Түркістан облысы: Сарыағаш ауданы әкімінің халықпен кездесуінде ауыл тұрғындары тарапынан таза ауыз сумен қамтамасыз ету мен тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру мәселелері бойынша сұрақтар қойылды

Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

— Өздеріңізбен арнайы жүздесіп, маңызды мәселені талқылау үшін келіп отырмын. Атқарушы биліктің негізгі мақсаты – аудан тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз ету, — деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.

Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан аудан басшысына таза ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, инфрақұрылым жүйесін жақсарту мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, заң аясында тиісті жауаптар берілді. Кездесуден кейін аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Бұдан бөлек бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округінің Қарақалпақ елді мекенінде салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылыс жұмыстарының басында болған аудан басшысы жауапты мердігер мекеме басшысына құрылысты сапалы мерзімінен кешіктірмей аяқтау қажеттігін ескертті. Қазіргі таңда нысанның іргетасы қаланып, ғимараттың шатыры жабылып, сыртқы қаптау жұмыстары аяқталып, терезелері де орналастырылған. Бүгінгі таңда нысанның ішкі әрлеу жұмыстары, кәріз жүйесі, жылу жүйесін орнату жұмыстары, қақпасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Медициналық нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылған соң бір ауысымда 25 азаматқа медициналық алғашқы көмек көрсете алады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тұрғындармен кезекті кездесуі бүгін Әлімтау ауылдық округінде де өтті. Кездесуде аудан басшысы аудан көлемінде әр саладағы көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқтала келіп, түйінді мәселелерді шешу жолдарын айтып өтті.

Одан кейін жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісіп, ауыл тұрғындарымен бірге өзекті мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.

Кездесу барысында «Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауыл мәселесін сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Алдағы уақытта да ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасатын болады», — деді Арман Абдуллаев.

Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар көпірді күрделі жөндеуден өткізу, табиғи газбен қамтамасыз ету, таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы мәселелерді көтерді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев әрбір тұрғынның сұрағын жауапсыз қалдырмай, барлық сұраққа жеке жеке тоқталып, заң аясында жауап берді. Жиыннан соң ауыл жұрты жеке мәселелері бойынша әкім қабылдауында болып, түйіткілді мәселелердің түйіні тарқатылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.