
Бүгін Сауран ауданында аудан әкімдігі мен аудандық “Amanat” партиясы филиалының ұйымдастыруымен тазалық пен тәртіпке бағытталған кезекті сенбілік өтті. Аудан орталығында өткен тазалық жұмыстарына ұзын-ырғасы 500-ге жуық тұрғын қатысып, 10 арнайы техника жұмылдырылды.
Тазалық науқанына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов, жергілікті тұрғындар, ерікті жастар және мемлекеттік қызметшілер белсене қатысып, өз үлестерін қосты. Облыс әкімдігінің бекіткен күнтізбелік жоспарына сәйкес, Сауран ауданы жыл соңына дейін 315 сенбілік шарасын өткізуі тиіс. Жалпы, жыл басынан бері өткізілген тазалық шараларының көрсеткіштері келсек, бүгінгі күнге дейін 79 сенбілік ұйымдастырылып, келесі нәтижелерге қол жеткізілді: жалпы 13 921 адам қатысып, 304 арнайы техника жұмылдырылды. Іс-шаралар барысында 25 800 түп ағаш егілді, 886,4 тонна қоқыс шығарылды.
Аталған көрсеткіштер аудан тұрғындарының қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті арттыруға деген жауапкершілігін айғақтайды. Сенбілік жұмыстары жыл соңына дейін жалғасып, аудандағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталады.
Қоршаған ортаңның тазалығын сақтау – әр тұрғынның ортақ міндеті!
«ANYQ.KZ»-ақпарат.