Түркістан облысы: Сауран ауданында Жеңіс күні “Даңқ” мемориалына гүл шоқтары қойылды

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына — 79 жыл. Осыған байланысты Сауран ауданының тұрғындары 9 мамыр Жеңіс күнін айрықша атап өтті. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының басшысы Ділмұрат Нұржанов пен зиялы қауым өкілдері және ауданның әскери сынып жетекшілері қатысты.

Аудан орталығында орналасқан “Ардагерлер аллеясында” болашақ ұрпаққа бейбіт күн сыйлау үшін жат жерде ажал құшқан батыр бабалардың рухына тағзым етіліп, арнайы “Даңқ” мемориалы мен Кеңес Одағының батыры Қ.Рысбековтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Жастары ұлғайғанымен, жанарларынан қайсарлықтың лебі есіп тұрған ардагерлер кездесіп, ерлерімізді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Адамзат тарихындағы сұм соғыста өрлік, қайсарлық пен өжеттіктің жарқын үлгісін көрсеткен аға ұрпақтың ерлік ісі – кейінге үлгі. Сондықтан бүгінгі ұрпақ оларды ерекше қастерлейді, ұлық тұтады. Даңқты ерлікке мәңгілік құрмет көрсетеді.

Ардагерлерге құрмет демекші, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының 2023 жылғы 25 желтоқсанындағы 327-Ө бұйрығына сәйкес, 2024 жылға Сауран ауданына «Ардагерлер үйі» және «Мейір» ардагерлер үйі демалыс орындарына 320 жолдама бөлінген. 2024 жылдың наурыз айынан бастап «Ардагерлер үйі» демалыс орны уақытша жұмысын тоқтатқан. Қазіргі таңда зейнеткерлер «Мейір» ардагерлер үйіне жолдануда. Алдағы уақытта зейнеткерлер «Ардагерлер үйі» демалыс орны жұмысын жалғастырғаннан соң бекітілген жоспарға сәйкес жолдамамен қамтылады.

Аудан көлемінде жалпы 7990 ардагер мен зейнеткерлер бар. 2021-2024 жылдар аралығында 2771 өтініш қабылданып, 1001 зейнеткерге санаторлық емдеу курорттарына жолдама берілді. Қалған 1770 зейнеткер кезек реттілігі бойынша жолдантын болады.

Санаторлық — курорттық емделуге жолдама алу өз кезегі бойынша жүргізіліп жатқандығын хабарлаймыз. Кезекке тұру үшін Сауран ауданы әкімдігі ғимаратында орналасқан, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келіп, жеке куәлік пен зейнетақы кітапшасы көшірмелерін тапсырады.

Толық мәлімет алу үшін төменде көрсетілген байланыс нөміріне хабарласа аласыз: +7775-931-62-92.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin