мәселе бойынша қала тұрғының алдында атқарылған жұмыстар жөнінде, атап айтқанда, 2022 жылы астау (лоток) салынғандығы және Т.Қасымбеков көшесінің жолын орташа жөндеуден өткізу мақсатында сметалық құжатамасы әзірленгендігі туралы Сарыағаш қала әкімі М.Доспулов пен аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкері бірге баяндап берді.
Осы орайда аудан басшысы Арман Абдуллаев тиісті бөлім басшыларына халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, жедел шешу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. «Тұрғындардың әрбір мәселесі — аудан басшысының назарында. Әрбір мәселенің оң шешімін табу жолында тынымсыз әрекет етілетін болады» — деді Арман Абдуллаев.
Бұдан бөлек бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласында жүргізіліп жатқан кәріздік тазарту қондырғысының құрылыс жұмыстарының барысымен де танысты.
Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі тиісті бөлім басшысы мен мердігер мекеме өкіліне құрылысты жүйелі түрде жүргізіп, сапалы аяқтауды тапсырды.
— Құрылыс жұмыстарына екі тарап та үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Себебі алдағы уақытта қаланың дамуын ескеретін болсақ, көп қабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйесіндегі мәселелерді шешуде нысанның орны маңызды. Сондықтан, құрылыс жұмыстары барысында ұсақ-түйектің бәрі ескерілуі қажет. Нысанның құрылысына жергілікті тұрғындарды тартып, жұмыс күшін көбейту маңызды, — деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Кәріздік тазарту қондырғысын салу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Бүгінгі таңда нысанның аумағын қоршау, кәріздік тазарту қондырғысының негізін дайындауға бетон құю, 6 дана сарқынды суларды жинауға арналған биологиялық тоғандарды дайындау құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты 2023 жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.