Бүгін Сарыағаш ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Тимур Қырықбаев арнайы іссапармен келді. Алдымен Тимур Қырықбаев «AMANAT» партиясы Сарыағаш аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.
Аудан әкімінің орынбасары А.Қозыбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Т.Оспанов, облыстық мәслихат депутаттары А.Салимов, Ж.Абдибаев, Ж.Сүлейменов, У.Рахиев және аудандық мәслихат депутаттары, аудандық партия филиалының төрағасы Қ.Қыстаубаев қатысқан кездесу барысында тұрғындар өздерін мазалаған жеке мәселелерін айтып, халық қалаулысына сауалдарын жолдады.
Ауданға арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі депутаты азаматтардың өтініш, тілектерін тыңдап, шағымдардың шешімін өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Содан соң, Парламент Мәжілісі депутаты аудан әкімдігінің мәжіліс залында Р-1 каналы бойынша құрылған жұмысшы топ мүшелерімен «дөңгелек үстел» өткізіп, ұсыныс пікірлерін ортаға салды.
Сонымен қатар, ҚР Парламент Мәжіліс депутаты Тимур Қырықбаевтың жұмыс кестесі бойынша аудандағы медицина саласы қызметкерлерімен кездесу және Дербісек елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен танысу, сондай-ақ Құркелес ауылдық округіне қарасты Береке елді мекеніне барып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін жолға қойып азаматтарды жұмыспен қамтыған Ж.Султанмурадованың кәсіпкерлігімен танысты. Танысу барысында Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі депутаты Тимур Қырықбаев ерекше кәсіп түрін қолға алған жеке кәсіпкердің жұмыс барысын көріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жеке кәсіпкер Ж.Султанмурадова ағымдағы жылы мемлекеттік грант алып, эпоксидті шайыр бұйымдарын жасауда. Атап айтсақ, сағат, ыдыстар және тағы басқа үйге, кеңсеге арналған заттар. Аталған кәсіп түрі Сарыағаш ауданында жаңадан ашылғандықтан, үлкен сұранысқа ие. Кәсіп дегеннен шығады, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындаруын құру бағытында берілген тапсырмаға сәйкес аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш ауданнының кәсіпкерлерімен бірге Қытай Халық Республикасына арнайы іс-сапармен жолға аттанды.
Аталған іс-сапардың негізгі мақсаты – ауданның экономикалық дамуы бойынша халықаралық тәжірибе жинақтап, Сарыағаш ауданына енгізу, халықтың әл-ауқатын көтеру, ірі кәсіопорындарын ашу болып табылады.
Іс-сапар бағдарламасына сәйкес, делегация жұмыс жоспары алғашқыда Урумчи қаласында орналасқан минералды тыңайтқыш өндіретін зауыттың тарихымен және өндіріп жатқан өнімнің жетістіктерімен тансудан бастау алды, келесі бағыт әр түрлі тамақ өнеркәсібіне арналған құрал-жабдық жасап шығаратын зауытқа барып өнімдерімен танысып, құрал-жабдықтардың тізімімен бағаларын алу. Әрі қарай күніне 25 дана ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығаратын зауыттың жұмысымен танысу. Содан соң Түркістан облысынан келген делегация Чжэнчжоу қаласында бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпорын жұмыстарымен танысады.
Сонымен қатар ауданға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Иса Қазыбек да жұмыс сапарымен арнайы келіп, аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев пен 100-ге жуық аудан тұрғыны қатысты.
Парламент Мәжілісі депутаты ең алдымен алғы сөз сөйлеп, бүгінгі таңда партияластарымен бірге қандай шешімдер қабылдап жатқаны жайында сөз қозғады. Кездесу еркін форматта өтіп, аудан тұрғындары Парламент Мәжілісі депутаты Иса Қазыбекпен пікір алмасты.
Иә, жазғы демалысқа шыққан депутаттар қазіргі таңда жер-жерде өз сайлаушыларымен кездесулер өткізіп жүр. Осы мақсатта Шардара ауданының тумасы, ақын, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Шардара өңіріне де іссапармен келді.
Аудандық мәдениет сарайында өткен халықпен кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев жүргізіп отырды. Кездесудің мақсатын түсіндіріп кеткен Бауыржан Қуанышбайұлының сөзінен соң Қазыбек Жарылқасынұлы сөз алып, Парламент қабырғасында жарты жылда атқарған жұмыстар мен қабылданған заңдар туралы егжей-тегжейлі баяндап өтті.
Депутаттың дәйекті сөздеріне ризашылық білдірген шардаралықтар кездесу барысында өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, таза ауыз сумен қамту, орталық кітапханаға жаңа ғимарат салу, туризмді дамыту, темір жол желісін тарту, ардагерлер туралы заңнаманы жетілдіру, мақта шаруашылығына жеңілдіктер жасап, өндіріс орындарын ашу және басқа да мәселелер көтерілді.
Өз кезегінде Қазыбек Жарылқасынұлы қойылған сұрақтардың барлығына жан-жақты жауап беріп, заңнамалық өңдеуді қажет ететін мәселелерді алдағы жұмыс үшін жазып алды.
Сондай-ақ, республикалық деңгейде көтерілетін мәселелерге баса назар аударып, оңтайлы шешілуіне ықпал жасайтындығын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.