Шойтөбе елді мекенінің тұрғындары үшін ұялы байланыс қызметінің сапасы жақсарды. Бұған дейін тек 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған ауылға енді «Кселл» АҚ операторы 4G стандартындағы ұялы байланыс орнатты.
Шойтөбе елді мекенінің ұялы байланыс қызметін жақсарту мақсатында «Activ» байланыс операторы тарапынан жұмыстар жүргізілген болатын. Сонымен қатар, ауылда ұялы байланыс операторларының инфрақұрылымын дамыту үшін техникалық тексерулер мен сигнал деңгейін анықтау шаралары да атқарылды. 2024 жылдың 29 мамырында «Кселл» операторының қызмет көрсету аймағын кеңейту және ауылды сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөнінде қосымша өтініш жолданған.
Осы жұмыстардың нәтижесінде, «Кселл» АҚ Шойтөбе ауылдық округінде базалық станциясының 4G желісін орнату жұмыстарын толық аяқтады. Қазіргі таңда Шойтөбе елді мекені жоғары жылдамдықты интернетпен және жоғары сапалы 4G ұялы байланысымен қамтылды. Бұл жергілікті тұрғындардың байланыс қызметтерін пайдалануға үлкен мүмкіндіктер береді.
Енді Шойтөбе тұрғындары ұялы байланыс арқылы интернетті жылдам әрі сапалы пайдалануға, сонымен қатар, мобильді қызметтерді кеңінен қолдануға қол жеткізеді.
Аталмыш мәселе түнеугүні Сауран ауданы әкімі аппаратының кезекті мәжілісінде де күн тәртібінде қаралды. Жиынға аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен басқа да мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды:
Алғашқысы, отбасының цифрлық картасының Д және Е санаттағы отбасылар санын төмендету бойынша жоспарының орындалуы. Мәжіліс барысында отбасының цифрлық картасын өзектендіру бойынша жұмыс нәтижелері талқыланды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек бұл картаның басты мақсаты — мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтап, олардың жағдайын жақсартуға бағытталған қолдау көрсету екенін атап өтті. Осы мақсатта Д және Е санатындағы отбасылар санының төмендеуі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Қазіргі таңда әлеуметтік көмек көрсету процесін бақылаудың тиімді жүйесі енгізілді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік көмекке мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтауға және олардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Екіншісі, мемлекеттік қызмет көрсету мен интернет байланысының сапасын арттыру жайы. Бұл ретте мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және интернет байланысының сапасын жақсарту мәселесі де көтерілді. Жиында аудандық цифрландыру бөлімінің басшысы электронды қызметтердің қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу үшін қажет инфрақұрылымдық өзгерістер мен жаңартулар туралы мәлімдеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде интернет байланысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қолға алынған.
Үшіншісі, аудан көлемінде төтенше жағдайдың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар. Осы орайда төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі мәжілісте қатаң талқыланды. Аудандық төтенше жағдайлар саласына жауапты маман аудан көлемінде табиғи және техногендік төтенше жағдайларға дайындық жұмыстарын баяндады. Қыс мезгілінің жақындауына байланысты қар құрсауынан сақтану, өрт қауіпсіздігі, су тасқыны және басқа да қауіптерге қарсы алдын алу шараларының орындалуы туралы айтылды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлар кезінде халықты ақпараттандыру және құтқару қызметтерімен үйлесімді жұмыс істеу бойынша жоспарлардың орындалуы айтылды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі барлық бөлім басшылары мен мемлекеттік қызметкерлерді өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауға шақырды. Әрбір көтерілген мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріліп, атқарылатын жұмыстардың тиімділігі мен сапасы үнемі бақылауда болатындығы атап өтілді.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Ауданымыздың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін әрқайсымыздың үлесіміз маңызды. Барлық бастамалар мен жоспарлар нақты жүзеге асырылуы қажет. Әрбір қызметкер өз саласы бойынша жұмысты жедел әрі сапалы атқаруы тиіс», — деп мәлімдеді.
Атап өтерлігі, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысына қарасты елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында жол картасы әзірленген. Осы ретте облыстық Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының ықпалымен өңірде интернет сапасын жақсарту және интернет базалық станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде.
— 2024 жылға байланыс операторлары өз қаражаты есебінен 132 елді мекенде базалық станция орнату жоспарланған. Қазіргі таңда 21 шалғай елдімекенде интернет базасы іске қосылды. Қалған 111 елдімекенге антенна-мачталық құрылыс жайлары салынып, интернет базасы орнатылды. Жыл соңына дейін толық іске қосу жоспарлануда. Ал мемлекеттік бюджет есебінен қосымша 66 ауылдық елді мекенде антенна-мачталық құрылыс жайлары салынуда, — дейді басқарма басшысы Марат Айнабеков.
Оның сөзіне сенсек, Түркістан облысы аумағындағы 829 ауылдық елді мекеннің 690-ында 4G және 3G мобильді интернет желісі бар. Қалған 139 елді мекеннің 100-і 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған. Ал 39 елді мекенде ұялы байланыс мүлдем жоқ.
Қазіргі уақытта орталық атқарушы органдар тарапынан «Қолжетімді ғаламтор» ұлттық жобасы аясында елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамту жүргізілуде.
«Түркістан облысы аумағына тиесілі 650 шақырым республикалық және негізгі облыстық жолдарды толығымен мобильді интернет желісімен қамту мақсатында қосымша 14 базалық станция орнату үшін «Кселл» АҚ-мен келісімшарт жұмыстары жүргізілуде, — дейді басқарма басшысы. — Одан бөлек, өңірдегі Түркістан қаласы әкімдігі, «Конгресс Холл» сарайы, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, «Фараб» кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы, Керуен сарай, Түркістан қаласының әуежайы және «Rixos» қонақ үйі сияқты маңызды туристік нысандарында 5G мобильді интернеті іске қосылған. Сонымен қатар, Түркістан облысына қарасты 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған».
2024 жылдың алғашқы кезеңінде 132 елді мекенде интернет қосу базалары орнатылды, олардың ішінде 111 елді мекенде жұмыстар толық аяқталды. Әр елді мекенде орнатылған антенналық-діңгек құрылыстары арқылы интернет жылдамдығы мен сапасы едәуір жақсарған. Бұл шаралар операторлардың инвестициялары және мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша ұлттық жоба 3 мыңнан астам ауылды кеңжолақты интернет желісімен қамтуды жоспарлап отыр. Жоба аясында 1,5 трлн теңге бөлінген, оның көп бөлігі жеке инвесторлардың есебінен қарастырылған. Сонымен қатар, 2027 жылға дейін ел бойынша жоғары жылдамдықты интернетпен қамту деңгейін 100%-ға жеткізу көзделуде.
Мұндай бастамалар Түркістан облысындағы ауылдардың экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартып, цифрландыру саласындағы аймақтың дамуына ықпал етеді. Алайда, кейбір аудандарда интернет сапасына қатысты мәселелер әлі де шешілмеген, бұл жобаның әрі қарай іске асырылуына ықпал етуі тиіс.
Түркістан облысының тұрғындары интернетті негізінен білім алу, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу, қаржылық операциялар жүргізу және әлеуметтік желілерде белсенділік таныту үшін кеңінен пайдаланады.
Айталық, білім беру және мемлекеттік қызметтер қазіргі таңда интеренет желісіне толықтай байланған. Облыс аумағындағы 911 мектеп интернетке қосылған, бұл оқушылар мен мұғалімдердің онлайн ресурстарға қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге және электронды банк жүйелеріне қолжетімділік ауыл тұрғындары үшін өте маңызды, әсіресе, шалғай аймақтарда.
Ал жергілікті тұрғындар «Instagram», «Facebook» сияқты платформаларда белсенді. Аймақтағы туристік нысандарда, оның ішінде Түркістан қаласының «Rixos» қонақүйі, «Керуен сарай» және әуежайында 5G интернеті қосылған. Бұл туристер мен жергілікті кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік
Тұрғындар арасында интернетті қолдану қарқыны артуда, бірақ шалғай аймақтарда кейбір мәселелер әлі де шешілмеген. Жоспарланған ұлттық жобалар бұл қиындықтарды шешуге бағытталған.
Сондай-ақ жыл басынан бері Бәйдібек ауданы, Қазығұрт, Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы, Сайрам ауданы, Төлеби, Түлкібас, Сауран аудандарындағы шалғай ауылдарға интернет базалары орнатылды.
Түркістан облысының аумағында орналасқан елді мекендерді жоғары жылдамдықты үй жағдайындағы интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы саладағы жұмыстар мен мәселелер қазан айының ортасында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланған-ды.
– Біз тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және ауылдардың әлеуетін арттыру үшін бар мүмкіндікті қарастыруымыз керек. Әсіресе ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту қажет. Бұл экономикалық, білім беру, медициналық және ғылыми салалардың дамуына елеулі ықпал етеді деп санаймын. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерде байланыс желілерін бірден орнатуды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. Ол өңірді ғаламтормен қамту бағытындағы жұмыстар мен мәселелерді атап өтті.
Өңірдегі жалпы 807 елді мекеннің қазіргі таңда 415-і жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Оның ішінде 305-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасымен жүзеге асты. «Қазақтелеком» тарапынан 177-сіне және «Транстелеком» тарапынан 128-іне оптика жүргізілген. Облыста интернет жылдамдығын арттыру, елді мекендер мен білім ұяларын сапалы ғаламтормен қамту жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейін жалғаспақ.
Жалпы, Қазақстанда байланыс инфрақұрылымын белсенді жаңғырту жүргізілуде. 20 мың шақырымнан астам жаңа оптикалық-талшықты байланыс желілері орнатылды. 1,2 мыңнан астам ауылдық елді мекендер интернет-қызметтерге қол жеткізді, ал 3,7 мың мемлекеттік және бюджеттік мекемелер кең жолақты интернетке қосылды.
Технология жетістіктеріне 20 ірі қалада 918 базалық стансасы бар 5G желісін іске қосу, сондай-ақ 4,8 мың ауылдық елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету кіреді.
Естеріңізде болса, 18 маусымда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өткен болатын. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы интернет пен мобилді байланыс сапасын жақсарту мәселелері қаралды. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Бағдат Мусин, бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Қазақстан халқын сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Барлық іс-шараларды орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жетеді.
Қазір интернетті пайдаланатын ел халқының үлесі дамыған елдер деңгейінде тұр. 2020 жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5%-ға, абоненттер саны 12,9%-ға өсті. «Speedtest Ookla» деректеріне сәйкес, Қазақстан орташа интернет жылдамдығымен әлемде 66-орында (43,6 Мбит/с). Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерде байланыстың қолжетімділігі мәселесі қаралды. Мәселен, бүгінде 6 290 ауылдың 2 606-на оптикалық желі тартылды, мобилді интернет 4 866 елді мекен тұрғындарына қолжетімді. Қолданыстағы салық жеңілдіктері шеңберінде 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылған.
Үкімет басшысы жылдам интернет – цифрландырудың негізі, ал байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екенін атап өтті. Осы орайда тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі қажеттігі, сондай-ақ республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобилді интернеттің маңыздылығы атап өтілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.