Түркістан облысы: Сауран ауданында аурулардың алдын алу мәселесі талқыланды

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен аудан көлемінде «Аса қауіпті және инфекциялық аурулардың алдын алу», «Балаларды профилактикалық егумен қамту» бойынша арнайы құрылған штаб отырысы өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары мен мамандары және тиісті сала өкілдері қатысты.

Жиналыстың күн тәртібіне сәйкес, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нүрділла Мырзагелдиев аса қауіпті инфекциялық құтыру және сарып ауруының, вирусты гепатит А және қызылша ауруының алдын алу бойынша санитарлық-профилактикалық ісшараларды және егумен қамту көрсеткіштері және иммунопрофилактиканы ұйымдастыру жұмыстарына талдау бойынша баяндама жасады.

Атап өтейік, жұқпалы аурулар — зардапты вирустардың, микоплазмалардың, хламидийлердің, риккетсиялардың, спирохеталардың организмге еніп, онда өсіп-өну және өмір сүру салдарынан туатын аурулар. Жұқпалы аурулар бактериялардан және басқа организмдерден (жанды денелерден) пайда болады, олар организмге аса зиянды. Олар әр түрлі жолдармен тарайды. Бактериялар, инфекция туғызатын басқа да көптеген организмдердің ұсақтығы соншалықты, оларды микроскопсыз кере алмайсыз, ал арнаулы құралмен қарағанда сол зәредей зат үп-үлкен болып көрінеді. Ал вирус тіпті бактериядан да ұсақ.

Жұқпалы ауруларды кейде тек «инфекция» деп те атайды. Олар:

  • Ішек аурулары;
  • Жоғарғы тыныс жолдары аурулары;
  • Қан немесе трансмиссивті аурулар ;
  • Сыртқы қабықтардың аурулары болып бөлінеді.

Ішек аурулары (мысалы, А-гепатиті) вирус ас қорыту жолдарына ауыздан кіріп, ішектен нәжіспен бірге шығады.

Тыныс жолдары ауруында шырышты қабықтар зақымданады және организмге вирус: ауамен кіреді.

Қан немесе трансмиссивті аурулар (әртүрлі энцефаломиелиттер, гемаррагиялық безгектер) аурудан сау адамға және жануарларға қан; сорғыш насекомдар арқылы беріледі, кейде қосалқы көмекшілері болады, көбінесе табиғи-ошақты болып келеді.

Сыртқы қабықтардың аурулары (құтыру, аусыл, делбе) жанасудан, қарым-қатынаста болудан тарайды. Вирустардьң организмде өсіп-өну және шоғырлану ерекшеліктеріне сай оларды ошақты және жалпы деп бөледі.

Біріншісінде қоздырғыштардың әсері тек енген жерде көрінеді, ол сол жерде есіп-өнеді (мысалы ішекте, не тыныс жолдарында). Екіншісінде вирустар енген жерінде көбейіп, денеге тарайды да, басқа ағзаларда екінші үлкен ошақ құрайды (шешек, қызылша, полиомиелит). Аурудың мерзімінің ұзақтығына, белгілерінің көрінуіне және қоздырғыштың сыртқы ортаға шығып тұруына байланысты олар жіті және созылмалы болып бөлінеді. Жітілері тез жазылады, вирустан да тез құтылады. Ал созылмалысы біресе айығып, біресе қайталап көпке созылады. Өз алдына бір бөлек түрі — баяу ауру. Бұл түрінде вирус организмде көпке дейін сақталып, ауру ұзаққа созылады және клиникалық белгілері көмескілеу болады. Ал ауру белгілерінің мүлдем болмайтын түрін инаппаранттык деп атайды. Мұнда организмнен ауру қоздырғышы, шығып кетеді де, иммунитет пайда болады. Аурудың латентті (жасырын) деген де түрі бар. Онда вирус организмде өте ұзақ уақыт өмір сүреді.

Жұқпалы аурулардың түрлері қандай?

Жұқпалы аурулар инфекциялық аурулар (латынша «іnfectіo» – жұқтыру):

  1. тірі организмдерге ауру тудырушы микроорганизмдердің (бактерия, риккетсия, вирус, саңырауқұлақ) енуінен пайда болатын кесел;
  2. осы аурулардың белгісі мен даму барысын зерттеп, оның дәл диагнозын қойып, емдейтін клиникалық медицинаның арнайы бір саласы.

Жұқпалы аурулар туралы деректер ертеден белгілі болған. Ежелгі грек ғалымы Гиппократ, ортағасырлық ғалым Әбу Әли ибн Сина өз еңбектерінде кейбір аурулардың науқас адамнан, жануарлардан жұғып, тез таралатыны, оған көзге көрінбейтін “миазмалар” себепкер болатыны туралы айтқан. 15-ғасырда жазылған Ө. Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты еңбегінің қолжазбасында дерттің пайда болуын адам денесіне құрттардың (көзге көрінетін және көрінбейтін) енуімен түсіндірген. 19-ғасырда бактериология, микробиология және иммунология ғылымдарының дамуы Жұқпалы ауруларды толық зерттеуге мүмкіндік берді. Әсіресе, француз ғалымы Л.Пастер, неміс микробиологы Р.Кох (1843 – 1910), орыс ғалымдары И.И. Мечников (1845 – 1916), Н.Ф. Гамалея (1859 – 1949), т.б. еңбектерінің маңызы зор болды.

Жұқпалы аурулар пайда болуының факторлары туралы айтсақ.

Жұқпалы аурулар пайда болуының үш факторы бар:

  1. ауру қоздырғышы (микроб),
  2. сыртқы орта және
  3. қабылдаушы сезімтал организм.

Ауру қоздырғышына әр түрлі патогенді микроорганизмдер (мысалы, бактерия, вирус, саңырауқұлақ, қарапайымдылар, риккетсия, микоплазма, хламидия, т.б.) жатады. Бұлар адам организміне әр түрлі жағдайда енеді. Мысалы, іш сүзегі, паратиф, дизентерия, т.б. – су, тағам, шыбындар арқылы; тұмау, қызылша, дифтерия, т.б. – ауру адамнан; әр түрлі тері дерттері – ауру адам мен жануарлардан; бөртпе сүзек, кене энцефалиті, безгек – сау адамға ауру адамнан (жануарлардан) қан сорғыш буынаяқтылар (мысалы, бит, безгек масасы, кене, т.б.) арқылы; сондай-ақ құрсақтағы анасының қанымен жұғады.

Жұқпалы аурулар қалай бөлінеді?

* жасырын (инкубациялық),

* күмәнді (продромалдық),

* ауру дамуы және

* айығу (реконвалесцениттік) кезеңдерінен тұрады.

Әрбір кезеңнің өту мерзімі аурудың түріне, организмнің жағдайына байланысты болады. Жалпы Жұқпалы ауруларға шалдыққан адамдарға ортақ белгі: селсоқтанып мазасы кетеді, дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, ұйқысы қашады. Бауыр мен талақтың ісінуі мүмкін. Осындай ерекше белгілеріне қарай іш сүзегін тырысқақтан, безгекті бөрте сүзектен, т.с.с. ажыратуға болады.

20-ғасырда диагноз қою, емдеу және одан сақтану әдістерінің жетілдіруіне байланысты жұқпалы аурулардың кейбір түрлері жойылды. Бірақ микроорганизмдердің эволюциялық даму өзгергіштігінің, әлеуметтік, экология, ғұрып-дәстүрлік, т.б. себептердің нәтижесінде жұқпалы аурулардың жаңа түрлері пайда болды. Мысалы, жүре пайда болатын иммундық тапшылық синдромы, гепатиттің ерекше түрлері, т.б.

Жұқпалы аурулардың белгісі білінісімен-ақ санитарлық-эпидемиология стансаларға хабарлануы тиіс. Науқас адам ауруханаға алынып, аурудың түріне қарай емделеді. Жұқпалы аурулар клиникалық медицинаның арнайы бір зерттейтін саласы болғандықтан – бактериология, вирусология, иммунология, эпидемиология, паразитологиямен тығыз байланысты.

Аса қауіпті инфекциялар (АҚИ) немесе жұқпалы аурулар – бұл жұқпалылықтың жоғары дәрежесімен сипатталатын аурулар. Олар кенеттен пайда болады және тез таралады, ауыр клиникалық көрініспен және өлімнің жоғары дәрежесімен сипатталады. Аса қауіпті инфекцияларға екі сипаттамаға сәйкес келетін адамның жіті жұқпалы ауруларының шартты тобы жатады: — кенет, тез және жаппай таралуы мүмкін; — ауыр өтеді және өлім деңгейі жоғары. Оның ішінде сібір жарасы, туляремия, Конго-Кырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба, құтыру, листериоз, лептоспироз, бруцеллез сияқты аурулар бар. Бүкіл мемлекет бойынша аурулардың таралуын болдырмау үшін АҚИ профилактикасы жоғары деңгейде жүргізіледі. Алғашқы профилактикалық шаралар кешеніне мыналар кіреді: жұқтырғандарды одан әрі госпитализациялаумен уақытша оқшаулау; диагностика, кеңес шақыру; анамнез жинау; науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсету; зертханалық зерттеулер үшін сынама материалы; байланыстағы тұлғаларды анықтау, оларды тіркеу; байланыста болған адамдарды олардың инфекциясы жойылғанға дейін уақытша оқшаулау; ағымдағы және қорытынды дезинфекцияны жүргізу. Инфекция түріне байланысты алдын алу шаралары әртүрлі болуы мүмкін. Егер нақты қауіп төнсе, карантин енгізіледі. Таралу қаупі төнген кезде халықты иммундау жүргізіледі. Сонымен, аса қауіпті инфекциялар – бұл жұқпалылығы жоғары болатын өлімге әкелетін инфекциялар. Ең қысқа мерзімде олар халықтың көп бөлігін жұқтыруға қабілетті, сондықтан ауру жануарлармен және құстармен жұмыс істеу кезінде барлық сақтық шараларын сақтау, сондай-ақ уақтылы вакцинациялау өте маңызды.

Келесі мәселе. Алдын алу шараларының кешені ретінде профилактика көптеген аурулардың пайда болуына жол бермейді. Бірқатар кеселдерден вакциналау арқылы қорғануға болады. Бұл жағдайдағы ең бастысы – қай кезде қандай екпелерді салу керектігін білу. Екпелердің дүркінділігі, ықтимал жанама әсерлер және екпелерден бас тарту кезіндегі қауіп туралы айтсақ.

Ең әуелі белгілі бір тұрғындар тобына (төменде көрсетілген) арналған міндетті екпелердің барлығының жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен тегін салынатынын білгеніңіз жөн.

Жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы жоспарлы егу төмендегі тұрғындар тобына жүргізіледі:

* жасы профилактикалық егуді жүргізудің белгіленген мерзіміне сәйкес тұлғалар (екпе күнтізбесі бойынша);

* жұқпалы аурулардың табиғи ошақтарында тұратын, жұмыс істейтін тұрғындар (көктемгі-жаздық кене энцефалиті, түйнеме, туляремия, оба);

* кәсіби қызметінің түрі бойынша қатер тобына жататын тұлғалар:

— медицина қызметкерлері («В» вирусты гепатиті, тұмау);

— кәріз және тазарту қондырғыларының қызметкерлері (іш сүзегі);

* өзінің денсаулық жағдайына байланысты қатер тобына жататын тұлғалар:

— ағзасына қан құйылған («В» вирусты гепатиті);

— медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар (тұмау);

* медицина қызметкерлері, балалар үйінің, сәбилер үйінің балалары, қарттар үйінің тұрғындары (тұмау);

* кез келген жануардың қабуына, түкірік шашуына душар болған тұлғалар (құтыру);

* тері жабындары мен шырышты қабықтардың бүтіндігінің бұзылуына байланысты жарақат, зақым алған тұлғалар (сіреспе);

* жұқпалы ауруларға шалдығу деңгейі жоғары аймақтарда тұратын тұлғалар; оларды вакциналау эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі («А» вирусты гепатиті, тұмау, қызылша, қызамық, індетті паротит).

Балаларға салынатын екпелер

Егуді қандай да бір жасқа толуына байланысты жүргізу керектігіне қарамастан, емшектегі балаларды егу мерзімін сәбидің төтемелілік жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, емдеуші дәрігер анықтайды. Бала ағзасының «екпелік аурумен» жеңіл түрде ауырып тұруға, сөйтіп бөгдедене қорғаныс заттарын қалыптастыруға дайын болатын сәтін дөп басудың маңызы зор.  Егер де балаға егуді белгіленген мерзімнен бұрын жүргізсе, оның төтемелілік жүйесі дұрыс «жауап бере» алмайды, ал кешіктірсе, осы уақыт ішінде баланың ауырып қалу қаупі бар.

Балаларға арналған екпені отандық және шетелдік вакциналармен жүргізуге болады, бастысы, олар тіркеліп, Емдік дәрі-дәрмектердің, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың ұлттық сараптама орталығының сертификаты берілген болуы тиіс.

Екпені медициналық мекемелердің арнаулы кабинеттерінде жүргізген абзал, өйткені вакциналар сақтаудың белгілі бір ережелерін талап етеді.

Түрліше вакциналардың жанама әсерлері мен асқынулары әр түрлі болып келеді. Қызудың орташа деңгейде көтерілуі, инъекция орнының ауыруы секілді реакциялар айтарлықтай жиі кездеседі. Балалар ұзақ жылап, олардың тәбеті төмендеуі әбден мүмкін.  Екпе жүргізілгеннен кейін баланың, айталық, тітір пайда болған жағдайда жылдам медициналық жәрдем алуы үшін, кемінде 30 минуттай бақылауда болғаны дұрыс.  

Көкжөтелге, дифтерия мен сіреспеге қарсы егу жүргізгеннен кейін баланың қызуы көтеріліп кетсе, алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл дәрінің әсер етіп жатқанын білдіреді.  
Егер сәбидің егілу мерзімі асып кеткен болса, құрдастарын ол жалпы ережелер бойынша «қуып жетеді». Мәселен, «В» гепатитіне қарсы екпе салынбағандарға ол былай жасалады: алғашқы шара, бір айдан кейін екіншісі, ал тағы 5 айдан соң – үшіншісі.  

Екпелер ата-аналардың немесе олардың орнындағы адамдардың рұқсатымен жасалады. Салынған барлық екпелер туралы мәліметтер міндетті түрде оның амбулаториялық картасына немесе егу төлқұжатына енгізіледі. Нәтижесінде амбулаториялық карта немесе егу төлқұжаты баланы балабақшаға немесе мектепке қабылдау кезінде көрсетіледі. Әрбір білім беру мекемесінің өзіндік қабылдау ережелері бар: бір жерлерде егу төлқұжатының болуы міндетті болса, ал келесілерінде – оларды көрсету міндетті емес. Бірақ кейбір жағдайларда егу төлқұжатының және екпе салынғандығы туралы белгінің болмауы балаңызды мектепке немесе балабақшаға қабылдаудан бас тартуға себеп болуы мүмкін.

Қызметкерінің есебінде болады және мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс: препараттың салынған күні, препараттың атауы, сериясының нөмірі, мөлшері, бақылау нөмірі, жарамдылық мерзімі, препаратты енгізуге көрсетілген реакцияның сипаты, өндіруші ел. Екпелер туралы мәліметтер амбулаториялық карталар немесе егу төлқұжаттарынан басқа мынадай құжаттарда кездесуі мүмкін:  

* балаларда – профилактикалық екпелер картасы, (063/у нысаны), баланың даму тарихы (112/унысаны), баланың медициналық картасы (026/у нысаны), амбулаториялық науқастың медициналық картасына жасөспірімге жасалған салым парағы (025-1/у нысаны), жаңа туылған сәбилерге профилактикалық егулер есебінің журналы (перзентхананың) — 064-1/у нысаны, вакцианлар қозғалысы журналы — 064-2/у нысаны, жаңа туған нәрестенің даму тарихы (097 / у нысаны);

* ересектерде — амбулаториялық науқастың медициналық картасы (025/у нысаны), профилактикалық егулер есебінің журналы (064/у нысаны).

Ересектерге арналған екпелер

Екпелердің көптеген бөлігін бала кезде алу керектігі баршамызға мәлім.  Егер белгілі бір себептермен 16 жасқа дейін егілмеген болсаңыз, оны қазір жасауға еш кедергі жоқ.  Ересектерге көбіне-көп қызылшаға, паротитке, қызамыққа, А және В гепатиттеріне, дифтерияға, сіреспеге және полиемелитке қарсы вакциналану ұсынылады. Аталған кеселдерге қарсы егуді белгілі бір мерзімділікпен алу керек.

Кейбір екпелерді басқаларымен бір күнде салғызуға болады. Егер де ағзаңызды вакциналауды ойлаған болсаңыз, онда ересектерге арнап кеңес етілген профилактикалық екпелер күнтізбесін қадағалап отырғаныңыз жөн.  

Бұған қоса, саяхатшылар мен қандай да бір жағдайларға байланысты жануарларға қатысы бар адамдарға басқа екпелер жасалуы керектігін айта кеткен орынды.

Қосымша нақты қандай екпелер жасату керектігі туралы шешім дәрігермен бірге қабылданады.  

Сөзімізді қорытындылай келе, егу шараларының маңыздылығы жайлы мынадай статистика арқылы айтқымыз келеді: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, полиомиелитке, сіреспеге, дифтерияға, көкжөтелге, қызылшаға және эпидемиялық паротитке (шошқаборыққа) қарсы жоспарлы иммундау жыл сайын әлемдегі 3 миллион баланың өмірі мен денсаулығын құтқарады. Болжам бойынша, алдағы 5-10 жыл ішінде әзірленетін жаңа вакциналар көмегімен жылына тағы 8 миллион баланың өмірін құтқарып қалуға болады.

Жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ауылдық округтерге күн тәртібіндегі айтылған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin