Түркістан облысы: Сауран ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында 74 жоба қабылданып, 73 миллион теңгеге 14 жоба қаржыландырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда жуырда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттарын түсіндірді.

Бүгінде Сауранда жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары ашылып жатыр. Атап айтқанда, ауданда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 4 дана арнайы техника сатып алуға қаражат бөлінді. Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді мекенінің тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Аталған мәселені шешу үшін 243 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталып, нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 43 тұрғын үй ауыз сумен қамтылмақ. Сонымен қатар, Аша елді мекенінде халық саны көбейіп, 300 оқушыға арналған мектепте 812 оқушы білім алып жатыр. Тұрғындардың сұранысы бойынша 600 орындық мектеп құрылысын жоспарлап, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына енгізілді. Келер жылы пайдалануға берілмек.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруалар өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бойынша 6 бағытта несие алып жатыр. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Ораңғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінде 74 жоба қабылданып, 73 миллион теңгеге 14 жоба қаржыландырылды, 11 жоба кепілдік шартын тіркеу сатысында тұр.

Ауданда 7 кооператив құрылды. Биыл 11 миллиард 332 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 миллиард 460 миллион теңге құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, балық шаруашылығын дамыту, балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма салынады. Мақта майын өндіру цехын ашу жоспарланған. Мал азығын дайындайтын цех салынып, жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы іске асырылады. Жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

«Ауыл аманаты» демекші, саурандық кәсіпкер жеңілдетілген несие алып, 20 жылқыны бордақылап отыр. Анығырақ айтсақ, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы Сауран ауданының Ораңғай ауылында сәтті жүзеге асуда. Жоба арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендер қатары күн санап артып келеді. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі несиені мал шаруашылығына алуда. Солардың бірі — жылқы бордақылау ісін қолға алған Есімхан Досжанов. Ол алдымен «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнесті жүргізудің қыр-сырын үйренген. Кейіннен «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға өтінім беріп, 7 миллион теңге көлемінде несие алған. Аталған сомаға Батыс Қазақстан облысынан 20 бас қарабайыр жылқы алып, мал бордақылауға кіріскен.

Орайы келгенде тілге тиек еткен жөн, биыл 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін түбегейлі жаңғыртуға байланысты нақты жоспарларды белгілеп берді.

«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.

Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.

Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек.

Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн.

Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек.

Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал.

Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн.

Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді.

Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.

Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз.

Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн.

Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек.

Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс» — дейді Президент Тоқаев.

Иә, расында да, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып не дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында 3 220 жоба қаржыландырылады. 3500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

АЕК алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды. «Ауыл аманатын» іске асыру ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі — бюджет қаражаты жұмсалмайды. Кепіл қажет емес, пайыздар жоқ. Республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба белсенді атсалысып, табыс табуға шақырамын, – дейді өңір басшысы Дархан Сатыбалды.

Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысатын болады. Есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ.

Пилоттық жобаны Түркістан облысында жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылған. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінген.

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ — на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 13,9 миллиард теңге құрайтын 2 248 жобаға өтініш қабылғандан. Оның ішінде, жалпы соммасы 9 миллиард теңгені құрайтын 1 611 жоба мақұлданып, 4,6 миллиард теңге құрайтын 852 жоба қаржыландырылды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданының тұрғындарымен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Жаңа жобаның мүмкіндіктерін түсіндіріп, тиімділігін тізбектеп берді.

— Өздеріңізге белгілі, облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Биыл облысымызда «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Жаңа жоба біздің өңір үшін өте маңызды. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған. Біз өзімізге берілген бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек, — дейді облыс әкімі.

«Жеке кәсіппен айналысып, кооператив құрамын» дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар.

Айта кетейік, бұған дейін, «Ауыл аманаты» жобасы пилоттық режимде Жамбыл облысында алғаш жүргізіліп, оң нәтиже берген. Жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауылшаруашығы мен егін шаруашылығын дамытып, оларды өңдеу, жеткізу, сату барлығын жүргізіп отырған кәсіпкерлердің саны артты.

«Ауыл аманаты» жобасының өзі де Қазақстан Республикасының Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды.

Жобаның негізгі ережелері мен несие беру шарттары «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2022 жылғы 26 шілде №314 бұйрығымен бекітілген.

Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен 11,0 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, қосымша 8,7 миллиард теңге қаржы берілді.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде.

Несиелендіру 6 БАҒЫТТА жүзеге асырылатын болады: 

  • Өсімдік шаруашылығын дамыту;
  • Мал шаруашылығын дамыту;
  • Құс шаруашылығын дамыту;
  • Балық шаруашылығын дамыту;
  • Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау;
  • Тұрғындардың өз кәсібін ашу.

Жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін — 8 625 000 теңгеге дейін;

Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері үшін — 27 600 000 теңгеге дейін;

Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі — 2,5%;

Несиенің шекті мерзімі – 84-60 айға дейін;

Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.

«Ауыл аманаты» пилоттық жобасына қатысушы ретінде Сауран ауданына қарасты 4 ауылдық округ таңдалды. Атап айтқанда: Оранғай, Қарашық, Майдантал, Ескі Иқан ауылдық округтері.  Бүгінгі күнге, 7 кооператив құрылды.

 «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 175 жоба қабылданып, оның ішінде Қарашық ауылдық округі бойынша құны 349,4 миллион теңгені құрайтын 45 жоба, Оранғай ауылдық округі бойынша құны 193,0 миллион теңгені құрайтын 37 жоба, Ескі Иқан ауылдық округінен 158,6 миллион теңгені құрайтын 25 жоба және Майдантал ауылдық округінен 91,1 миллион теңгені құрайтын 12 жоба несие комитетімен мақұлданды. Жалпы, Сауран ауданы бойынша бүгінгі күнге 360,5 миллион теңгені құрайтын 67 шаруа несие рәсімделді.

 «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмыстар Сауран ауданында қарқынды түрде жалғасуда.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin