Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы үшінші апталықта көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары «Жасыл аймақ» жоспарланған болатын.
Осыған орай, Сауран аудандық білім бөліміне қарасты №2 жалпы білім беретін мектеп Бәйтерек балабақшасында ұжыммен бірге сенбілік жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды. Осы іс-шараға Түркістан облысының білім басқармасының білім беруді дамыту орталығының директоры Төлімбет Бақытжан Нұрмаханбетұлы, ауданның білім бөлімінің басшысы Ақмарал Үсенқызы және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдаров Нұралы Турдиевич ауданның білім беру ұйымдарының басшыларымен бірге тал егуге қатысты.
Іс-шараның мақсаты – облыс тұрғындары арасында қоғамдық мәдениет деңгейін арттыру арқылы республикалық деңгейдегі акцияға қолдау көрсету және де өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке, патриоттық тәрбиеге баулудың қоршаған ортаны таза ұстауғдың белгісі болып саналады.
Сонымен қатар осы күні «Таза Қазақстан» акциясының «Жасыл аймақ» апталығының аяғында Түркістанда ауқымды экологиялық іс-шара өтті. Тарихи шаһар кезекті рет жасыл желекпен толықтырылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жібек жолы» саябағында көпшілікпен бірге көшет егіп, тұрғындарды экобелсенді болуға шақырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы науқандық емес, тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Біз өңірімізде көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырамыз. Қоршаған ортаны таза ұстау, экологияны жақсартуға үлес қосу – бәріміздің парызымыз. Бүгін отырғызған көшеттеріміз жайқалып өсіп, жазда тұрғындар мен қонақтарға сая бола берсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Экоакцияға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат депутаттары, медицина мен білім мекемелері, полиция және төтенше жағдай қызметі өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Сонымен бірге «Шапағат» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, оқушылар, студенттер, жергілікті футболшылар, құрылысшылар, тазалыққа жауапты мекеме жұмысшылары, Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Қазақстан темір жолы» мекемесінің өкілдері де белсене атсалысты. Саябақ аумағына 100-ден аса ағаш көшеті отырғызылды.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы өте жоғары деңгейде жалғасып жатыр. Үш апта көлемінде мыңдаған көшет отырғызылып, елді мекендер мен көшелер тазаланды. «Киелі мекен» апталығында қасиетті орындар мен ескерткіштер маңы тазаланып, туристік нысандардың ажары ашыла түсті.
Атап өтейік, Түркістан облысында тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Облыс әкімі аппаратының апталық отырысында өңір басшысы Дархан Сатыбалды тазалық пен абаттандыру мәселелерін шешудің жаңа жоспарын әзірлеуді ұсынды. «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге көшесін, ауылын таза ұстаған тұрғындарды ынталандыру мәселесін көтерді. Мысалы, әлеуметтік нысандар мен жолды бірінші кезекте тазалық талаптарын сақтаған елді мекендерге салып беру және де ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеді.
– Тазалық пен абаттандыру – жыл он екі ай тоқтаусыз жүретін жұмыстар. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Өңірдегі барлық мемлекеттік, бюджеттік, жеке меншік, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, жалпы мекемелердің бәрінің басшылығына тиісті ұсыныс берілсін. Әр мекеме ұжымы өздері тұратын нысанды сәндеп, жан-жағын көгалдандырып, тазалық жұмыстарын атқарсын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімдері өздері басқаратын аумақтағы мекемелер қызметкерлерін, тұрғындарды тазалық акциясына шақырсын. Жұмысты үйлестірсін. Бұл – бір. Екіншіден, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын науқанмен шектемей, проблемаларын анықтап, жүйелі түрде шешуіміз керек. Коммуналдық мекемелер құру, оларды қаржыландыру жұмысы жандансын, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясының үш аптасында атқарылған істерге тоқталды. «Таза өлке» науқанында 4352 шақырым көше бойлары және 120 мың шақырым аяқжолдар тазаланды. Бұдан бөлек, 608 шақырым өзен, көпір, канал бойлары және 1380 көпқабатты тұрғын үйлер аулалары тазаланған. Жалпы 1225 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 14571 адам, 692 техника тартылды. «Киелі мекен» апталығында 226 ауқымды іс-шаралар өткізіліп, тарихи-мәдени орындар тазартылды. Осы жұмыстарға 22251 адам, 496 техника тартылып, 1410 тонна қоқыс шығарылды. «Жасыл аймақ» науқанында 153 мыңнан аса ағаш көшеті егіліп, 175 мыңға жуық ағаш әктеліп, бұталды. Сондай-ақ 346 саябақ пен сквер, 731 балалар ойын алаңшасы акция аясындағы жұмыстармен қамтылды. Жалпы 22 мыңнан аса адам, 477 техника тартылып, 983 тонна қоқыс тазартылды. Акцияның ауқымдылығын қамтамасыз ету үшін, салалық басқармаларға нақты тапсырмалар беріліп, 775 діни мекеме, 912 білім беру орны, 853 денсаулық сақтау, 46 спорт және 853 мәдениет мекемесі науқанға атсалысқан.
Өңірдегі республикалық жолдардың 80% немесе 555 шақырымы тазартылды. Облыстағы 1 270 аялдаманың 1 004-і ретке келтіріліп, 79%-ға орындалды. Осы салада жауапкершілік пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында, Полиция департаменті тарапынан жыл басынан бері 6539 шаралар қолданып, жалпы көлемі 80 млн. теңгеден аса айыппұл салынған.
Тазалық жұмыстарын жандандыру үшін ұсыныстар енгізілді. Бүгінде өңірде санитарлық тазалық бағытында 5 925 адам қызмет көрсетеді. Оның ішінде: 1 665-і КММ жұмысшылары болса, қоғамдық жұмыспен 4 260 адам тартылған. Талдау көрсеткендей, қоғамдық жұмысшылар әр ауылдық округке 5-10 адамнан бөлінген, бұл адам саны сапалы тазарту жұмыстарын жүргізу үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты әр аудандағы жалпы жұмыс күшін жинақтап, құрамы 50-100 адамды құрайтын 2-3 ірі топтарға бөлу ұсынылды. Сәйкесінше, бұл топтарды тиісті техника және жеткілікті құрал жабдықтармен қамту, бөлінген ірі топтардың 1 айлық тазалық кестесін бекіту туралы да ойлар айтылды.
Коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қаржы көлемін ұлғайту, техникалармен қамту, елді мекендердің тазалығын сақтауға жұмысшылар мен техника санын көбейту мәселелері де көтеріліп, тиісті ұсыныстар хатамаға енгізілді. Бұл бағытағы жұмыстар зерделеніп, іс-шаралар жаңаша форматта жүйеленбек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.