Түркістан облысы: Сауран ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі отырыс болып өтті

Сауран ауданы әкімдігі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Е.Жанғазиевтің төрағалығымен Сауран ауданы әкімдігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі отырысы болып өтті. Отырысқа ауылдық округтердің әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты. Бұл жөнінде Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, екі мәселе қаралды. Атап айтсақ, Сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім салалардың жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан іс-шаралары бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Мұсырманқұлов, Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы И.Мырзахметов баяндама жасады.

Отырыс соңында айтылған баяндамалардағы мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Ербол Ұласбекұлы нақты тапсырмалар беріп, жиынды қорытты.

Осы атап өтер жайт, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 2 ақпандағы жарлығымен Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын бекітті. Құжатта ағымдағы жағдайға талдау жасалып, алдағы жылдарда шешілетін міндеттер айқындалған. Тұжырымдама зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлық экономикалық және беделі жағынан тиімсіз болатын жағдайларды жасауға бағытталған. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру.

Жалпы, Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін үнемі айтып келеді. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Президент соңғы жылдары бірқатар маңызды қадам жасалғанына назар аударуда. Соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданды. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды, я болмаса лауазымы төмендетілді. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Соның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан. Қылмыстық процестің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол берген жоқ. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды.

– Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – дейді Президент.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес деп санайды. Көп жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келді. Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады.

– Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда.  Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, – дейді Президент.  

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырды, сондай-ақ уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндет қойып отыр. Оның пікірінше, кәсіпкерлер мен жұртшылықтың сыбайлас жемқорлық деректері бойынша берген өтініштері негізінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

– Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырғанын да білеміз. Президент мемлекеттік сатып алуларға беделі бар, тиісті техникасы бар, білікті жұмысшылары бар, салықты уақтылы төлейтін өндірушілер қатысуы керек деп есептейді.

– Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды, – дейді Президент.

Президент халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуге шақырады. Бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік аппаратта жобалық басқару қағидаттарын енгізуді жалғастыру маңызды. Барлық мемлекеттік орган жұмыстың жаңа форматына белсенді кірісіп, оларды іс жүзінде қолдануы керек.

– Жалпы әкімшілік тәсілдерден бас тартып, басқарудың заманауи технологияларына жан-жақты бет бұру қажет. Мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік қызметтің іс жүзінде сервистік және тұтынушыға қолайлы болуы үшін мемлекеттік қызмет жүйесін қайта құруы керек, – дейді Президент.

Түнеугүні Түркістан қалсында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының да төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өткен-ді. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов, комиссия мүшелері, құқық қорғау, мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган басшылары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысқан-тын. Агенттік әр аймақта белең алған жемқорлық фактілерінің негізінде Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасын әзірлеген. Бұл туралы мәлім еткен Саян Ахметжанов Түркістан облысының тәуекелдер картасына өңірде жемқорлық жиі ұшырасатын салалар мен шешімін таппай келген түйткілді мәселелердің енгізілгенін баяндады. 

— Қазіргі таңда Агенттіктің өңірлерде жұмыс істеуінің басты бағытының бірі — осы тәуекелдер картасы. Сондықтан жемқорлықтың алдын алу деңгейін ұдайы жетілдіріп отыру аса маңызды. Агенттігінің мақсаты – қылмыстық істі болдырмау, алдын алу. Түркістан өңірінде жер, су, жол мәселелері мен басқа да әлеуметтік жағдайларға сәйкес жұмыс жоспарлы түрде атқарылуда, — деді Саян Ахметжанов. Комиссия отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Дархан Сатыбалды күн тәртібінде қаралатын мәселелерге тоқталып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын нығайту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екендігін айрықша атап өтті. 

— Мемлекет басшысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керектігін нақты атап өтті. Жалпы, облыста сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінгі мәжіліс бұл осы бағыттағы жұмыстарда белсенді серпін беретініне сенімдімін, -деді облыс әкімі. 

Жиында сөз алған Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қожахметов проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған Карта аясында аумақтық департаментпен атқарылған жұмыстарды атады. Комиссия отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай облыс аумағында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Облыс аумағында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Облыс әкімдігі «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыруға бағытталған қажетті шараларды қабылдаған. Жобалық кеңсе құрылып, әкімдік қызметкерлерінен жобалық топтар құрылды. Облыстың барлық басқармалары мен квазимемлекеттік ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Пилоттық жоба ретінде, пара алу фактісімен күдікті деп танылғандардың сот отырысына сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің салдары туралы мемлекеттік қызметшілердің санасына әсер ету мақсатында әріптестері қатыстырылуда.  Өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы басқарма басшылары мен аудан-қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына жол берген әрбір тұлғаның жауапкершілігі ескерусіз қалмайтынын қатаң ескертіп, күн тәртібінде қаралған салалар мен мәселелер бойынша нақты тапсырмалар бергені  де — есте.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.