Түркістан облысы: Сауран ауданында оқу-далалық жиынның салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды

Бүгін Сауран ауданында 10-сынып оқушыларына арналған оқу-далалық жиынның салтанатты ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алдымен ел рәміздеріне құрмет көрсетіліп, Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалуымен басталған іс-шара патриоттық рухта жалғасты.

Ә дегенде алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев сөйлеп, оқушыларды құттықтап, оқу-далалық жиынның елжандылық пен тәртіпке тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы, полковник Дилмурад Абдурашидұлы мен ауданның білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков те сөз сөйлеп, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

Биылғы жиынға Сауран ауданындағы 48 мектептен – оның ішінде 39 мемлекеттік және 9 жекеменшік білім ордасынан жалпы саны 1618 оқушы қатысып отыр. Олардың 814-і қыз балалар саналады.

Оқушылармен жүйелі және сапалы жұмыс жүргізу үшін 48 алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі жұмылдырылған.

Биылғы ерекшелік – оқу-далалық жиынның ашылу салтанаты алғаш рет барлық мектеп оқушыларын бір жерде жинап, ортақ алаңда ұйымдастырылуында екенін атап өткен ләзім. Бұл өз кезегінде оқушылар арасындағы бірлік пен достықты нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Жиын бес күнге созылады. Әр күні алты сағаттан арнайы бағдарлама бойынша теориялық сабақтар мен практикалық жаттығулар өткізіледі. Оқу-далалық жиын жасөспірімдердің әскери-патриоттық тәрбиесін күшейтіп, алғашқы әскери дайындық дағдыларын жетілдіруге бағытталған маңызды іс-шара болып табылады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin