ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өңірлердің һәм елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын көтеру жұмыстары жалғасып келеді. Осы ретте Түркістан облысының Сауран ауданына қарасты Ораңғай ауылында № 41 өрт сөндіру депосының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, азаматтық қорғау оргектарндарының ардагерлері және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Өңір басшысы көпшілікті құттықтады.
– Түркістан облысының төтенше жағдайлар қызметкерлерінің материалдық-техникалық жарақтануы облыс әкімдігінің назарында тұр. Тұрақты қолдау көрсетілуде. Бұл өрт сөндіру бекетінің орны айрықша. Себебі, мұнда арнайы экономикалық аймақ құрылып, өндіріс орындары ашылады. Бүгін тапсырылған бекетке осы зауыттар мен кәсіпорындардың, жақын маңдағы елді мекендердің өрт қауіпсіздігін сақтау міндеті жүктеліп отыр. Бұл міндетті абыроймен атқаратындарыңызға сенімдіміз! – деді Дархан Сатыбалды.
Жаңа өрт сөндіру депосы «Turan» арнайы экономикалық аймағында салынды, ол аталған аймақ пен жақын орналасқан елді мекендердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жергілікті бюджет есебінен салынған бұл өрт сөндіру депосы төрт өрт сөндіру көлігімен қамтылған. Екі қабатты өрт сөндіру депосында өрт сөндірушілер үшін барлық жағдай жасалған. Оқу сыныбы, демалыс, жатын, ас бөлмесі, спорт және конференция залы, техникалық үй-жайлар, сондай-ақ жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру үшін оқу-жаттығу мұнарасы қарастырылған.
Жаңа өрт сөндіру депосында 50 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Аталған өрт сөндіру бөлімі заманауи өрт сөндіру техникаларымен қамтамасыз етілген. Жаңа өрт сөндіру депосы өрт сөндірушілердің қызмет атқару және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты шара жаңа депоның аумағына ағаш отырғызу рәсіміне ұласты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.