Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қамту бойынша арнайы құрылған штаб отырысы өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары мен мамандары және тиісті сала өкілдері қатысты.
Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрсұлтан Қарабаев баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше, аудан әкімінің өкімімен медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жоғарылату мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, өз деңгейінде жұмыс істемей жатқан ауылдық округтерді атап өтті.
Ауылдық округтерге медициналық мекемеден жолданған мәртебелері анықталған, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмағандар тізімі жұмысшы топ арқылы жүргізу керектігі айтылды. Жеке кәсіпкер және шаруа қожалығындағы жалдамалы жұмысшыларды ресми тіркетіп, әлеуметтік төлемдерді тұрақты төлеу, тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.
Аталған мәселе бойынша ауылдық округтерде атқарылып жатқан жұмыстары туралы Ескі Иқан ауылдық округі әкімінің орынбасары Абдусаттар Расулов, Шорнақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Ұласбек Темірбаев хабарлап өтті.
Орайын пайдаланып осы тұста оқырмандарымыз үшін маңызды ақпараттармен бөлісуді жөн санап отырмыз. Биыл МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалады. Бірақ базалық есептік көрсеткіштің – ең төменгі жалақының (ЕТЖ) – жаңа мөлшерлерінің бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгереді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының болжау басқармасының басшысы Ақтолқын Сұлтанованың мәліметтеріне сүйене отырып, төлеушілердің барлық санаттары бойынша түсініктеме бере кетсек.
ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР – 3%
Жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3% мөлшерінде аударымдар жүргізеді, бұл ретте салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге) аспауға тиіс, яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25 500 теңгені құрайды.
Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР – 2%
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді. Салық салу объектісі барлық жұмыс орындарынан айына 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге) аспауы тиіс, яғни қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарнасы 17 000 теңгені құрайды.
ЕКІ ЖЕРДЕ ЖҰМЫС ІСТЕСЕ, ЖАРНАЛАРДЫ ҚАЛАЙ ТӨЛЕЙДІ?
Кейбір азаматтар екі жерде жұмыс істейді. Бұл жағдайда төлемдерді есептеу үшін шекті табысты ескеру керек – ол 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге).
МӘМС-ке аударымдар әр жұмыс орнынан аударылады, бірақ 25 000 теңгеден аспауы керек. (850 000 теңгенің 3%).
Ал жарналарды есептеу кезінде барлық жұмыс орынанан түсетін ортақ табысы ескеріледі, яғни әр айға жарна 17 000 теңгеден аспауы тиіс (850 000 теңгенің 2%).
Қызметкер төлемдерді дұрыс есептеу үшін бірінші жұмыс орнынан екіншісіне анықтама тапсыру керек.
Мысалы, қызметкер А ұйымынан 550 000 теңге жалақы алса, Б ұйымынан 400 мың теңге түседі. Оның ортақ табысы 950 000 теңге, яғни, шекті салық салынатын кірістен жоғары.
Бұл жағдайда бірінші жұмыс беруші 11 мың теңге көлемінде жарна ұстап, 16 500 теңге көлемінде аударым жасайды.
Екінші жұмыс орнында оған 6 000 теңге (жарнаның ең жоғары мөлшері 17 мыңнан төленген11 000 теңге жарнаны шегергенде) жарна төлейді.
Аударымдардың мөлшері 18 000 теңгені құрайды (аударымдарды есептеу үшін табыс қосылмайды).
Сондай-ақ, ресми қызметінен бөлек, жеке бизнесі бар жеке кәсіпкерлер де бар. Бұл жағдайда қызметкердің жалақысынан қажетті жарналар мен аударымдар төленеді әрі Салық кодексі талап еткендей жеке бизнесі үшін төлеуі қажет.
БІРЫҢҒАЙ ТӨЛЕМ ТӨЛЕУШІЛЕР — 21,5%.
Жалақыдан ұсталатын бірыңғай төлем – бұл бірқатар салық төлемдерін есептеудің стандартты әдісіне балама. Жалақыдан ұсталатын мындай бес төлемді біріктіреді:
— міндетті зейнетақы жарналары;
— әлеуметтік аударымдар;
— МӘМС жарналары;
— МӘМС-ға аударымдар;
— жеке табыс салығы.
Бірыңғай төлемді жеңілдетілген декларация және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкер мен шағын және орта бизнестің заңды тұлғасы пайдалануға рұқсат береді.
2024 жылы бірыңғай төлем мөлшерлемесі еңбекақы төлеу қорының 21,5% құрайды. Бірыңғай төлемді ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияның шотына бір төлеммен жүргізіледі.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР — 5 950 ТЕҢГЕ
Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ЕТЖ-дан 5% төлейді. 2024 жылы: (1,4 * 85 000) * 5% = 5 950 теңге.
Егер жеке кәсіпкер есептілікті «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексі талап еткендей жарналарды төлеуді жалғастыруы керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе, қарыз пайда болады.
ӨЗІН-ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАН АЗАМАТТАР (БЖТ ТӨЛЕУШІЛЕР)
Бірыңғай жиынтық төлем кәсіпкерлік қызметті ЖК ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін уақытша 5 жылға (2019 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) енгізілді. Тиісінше, биыл БЖТ болмайды. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебені екі жолмен ала алады:
— жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу;
— жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу.
ДЕРБЕС ТӨЛЕУШІЛЕР – 4 250 ТЕҢГЕ.
Дербес төлеушілер үшін жарналардың мөлшері мына формула бойынша есептеледі: 5% * 1 ЕТЖ = 4 250 теңге.
Ақтолқын Сұлтанова сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болудың ыңғайлы және тиімді тәсілін пайдаланып, жарналарды алдағы 12 айға дербес төлеуші ретінде төлей алатынын еске салды. Бұл жағдайда әр ай үшін төлемді жеке-жеке төлеген жөн. Бұл жағдайда өткен айлардағы қарыздар болса, жойылады.
Дербес төлеушілер ең төменгі жалақының 5% көлемінде, яғни 4 250 теңге жарна төлейді.
Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесінде сақтандырылу үшін өткен 12 айдың берешегін жабу керек немесе алдағы 1 жылға жарна төлеуге болады. Бұл жағдайда төлемді әр айға жеке-жеке төлеген жөн.
МЕМЛЕКЕТ ЖАРНАЛАРЫ – 5 853 ТЕҢГЕ
Қазақстандағы МӘМС жүйесі әлеуметтік бағдарланғандықтан, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін жарналарды төлеуді жалғастыруда. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды (мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің 1,9%, яғни мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ағымдағы қаржы жылының алдындағы екі жылға дейінгі орташа айлық жалақы).
1 қаңтардан БЖТ қолданылу мерзімі аяқталғандықтан, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебені екі жолмен ала алады:
— жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу;
— жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу.
ӨЗІН-ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАР, ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕР, ДЕРБЕС ТӨЛЕУШІЛЕР ЖАРНАЛАРДЫ ҚАЛАЙ ТӨЛЕЙДІ?
Төлемді екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ, Kaspi.kz, HalykBank мобильді қосымшалары арқылы, сонымен бірге Касса 24 және Qiwi әмиян өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аударуға болады.
Маңызды:
- төлеушінің ЖСН және ТАӘ дұрыс көрсету;
- төлем жасап, 2-3 жұмыс күннен кейін МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеру, мәртебе берілмесе – төлемдегі деректерді жаңадан тексеру.
- жеке кәсіпкерлер назарына: салық органдарына есептілікті дайындау және тапсыру;
- өз қызметкерлерін төлем жасалғаны туралы хабарлау.
Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
- fms.kz ресми сайты
- Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
- 1414 байланыс орталығы
- Damumed мобильді қосымшасы
- Halyk мобильді қосымшасы
- BCC.KZ мобильді қосымшасы
- Kaspi.kz мобильді қосымшасы
- egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы.
Бұл ретте Түркістан облысы бойынша МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары туралы да мағлұмат бере кеткен артық болмас. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директоры Нұрлан Қыдырбаевтың айтуынша, өңірде медициналық ұйымдарға 2 052 508 азамат тіркелген. Ал, ГБДФЛ ақпараттық жүйесінен сәуір айындағы жүктелген мәліметтерге сәйкес, МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар саны – 1 миллион 650 мыңға жуық (80%), сақтандырылмағандар 400 мыңнан астам (20%) адамды құрады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде сақтандырылмағандардың ішінде 45196 азамат жұмыспен қамтылды.
Қор филиалы тарапынан 20 мыңға жуық адаммен сауалнама алынып, МӘМС жүйесі бойынша ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізілді. Тізімге талдау жүргізу барысында республиканың басқа аймағына және шет елдерге қоныс аударған мәртебесі нақтыланды. Бұдан бөлек, тұрғылықты мекенжайы бойынша тұрмайтын, жүйеге қатысқысы келмейтін, медициналық көмекті ақылы алып жүрген, үй шаруасындағы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жұмыссыз және жалдамалы жұмысшылар, шет елде оқитын студенттер мен шет елден зейнетақы алатын зейнеткерлер анықталды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2 миллионнан астам халық бар. Соның ішінде азаматтардың 80 пайыздан астамы МӘМС жүйесіне сақтандырылған.
Жалпы, биыл қаңтар айының 15-інде дәл осы мәселеге байланысты Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болған. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысқан. Онда ауданда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды өзектендіру бағытында атқарылған жұмыстары туралы аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Стамқұлов хабарлама жасағаны – есімізде.
Аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Стамқұловтың мәлімдеуінше, Түркістан облысы әкімдігі арасындағы 2022-2024 жылдарға арналған тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту жөніндегі меморандумға сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылмаған азаматтардың үлесін 2023 жылға 85 пайызға жеткізу жоспары бойынша облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасы берілген.
2024 жылдың қаңтар айында 20468 сақтандырылмаған тұрғындар тізімі жолданған. Оның ішінде 13281 тұрғын аудандық емхананың бекітілген халық тіркеліміне тіркелген деп көрсетілген. 2023 жылдың желтоқсан айында 21179 (20,7 пайыз) сақтандырылмаған тұрғындар 79,3 пайыз болса, 2024 жылдың қаңтар айында 20468 (20,1 пайыз) сақтандырылмаған тұрғындар 79,1 пайызды құраған. Осы мәліміттерді айта келе, баяндамашы осы бағытта жұмыстарды өз деңгейінде бірлесе отырып, жүргізуді ұсынған болатын.
Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бойынша жұмысты жандандыруды нақтылаған еді.
Ал бұл жолғы жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ауылдық округтерге айтылған кемшіліктер бойынша тез арада жұмыс жүргізуді тапсырып, айдың аяғына дейін толық орындауды міндеттеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.