
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті апталық аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, мемлекеттік мекеме жетекшілері мен жауапты мамандар қатысты.
Сонымен, күн тәртібінде бес өзекті мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады. Ол оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, жазғы сауықтыру лагерьлерін ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлармен таныстырды.
Келесі кезекте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мұхтар Қуанышбаев шомылу маусымының басталуына байланысты судағы қауіпсіздік шаралары туралы мәлімдеді. Ол су айдындарында қауіпсіздікті сақтау, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу және шомылуға тыйым салынған аумақтарды бақылауда ұстау мәселелеріне тоқталды.
Үшінші мәселе – «Сауран-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының берешек қарыздарының жай-күйі болды. Мекеме басшысының Мұхит Пірімбетов қаржылық жағдайды тұрақтандыру мен қарыздарды өтеу бағытында атқарылып жатқан шараларды баяндады.
Төртінші болып «Сауран Газ» КММ басшысы Кенжебай Жақсылықов сөз сөйлеп, газдандыру жұмыстарының барысы, мекеме тарапынан іске асырылып жатқан жобалар мен кездесіп отырған қиындықтар жөнінде хабарлады.
Соңғы мәселе – «Таза Қазақстан» акциясының Сауран ауданы аумағында жүзеге асырылу барысы. Бұл бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асылбек Қанағат санитарлық тазалық, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары мен экологиялық іс-шаралардың жай-күйі туралы ақпарат берді.
Аппараттық мәжіліс соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, қаралған мәселелердің орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.