
Өрт тұтану қаупі басым маусымның басталуына байланысты Сауран ауданында табиғи аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өрттің алдын алу бағытында нақты жұмыстар қолға алынды.
Атап айтқанда, аудандық маңызы бар жол бойларына өрттің таралуын шектеу мақсатында арнайы минералды жолақтар жыртылды. Жалпы ұзындығы 119 шақырым болатын минералды жолақ аудан бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына жүргізілді. Бұл жұмыстарға 8 ауылдық округтен 8 арнайы техника жұмылдырылды.
Минералды жолақтар құрғақ шөп пен жанғыш материалдардың жан-жағына оттың таралуына тосқауыл болады. Аудан әкімінің тапсырмасымен өртке бейім аумақтар алдын ала анықталып, жоспарлы түрде өңделді.
Сонымен қатар, тұрғындар мен мекемелер арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Аудан әкімдігі тұрғындарды өрттің алдын алу шараларын қатаң сақтауға және күдік тудыратын жағдайлар байқалған жағдайда бірден жауапты органдарға хабарлауға шақырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.