Түркістан облысы: Сарыағаш ауданы әкімінің халықпен кездесуінде қашыртқыларды тазалау, игерілмей жатқан жерлерді қайтару, ағын су мәселелері айтылды

Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.

Аудан басшысы наурыз айында кездесу барысында баяндаған жоспарлары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Атап айта кетсек, Бағыс елді мекеніндегі №23 Ғ.Мұратбаев атындағы 300 орындық мектеп құрылысы, ішкі көшелерді асфальттау, Бағыс елді мекеніндегі 4G мобильді интернеттің жылдамдығын жоғарылату және ауыз сумен қамтамасыз ету қазіргі таңда өзекті мәселелер болып келеді.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, асфальт жол салу, жұмыспен қамту, қашыртқыларды тазалау, игерілмей жатқан жерлерді қайтару туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып, заңға сәйкес тиісті жауап берді.

Кездесуден кейін, аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар жарықтандыру мәселесін көтерді. Аудан басшысы ауыл тұрғындарын қабылдау барысында ауыл әкімі мен тиісті мекеме басшыларына өтініштерді назарға алып, заңға сәйкес оң шешуді тапсырды.

Сонымен қатар аудан басшысы Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекеніндегі 300 орындық №23 Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстарының мән-жайымен танысты. Қазіргі таңда нысанның ішкі монтаж жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме өкілі жасалып жатқан жұмыстың жай-күйін аудан басшысына баяндады.Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне жылыту жүйесін көмірден газға ауыстыру және оны қосу жөнінде жұмыстар жүргізілуі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ аталған ғимарат балалардың болашағы үшін бой көтеріліп жатқан білім ордасы болғандықтан, бірінші кезекте сапалы болуы қажеттігін ескертіп, жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.

Мұнан соң бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындармен кездесудің ІІ тоқсанын Дербісек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесумен жалғастырды. Аудан басшысы Дербісек ауылдық округі тұрғындарының ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.

Кездесу барысында аудан басшысы наурыз айында баяндаған жоспарлары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын айтып өтті.

Қазіргі таңда Дербісек елді мекенінде ауыз сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы, жер танабын жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесі кезегіндегі тұрғындарға беру, ауылдық округі аумағынан елді мекен шегіне енген жерден «Жайлы мектеп» құрылысын жүргізу үшін жер телімін ажырату мәселелері көкейкесті болып тұр.

— Бүгін өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Мақсат — талаптарыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдау. Сіздердің әрбір өтініштеріңіз назарға алынып, алдағы уақытта бюджеттің мүмкіндігіне қарай тиісті жұмыстар атқарылатын болады, – деді аудан басшысы Арман Абдуллаев.

Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан аудан басшысына жарықтандыру, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, ағын су, мектепті күрделі жөндеуден өткізу, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, қашыртқыларды тазалау,көшелерді жарықтандыру мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, заң аясында тиісті жауаптар берілді.

Кездесуден кейін аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, кезең-кезеңімен шешілу жолдары қарастырылып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Орайына қарай бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекенінде жүргізіліп жатқан ауыз су құрылысы жұмыстарына арнайы барып, мән-жайымен танысты. Қазіргі таңда Дербісек елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мердігер мекеме «МЕЛИОРАТОР» ЖШС-і тарапынан ауыз су құбырларын тарту құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан басшысы Арман Абдуллаев мердігер мекеме өкіліне жүргізіліп жатқан су құбырларының жобаға сәйкес орналастыру қажет екенін ескертті.

Бұдан бөлек аудан әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округіне іс-сапары барысында жаңадан заманауи үлгіде салынып жатқан жекеменшік білім беру мектебінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

«Ауданымызда жыл санап жекеменшік зияткерлік мектептер саны артуда. Бұл көзқуантарлық жағдай. Бұл өз кезегінде мектептердегі білім сапасының артуының кепілі», — деді құрылыс нысанында болған аудан басшысы Арман Абдуллаев. Құрылыс жұмыстарымен таныстырған жеке кәсіпкер аудан әкіміне балаларға қажетті жағдай жасалатыны, сонымен қатар құрылыс нормаларына сәйкес жұмыстар жүргізілетінін айтып өтті.

Айта кетсек, жеке меншік мектептің құрылысы ағысдағы жылдың соңына дейін аяқталу жоспарлануда. Сондай-ақ, мектепте оқушылардың күні бойы мектепте сабақ оқуына, үй тапсырмаларын орындауына және үйірмелерге қатысуына жағдай қарастырылған.

Сонымен бірге бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тұрғындармен кездесуі Жемісті ауылдық округінде жалғасты. Тұрғындардың өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.

— Бүгін өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Сіздерге осы есепті кездесуге өз уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айтамын.Ең алдымен істелген жұмыстарды саралап, жоспарларды талқылаймыз. Жергілікті биліктің ең басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, — дей келе, аудан басшысы наурыз айындағы кездесу барысында баяндаған жоспарлары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

Дәлірек айтқанда, елдімекен көшелеріне электр бағаналарын қойып, электр желісін тарту және трансформатор құрылысын жүргізуге, елді мекені орталығында орналасқан ауыз су ұңғыма айналасын қоршау, Тың елді мекенінде интернет жылдамдығын көтеру мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап өтті.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, ауыз су құбырларын ауыстыру, дәрігерлік емхана салу,ауыз су тарифін бағасын төмендету мәселелері талқыланды.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, мәселелердің шешілу жолдарын қарастырып, заңға сәйкес тиісті жауап берді.

Осы ретте аудан басшысы Жемісті елді мекені Ә.Аппазов, Ақниет, Жемісті көшелеріне жүргізіліп жатқан электр бағаналары мен желілерін тарту, трансформаторларды жаңарту құрылыс жұмыстарының жағдайымен танысты.

Құрылыс жұмыстарымен танысу барысында аудан басшысы тиісті бөлім басшысына, ауыл округ әкіміне және мердігер мекеме өкілдеріне анықталған кемшіліктерді жөндеуді тездетуді және өз бақылауында ұстайтынын айтып өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.