Тарқатып айтсақ, Сауран ауданына 2024 жылдың 9 айында 42,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 21 жоба іске қосылып отыр. Оның 12-сі өңдеу өнеркәсібі бағытында болса, 9 жоба әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл туралы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен облыс орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылығы саласына инвестициялық құны 116,1 миллиард теңгені құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 миллиард теңгені құрайтын 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2024 жылдың 9 айында ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,6%-ға артқан. Өңірлік өнімнің 75%-ы — ауыл шаруашылығы, 11,6%-ы — өнеркәсіп, 10,3%-ы — құрылыс және 3,1%-ы — сауда саласының үлесінде» — деді аудан басшысы.
Инвестиция демекші, кеше ғана ауданда «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасының маңыздылығы түсіндірілді. Дәлірек айтсақ, Сауран аудандық прокуратурасының бастамасымен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кездесу өтті. Шараға Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков, Сауран ауданының прокуроры Ғалымжан Құдайқұл, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, аудан кәсіпкерлері, тағы да басқа қонақтар қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ашып, жүргізіп отырды.
Кездесудің мақсаты проблемалық мәселелерді талқылау және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталды. Шара аясында «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасы түсіндірілді. Жоба инвесторларға мемлекеттік органдар тарапынан салынатын тыйымдар және шектеу шараларын қамтиды. Жобаның басты мақсаты — инвестициялық жобаларды прокурорлармен сүйемелдеу тетігін жетілдіру және профилактиканың тиімді құралдарын енгізу болып табылады. Жиын барысында инвесторлар бизнес ахуалдың жақсарғанына тоқталып, өңірдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асуы бойынша мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, Мақсат Асылбекұлы аудан көлемінде өндірістік алаңдар құрылатынын жеткізді. 2024-2026 жылдары ауданға қарасты Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ал 2026 жылдан бастап қалған 7 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылмақ. Олардың қатарында 13 жиһаз жасау цехы, 19 құрылысқа қажетті материалдар өндіретін цех, 2 тамақ өнімдеріне қажетті материалдар, 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін және 1 тігін цехы бар.
Атап өту керек, бүгінде Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатыр. Өнеркәсіптік аймақтарды салу және дамыту бағытында басымдық берілуде. Ауданда 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды.
Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады.
Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.
Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндіріс алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.
Сонымен қатар, ауданда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 3 қабатты 24 пәтерлі жалпы саны 16 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін 48 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Коммуналдық сала бойынша, жыл басынан бері ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43,3%-ды құраған. Биыл Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 31 ішкі көшеге, яғни 39,4 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталғанда елді мекен жолдарының жақсы және қанағатты жағдайы 70%-ға жетпек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.