Түркістан облысы: Сауран ауданында көктемгі мерзімге әскерге шақыру бойынша зерделеу және іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі аппаратының басшысы Бақытжан Полатовтың төрағалығымен жиналыс болды. Жиынға ауылдық округ әкімдері мен осы салаға жауапты мамандары қатысты.

Ең алдымен Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Бақытжан Полатов баяндап өтті. Онда 2024 жылғы көктемгі мерзімге әскерге шақыру бойынша зерделеу және іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын және әр ауылдық округтерге межеленген жоспарды жедел түрде орындауды тапсырды.

Естеріңізде болса, ақпан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Ол бойынша 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер адамдар әскерге шақырылады. Сондай-ақ, құжатта белгіленген мерзімге қызмет еткен мерзімді әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы айтылады.

«2024 жылдың наурыз – маусым және қыркүйек – желтоқсан айларында Қарулы Күштер қатарынан, ішкі істер министрлігінен, Төтенше жағдайлар министрлігінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Мемлекеттік күзет қызметінен белгіленген мерзімге қызмет еткен мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару», — делінген хабарламада.

Жаңа әскерге шақыру 2024 жылдың наурыз – маусым және қыркүйек – желтоқсан айларында басталады. Бұл әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі қазақстандықтарға қатысты болады.

«Жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы азаматтарды 2024 жылғы наурыз – маусым және қыркүйек – желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды», — деп тапсырды Президент.

Бұл ретте Түркістан облысында да 2024 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанына азаматтарды іріктеу және алдын ала зерделеу бойынша жұмыстар басталды. Еліміздегі түрлі әскери ұйымдарының жауапты өкілдері, сардарлары облыстың аудан, қалаларын аралап, түсіндіру және зерделеу жұмыстарын жүргізеді.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дюсебаев биыл Түркістан өңірінен 4 мыңнан аса жігіт әскерге шақырылатынын, осы бағытта дайындық жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, биыл өңірде әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар санын көбейту, оған қолдауды күшейту көзделіп отыр. Жастарды әскерге қызықтыру, түсіндіру жұмыстары да жалғасады.

Атап өтейік, Қазақстанда әскерге көктемгі шақыру 30 маусымға дейін жалғасады.

Қазақстанда 1 наурыздан бері әскер қатарына шақыру науқаны болып жатыр. Заң бойынша, Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери органның шақыруы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. Алайда, белгіленген уақытта әскери комиссариатқа келмеу әскери қызметтен жалтару болып есептеледі. 

Әскери есепке қою жөніндегі міндетті орындамаған және әскери қызметтен жалтарған жағдайда мұндай құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, «әскери қызметтен жалтару» бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады:

Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтарған үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза қолданылады, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылады.

Дәл сол әрекет:

өзіне зиян келтіру арқылы;

ауруды имитациялау арқылы;

құжаттарды қолдан жасау немесе өзге де алдау тәсілі қолданылғаны үшін, –

3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданылады.

Иә, әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау әр азаматтың  парызы мен міндеті болып табылады. Алайда бозбаланың әскерден уақытша және тұрақты негізде босатыла алатын бірқатар жағдайлар бар («Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес). Егер соңғысы азаматты әскери қызметтен толық босатуды болжаса, мерзімін кейінге қалдыру – бұл белгілі бір жағдайлар бойынша әскери қызметке шақыру мерзімін уақытша ауыстыру.

Әскери (әскерден) қызметтен босату

Алдымен Қазақстандағы әскери тәртіп бірнеше бағыттарға бөлінетінін атап өтейік:

  • мерзімді әскери қызмет (18-27 ер адамдар үшін 12 ай мерзімге);
  • запастағы офицерлер қызметі (29 жасқа дейінгі жігіттер мен отыз екі жасқа дейінгі медициналық қызметтің запастағы офицерлері үшін 24 ай мерзімге);
  • келісімшарт бойынша әскери қызмет (келісімшартта көрсетілген мерзімге сәйкес);
  • әскери жиындар (әскери міндеттілер үшін 2 аптадан үш айға дейінгі мерзімде.

Әскерге шақыру жылына 2 рет жүзеге асырылады: сәуірден маусымға дейін және қазаннан желтоқсанға дейін.

Бейбіт уақытында әскери шақырудан мынадай азаматтар босатылуы мүмкін:

  • денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар.

Қазіргі уақытта соған сәйкес азаматтар әскерде қызмет етуге жарамсыз деп танылуы көзделген аурулар тізімі көзделген. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша дәрігер маман мынадай белгілер бойынша азаматтардың жарамдылық санаттары туралы қорытындыны шығарады:

  • «А» – әскери қызметке жарамды;
  • «Б» –  әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды;
  • «В» – кейіннен медициналық куәландырумен тексеруге (емдеуге) мұқтаж;
  • «Г» – әскери қызметке уақытша жарамсыз;
  • «Д» – әскери қызметке бейбіт уақытта жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды;
  • «Е» – әскери есептен шығарумен әскери қызметке жарамсыз.
  • жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
  • туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;
  • басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
  • «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
  • ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
  • тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.

Бейбіт уақытта әскери жиындарға шақырудан босатылады:

  • Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында қорғанысты, қауiпсiздiк пен құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар;
  • мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;
  • ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс iстейтiн адамдар, егіс және егiн жинау жұмыстары кезеңiне;
  • күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарының педагогтері, оқу жылы кезеңiне;
  • күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарында оқитындар;
  • әскери мiндеттi әйелдер;
  • әскери мiндеттілер, запасқа шығарылғаннан кейiнгі екi жыл ішінде;
  • он сегiз жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар;
  • оларға қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе сот қылмыстық iсін қарап жатқан адамдар;
  • Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді органдардың депутаттары, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері болып сайланған әскери міндеттілер босатылады.
  •  Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырудан босатылады.
  •  Соттылығы бар азаматтар.

Әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру

Жоғарыда айтылып өткендей, әскерге шақыруды кейінге қалдыру – осы Заңда көзделген негіздер бойынша азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімін ауыстыру.

Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша:

Жоғарыда айтылғандай, əскерге шақыруды кейінге қалдыру – осы Заңда көзделген негіздер бойынша азаматтарды əскери қызметке шақыру мерзімін ауыстыру.

Мерзімін кейінге қалдыру мынадай жағдайлар бойынша ұсынылады:

  • отбасы жағдайлары бойынша;
  • білім алуды жалғастыру үшін;
  • денсаулық жағдайы бойынша;
  • басқа да себептер бойынша.

Отбасы жағдайлары бойынша әскерге шақырудан кейінге қалдыру мынадай азаматтарға ұсынылады:

  • басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға беріледі.
  • Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi:
  • әкесi, анасы, зайыбы, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса;
  • ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері;
  • әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды жұбайынсыз (зайыбынсыз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi);
  •  өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды жұбайынсыз (зайыбынсыз) асырап отырған анасы (әкесi);
  • бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адам болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;
  • отбасы мүшелерінің бірінің мүгедектігі бар және әскерге шақырылушы отбасында жалғыз ер бала болып табылады;
  • өзiнiң асырауында:
  • анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары);
  • ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға;
  • некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарға мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру беріледі.​

Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:

 білім беру ұйымдарында жалпы орта білiм алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне;

тиiстi білім беру ұйымдарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі білім алып жүрген азаматтарға оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған ретте – бiр жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын аяқтағанға дейiн;

жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне беріледі.

Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру қашықтан оқытуды қолдана отырып білім алатын азаматтарға берілмейді.

Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға әскерге шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.

Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:

  1. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметті жүзеге асыратын педагогтерге, барлық жұмыс кезеңіне;
  2. тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық (селолық) жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
  3. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына;
  4. өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн;
  5. тиісті білімі бар азаматтық әуе кемелерінің үшу экипаждарына, азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне азаматтық авиация ұйымдарында барлық жұмыс істеу кезеңіне  беріледі.
  6. кемелер экипаждарының тиісті білімі бар мүшелеріне су көлігі ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге;
  7.  құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарға беріледі.

Бұл жағдайда мерзімін кейінге қалдыру жұмыстың барлық кезеңіне беріледі, ал қылмыстық іс жағдайында – сот шешімі бойынша тергеу аяқталғанға дейін ұсынылады.

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқаны осы жылдың мамыр айының соңына дейін жалғасады. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы жас әскерге қатарына шақырушы толықтыратын болады.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі аппаратының басшысы Бақытжан Полатов күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырма беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin