Түркістан облысы: Сауран ауданында жайылымдық жер мәселесі оңтайлы шешілуде

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Өз сөзінде «Мен жайылымдық жер мәселесіне ерекше нараз аударғым келеді. Бұл жерлер бірінші кезекте ауыл тұрғындарына қол жетімді болуы керек» деп, мәселенің маңыздылығын нақтылаған. Бүгінгі таңда Сауран ауданында жайлымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүруде. Атап айтқанда, «Қолжетімді жайылым» жобасы аясында аудан прокуратурасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесе іс-шаралар жоспары әзірленіп, әрбір елді мекенді жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары дайындалып, қажетті жайылым жер телімдері қайтарылуда.

Бұл ретте аудан прокуратурасы арқылы ауыл тұрғындарының ауыл маңындағы жайылымға деген мұқтаждықтарын шешу мақсатында енгізілген қадағалау актілерінің нәтижесінде Жаңа Иқан ауылдық округінде 4072,2 гектар/29, Майдантал ауылдық округінде 3 788,2 гектар /27, Жібек жолы ауылдық округінде 12 350 гектар /52, Оранғай ауылдық округінде 1 274 гектар /23, Бабайқорған ауылдық округінде 1 147 гектар /6, Иассы ауылдық округінде 1 022 гектар /7, Ескі Иқан ауылдық округінде 7 935 гектар /167, Шаға ауылдық округінде 14 853 гектар /103, Үшқайық ауылдық округінде 4 920 гектар /18, Жүйнек ауылдық округінде 4 462 гектар /38 мемлекет қорына қайтару туралы аудан әкімінің қаулысы шығып, ортақ жайылымға енгізілуде (жалпы алаңы 55 950 гектар /471 ортақ жайылымға алынуда).

Ағымдағы жылдың аяғына дейін аудан прокуратурасы арқылы елді мекендерді жайылыммен толық қамтамасыз ету жоспарлануда. Жайылым жер телімдерін қайтару аудан прокуратурасының ерекше бақылауына алынған.

Айта өтейік, биыл жыл басында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, ҚР Жер балансына сәйкес жайылымдық жерлер 183,4 млн га құрайды, оның ішінде:

– 82,4 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер;

– 63,9 млн гектар босалқы жерлер;

– 21,2 млн гектар елді мекендерге іргелес жерлер;

– 15,9 млн гектар басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).

Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет.

Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Мысалы, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16%-ды құрады. Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 млн гектарды құрауы мүмкін.

Республиканың 17 облысының ішінен жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста жайылымдардың тапшылығы байқалады, әсіресе, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында.

«Жайылымдардың жетіспеушілігі орын алып отырған уақытта елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бірінші орында тұруы тиіс. Осыған байланысты, өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп», — деді Е. Қарашөкеев.

Ведомство басшысы осы жұмыстың маңызды аспектісі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 9 тамыздағы жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастауы, сондай-ақ жерлерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдірудегі жұмыстар екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін қосымша 5 млн гектар пайдаланылмайтын жерлерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісті.

Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ғарыштық мониторинг деректері негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша 2023 жылға арналған жоспарды әзірледі және осы жоспарды аудандар бөлінісінде облыстар бекітті.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп осыы жылдың 16 қаңтарында мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисті әзірлеп, іске қосты. Осылайша, жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар болады. Және де жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарды қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болады.

Сонымен қатар интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық процестерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасын алуға оң әсер етеді деп күтілуде.

«Жергілікті халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында кешенді шаралар қабылдау қажет. Бүгінгі таңда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 млн гектардан асады, оның 29,3 млн гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде», — деді Е. Қарашөкеев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілді, бұл республиканың 272,5 млн га аумағының 75%-ын құрады. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлерін қамтиды, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтермен толтырылып, жергілікті халықтың жайылымдарға байланысты проблемалық мәселелерін шешу үшін жерлердің жемшөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтитын болады.

«Қажетті ақпарат көлемі бар цифрлық ауыл шаруашылығы картасы 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізу үшін негіз болады», — деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Жергілікті атқарушы органдар жергілікті халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін жайылымдармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы шеңберінде ұйымдасқан шаруашылықтардың жүктелмеген жайылымдарын қайта бөлуге бағытталған 1 немесе 2 жыл мерзімге Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеуде және бекітеді.

Бүгінгі таңда жоспарланған 188 Жайылымды басқару жоспарының 148-нің күші бар. Осылайша, қазіргі уақытта Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспардың мерзімі аяқталып, оларды қайта бекіту бойынша әкімдіктермен жұмыстар жүргізілуде.

Халықты жеке ауладағы жайылымдық жерлермен қанағаттандыру мақсатында 2022 жылы жергілікті атқарушы органдар мынадай шаралар қабылдады:

  • іргелес жатқан босалқы жерлерді елді мекендердің жерлеріне қосу арқылы жалпы алаңы 421,2 мың гектар елді мекендердің шекаралары кеңейтілді;
  • босалқы жерлерден 2,4 млн гектар жергілікті халыққа қайта бөлінді;
  • 22,7 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын жайылымға трансформациялау жүзеге асырылды;
  • 325,5 мың гектар халықтың жайылымдардағы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін алып қойылды;
  • 1,2 млн гектар жер резервке қойылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.

Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі Заң жобасы әзірленді, ол қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында және ағымдағы жылдың 18 қаңтарында екінші оқылымға шығарылады.

Заң жобасы бірқатар елеулі түзетулер енгізуді көздейді, мәселен:

– жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту;

– меншігінде жайылымдық және шабындық алқаптары бар адамдардың елді мекендердің жерлерінде заңсыз шөп шабу және мал жаюы мәселесі бойынша жауапкершіліктерін белгілеуі және т. б.

Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі осы түзетулерді осыжылдың 1 жарты жылдығына дейін қабылдау үшін барынша күш салуда.

Жалпы республика бойынша ауыл тұрғындарының мал басын жайылымдармен қамтамасыз етуде оң динамика байқалады.

Соңғы 2 жылда прокуратура органдарымен және әкімдіктермен бірлесіп атқарылған шаралар, жергілікті тұрғындардың жайылым тапшылығын 8,9 млн гектарға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрінің пікірінше, әкімдіктерге:

осы бағыттағы жұмысты күшейту және қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау;

  • Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспарды бекіту жұмыстарын жеделдету және оларды жергілікті жерлерде сапалы іске асыруды қамтамасыз ету;
  • жердің одан әрі тозуын болдырмау үшін, оның ішінде біржылдық және көпжылдық дақылдарды егу арқылы жайылымдарды түбегейлі және үстірт жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізу;
  • жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.