Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапары барысында Ескі Иқан ауылдық округіндегі «ДАТҚА» жеке кәсіпкерлігінің тамшылатып суару әдісі арқылы егілген мақта алқабында болды. Жобаның жетекшілерімен кездесіп, пікір алмасты.
Жоба бастамашысы Қанат Көшербаевтың айтуынша, мақта кештеу егілгеніне қарамастан, өнімділігі өте жоғары. Бұл нәтижеге тамшылатып суару тәсілі арқылы қол жеткізіліп отыр. Қытайлық инвестормен бірлесе атқарылып жатқан жобаның құны – 100,0 млн. теңге. 133 гектар алқапқа жаңа тәсілмен мақта егілген. Жобаның қуаттылығы жылына 10 мың тонна болады деп күтіліп отыр.
– Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару, су үнемдеу технологияларын жаппай енгізуіміз керек. Өзге кәсіпкерлерге, әріптестеріңізге, шаруаларға осы тәсілдерді үйретіңіздер. Жауапты басқарма осы бағытта жұмыс жүргізсін. Біріншіден, су үнемделеді, екіншіден, өнімділік артады, үшіншіден, табыс молаяды. Өте тиімді, – деді Дархан Сатыбалды.
Аталған мақта алқабының жұмысын жүргізу үшін құрал-жабдық сатып алуға Қытаймен келісімшарт жасалған. Ауыл шаруашылығы техникалары, дән сепкіш құралы, тамшылатып суару технологиясының кешені жеткізілген. 5 тік дренажды ұңғыма қазылып, электр бағаналары орнатылған. Алдағы уақытта осы тәсілмен мақта егу көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
Иә, Түркістан облысында мақта кластерін дамыту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұдан бөлек Сауран ауданындағы «Казтекс» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытын дамыту барысымен танысты. Аталған зауытты салу, жаңа технологиямен қамту жобасы биыл басталған. Түркиядан инвестиция тартылған.
Жобаның құны –1500,0 миллион теңге, қуаттылығы – жылына 10 мың тонна мақта өңдеу. Маусымдық кезеңдерде 150 адам жұмыспен қамтылса, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
– Мақта кластерін дамыту – маңызды іс. Жаңа технологияларды ендіру керек. Іс бастаймын, цех, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетіледі. Өңірде шығатын мақтаны өзіміз өңдеп, шаруалардың табысын арттыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Жоба басшысы Туражан Саидовтың айтуынша, аталған ЖШС ұзақ жылдардан бері мақта шаруашылығымен айналысып келеді. Кейін шетелдегі серіктестері тарапынан заманауи мақта өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс түскен. Түркиядан арнайы құрылғылар, мақта өңдейтін машиналар әкелінген. Бұлардың ерекшелігі – электр қуатын үнемдейді әрі мақта талшығын сапалы етіп шығарады. Сауран ауданында бұрын-соңды болмаған құрылғылар сатып алынған. Бұл зауыт қыркүйекте ашылып, шаруалардың мақталарын қабылдайды деп күтіліп отыр. Ал 2025-2026 жылдары аталған зауыттың қасынан шитті өңдеп, май шығаратын цех ашу жоспарға енгізілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.