Түркістан облысы: Сауран ауданында жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқынды жүріп, жаңа аллеяның құрылысы басталды

Сауран ауданында жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров үш қабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңына барып, жұмыстардың барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен уақытында аяқталуы маңызды екенін атап өткен әкім өз кезегінде мердігер компания өкілдерімен кездесу өткізді.

Мақсат Таңғатаров құрылыс алаңында жұмысшылармен сөйлесіп, жоба бойынша жоспарланған мерзімдер мен сапа талаптарының сақталуын қадағалауды тапсырды. Ол тұрғын үйдің аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Сонымен қатар, құрылыс материалдарының сапасына ерекше көңіл бөлініп, жұмыс барысында барлық экологиялық және қауіпсіздік стандарттарының сақталуына назар аудару керектігін атап өтті.

Үш қабатты тұрғын үй ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жоба болып табылады. Жаңа тұрғын үй кешенінде заманауи қажеттіліктер ескеріле отырып, барлық жағдайлар қарастырылған: ыңғайлы пәтерлер, тұрақты жылыту, ауызсу және электр қуаты сияқты маңызды инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, тұрғын үйдің айналасында балалар алаңы мен жасыл аумақтар да қарастырылған.

Жоба толық аяқталғаннан кейін жаңа тұрғын үй Сауран ауданында тұратын азаматтар үшін жайлы әрі заманауи өмір сүру ортасын ұсынатын болады. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталуы жоспарланып отыр. Аудан әкімі тұрғын үйдің құрылысын үнемі бақылауда ұстап, оның сапасы мен мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.

Айта өтейік, жалпы облыста құрылыс саласы қарқынды дамуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылы 407,5 миллиард теңгені құрады. 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды.

2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 320,2 миллиард теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 132,6%-ды құрады. Өңірдегі пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 788,2 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,7%-ды құрады. Осы жылдың соңына дейін 500 мыңға жуық шаршы метр 219 көпқабатты үйді тапсыру көзделген. Соның нәтижесінде, кезекте тұрған жалпы 5 мыңға жуық отбасының баспана мәселесі шешілетін болады.

Ал Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. «Жаңа қала» шағын ауданы пайда болып, онда заманауи көпқабатты тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Жаңа тұрғын үй салу кезінде қаланың сәулеттiк келбетін сақтау үшiн құрылысқа қойылатын белгіленген талаптар, яғни, шығыс үлгісінде болуы және биіктігі 7 метрден аспауы қадағаланады. Түркістан қаласында бой көтеретін әрбір құрылыс нысандарының сәулеттік жобасы тұрақты түрде Түркістан қаласының «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде келісуден өткізіліп, құрылыс нысандарының сәулеті тұрақты бақылауда болады.

Жалпы, «Түркістан облысында жыл соңына дейін 400-ден астам нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр», — деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Нақтырақ айтсақ, биыл өңірде Ұлттық қор, республикалық және облыстық бюджет есебінен 485 нысан құрылысын жүзеге асыруға 129,9 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 418 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 67 нысанның құрылысы 2025 жылға өтеді.

Атап айтқанда, білім беру саласында 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылына Қазығұрт ауданында 2 мектеп, Отырар және Төлеби аудандарында 2 мектеп, жалпы 4 білім беру ұясы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 10 нысанның құрылысы аяқталады. Қалған 7 нысан құрылысы 2025 жылы аяқталады.

Сонымен қатар 94 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, облыстық бюджет есебінен құрылысы жүргізілген 3 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, өңірде 8 әкімшілік ғимарат бой көтеруде. Бүгінгі таңда 3 нысан пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 3 ғимарат құрылысы аяқталмақ. Қалған 2 нысан 2025 жылға өтпелі.

Облыс аумағында құрылысы басталған 12 мәдени нысанның 4-і осы жылы ел игілігіне пайдалануға берілмек. Қалған 8 ғимараттың құрылысы келесі жылы аяқталады.

Сондай-ақ аймақта 23 спорт нысанының құрылысы қолға алынып, оның 3-і пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 11 жобаны аяқтау жоспарланған. Қалған 9 нысан келесі жылы пайдалануға тапсырылады.

Ауыл шаруашылығы саласында 8 нысан құрылысы жоспарланған.

Облыс аумағында 2 469 пәтерлі, жалпы ауданы 66,0 мың шаршы метрді құрайтын 221 үйдің құрылысы басталған. Жыл қорытындысымен арендалық тұрғын үй кезегінде тұрған 2 469 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету көзделуде.

Жайлы мектептерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша биыл тапсырылатын 29 мектептің 4-і қамтылған. 25 мектептің құрылысына 4,9 миллиард теңге қаржы қаралып, жұмыстар 100% аяқталған.

Түркістан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі биыл 343 миллиард теңгеге жетіп, өсім 131 пайызды құрады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, аудан, қалаларда арендалық және ипотекалық баспаналар салынуда. Нәтижесінде кезекте тұрған 5 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешілмек. Сонымен бірге әлеуметтік нысандар жұмысы қарқынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндаған болатын.

– Облыста демографиялық өсім жоғары. Қосымша 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізілуде, – деді Дархан Сатыбалды.

Мектептердің 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Нәтижесінде мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмек. Биыл алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектептерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 193 мектеп ағымдағы жөндеуден өтсе, 107 мектептің жылыту жүйесі газға ауыстырылды. 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 миллиард теңгеден астам қаражатты бағытталған. 330 мектеп жоғары жылдамдықты «Starlink» спутниктік интернет технологиясымен қамтылды.

Өңірімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысан соғылуда. Бұдан бөлек 4 ауруханаға күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен бірге мәдениет, спорт және өзге де әлеуметтік нысандар салынып жатыр.

Ең маңыздысы, биыл елде құрылыс көлемі ұлғайып, баспаналы болған азаматтардың қатары артып отыр. Үкімет отырысында саланы дамыту мәселесі де жан-жақты қаралды. Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін жаңадан 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салу міндетін қойған. «Бұл міндет жүйелі негізде және кезең-кезеңмен орындалуға тиіс», – деді Үкімет жетекшісі Олжас Бектенов. Үкімет құрылыс секторын одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша шаралар қабылдады.

Кейінгі жылдары тұрғын үй саясатын реформалау жайы жиі айтылып келеді. Ол үшін арнайы заң да әзірленіп, қабылданды. Әрине, бұның бәрі баспанасыз жүрген халықты үй-жаймен қамтудың қамы. Биыл Үкімет қосымша ынталандыру шараларын іске қосты. Алайда Үкімет басшысының айтуынша, бұл қолдау құралдарының барлығы бірдей тиімді әрі толыққанды қолданылып отырған жоқ. Алдымен баспана кезегін күткендердің тізімін қайта қарау тапсырылған.

«Маңызды міндет – баспана кезегінде тұрғандардың қолданыстағы тізімін жаңарту. Мен тізімдерді түгендеп, бір жүйеге келтіруді тапсырған болатынмын. Бірақ бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан оны тездету керек. Баспана кезегінде шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек» — деді ҚР Премьер-министрі.

Сонымен, биыл елде 18 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 44%-ке жоғары және құрылыс саласындағы рекорд саналады. 11 айда өңірлерде 16,3 миллион шаршы метр үй салынды. Жыл соңына дейін тағы 1,7 миллион шаршы метрі тапсырылады. Биыл баспана құрылысына қаржыландырудың барлық көзі есебінен 965 миллиард теңге қарастырылған. Бұл 160 мыңнан астам тұрғынның қоныстойын тойлауына мүмкіндік береді.

«Осал топтарға қолжетімді құралдарды ұсынуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл мемлекеттік қаражат есебінен 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алу үшін 336 миллиардқа жуық теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 165 миллиард теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы 10 мыңнан астам кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр» — дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Сонымен қатар жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық несие рәсімдеуге мүмкіндік артты. Осы жылдың мамыр айында іске қосылған «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасын 1 желтоқсанға дейін 6600-ден астам адам пайдаланып, өз баспанасының кілтін иеленді.

«Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бойынша 68 700 ұсыным берілді. Келесі жылы бағдарламаға қатысушылардың депозитін 2 миллион теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды тездетеді. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы бөлу процесін тездетуді ұсынамыз. Аталған бағдарлама жас отбасылар арасында сұранысқа ие» — дейді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Құрылыс көлемі ұлғаюмен қатар сапа да назардан тыс қалмауы керек. Ереже бұзу, тапсыру мерзімін кешіктіруге қатысты шағымдар азаймай тұр. Премьер-министр жаңа Құрылыс кодексінің жобасында бақылауды күшейту, саланы цифрландыру шаралары көзделгенін айтты. Сондай-ақ бұдан былай азаматтар үшін түрлі тәуекелдің алдын алу мақсатында үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігі енгізіледі.

«Тағы бір өткір проблема үлестік құрылыстағы заң бұзушылық болып отыр. Көптеген құрылыс компаниялары заң талаптарын айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартуды жалғастырып келеді. Олармен ешқандай кепілдік берместен шартқа отырады. Министрлік депутаттармен бірге үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтауы қажет» — дейді Олжас Бектенов.

Алдағы 5 жылда еліміздің құрылыс саласына 200 мыңнан астам маман қажет. Жауапты министрліктер кадр даярлау мәселесіне қазірден бастап қамдануы қажет. Құрылыс саласында отандық материалдардың үлесін көбейту көзделеді. Жаңа ипотекалық бағдарламалар елдегі тұрғын үй құрылысының артуына серпін берді. Бүгінде бұл саланың ел экономикасындағы үлесі 5,6%-ті құрайды. Құрылыс саласында 53 мың кәсіпорын, 670 мың адам еңбек етеді.

Орайы келгенде тілге тиек етер тағы бір қуанышты жаңалық, Сауран ауданының орталығында жаңа аллеяның құрылысы қарқынды түрде басталып, тұрғындар үшін жаңа демалыс аймағының негізі қалануда. Жоба ауданның көркін арттыруға және тұрғындарға жайлы тынығу мүмкіндігін ұсынуға бағытталған.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жаңа аллеяның құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Әкім құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, мердігер компания өкілдеріне жұмыстарды уақытында әрі сапалы орындау керектігін ескертті. Ол сондай-ақ, аллеяның жасыл желекпен көмкерілуі, серуендеу жолдарының жасалуы және тұрғындар үшін барлық қолайлылықтың қамтамасыз етілуі маңызды екенін атап өтті.

«Бұл жоба ауданымыздың көркеюіне үлес қосып, тұрғындарға жаңа демалыс орны болмақ. Аллеяның құрылысы аяқталғаннан кейін бұл жерде тек қана тұрғындардың серуендеуі ғана емес, сонымен қатар мәдени іс-шаралар өткізуге де мүмкіндік тумақ», — дейді Мақсат Таңғатаров.

Жаңа аллеяда балалар алаңы, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, көгалдар мен ағаштар отырғызылып, тұрғындардың сергектік пен демалыс үшін қажетті барлық жағдайлар жасалатын болады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың бірінші тоқсанына дейін толық аяқталып, аудан тұрғындарына жаңа тынығу аймағын сыйламақ. Аудан әкімі өз сөзінде аллеяның сәулеттік дизайнын да жоғары бағалап, ауданның эстетикалық келбетінің жақсаруына зор әсер ететінін айтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin