Түркістан облысы: Сауран ауданында тігін және кондитерлік цехтар ашылды

Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылында жаңа тігін цехы ашылып, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды. Цехтың ашылуына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, аудандық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Абдуллаев арнайы қатысып, көпшілікке жылы лебіздерін білдірді. Жоба Сауран ауандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дильназ Омарованың ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Жаңа өндіріс орнының ашылуы ауыл экономикасының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Аудан әкімінің айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әсіресе жастар мен әйелдер үшін жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Мақсат Асылбекұлы цехтың алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, өңірлік нарықта сұранысқа ие болатынына сенім білдірді.

Облыстық мәслихат депутаты Инара Әбдіғаппарқызы жаңа цехтың ашылуы облыстағы кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететінін атап өтіп, бұл секілді бастамаларды қолдауға дайын екендігін айтты. Ол сонымен қатар, өндіріс орындары ашылу арқылы қолөнер саласында да жаңа мүмкіндіктер туындайтынын жеткізді.

Жаңа тігін цехы жергілікті тұрғындар үшін тек жұмыс көзі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан аймақтың дамуына оң әсер ететін жоба болмақ. Цех жұмысының алғашқы кезеңінде 20 адам тұрақты жұмысқа алынды, ал алдағы уақытта жұмыс орындарының санын көбейту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында жаңа «ШАХДАН» кондитерлік цехы ашылды. Бұл маңызды оқиға ауыл тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер үшін қуанышты жаңалық болып отыр. Жаңа цех жоғары сапалы кондитерлік өнімдер шығарып, ауылдың экономикалық дамуына үлес қосатын болады.

Бұл ретте цехтың ашылу салтанатына аудан әкімінің кеңесшісі Мұхаммеджан Ергешбайұлы қатысты. Ол жаңа кәсіпорын ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жоба екенін атап өтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыратынын айтты. Сонымен қатар аудан әкімінің кеңесшісі кәсіпкерлерді қолдау мен бизнес ахуалын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығын да тілге тиек етті.

«ШАХДАН» кондитерлік цехі түрлі тәтті өнімдер — торттар, бәліштер, печеньелер мен басқа да кондитерлік тағамдар өндіреді. Өндіріс экологиялық таза және жоғары сапалы шикізаттармен жүргізіледі. Бұл өнімдердің тұтынушылар арасында сұранысқа ие болатынына кепілдік береді.

Цехтың ашылуы ауылдың кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Өндірістің барлық процесі экологиялық таза және сапалы шикізатпен жүргізіледі. Бұл өнімдер тек ауданның ішкі нарығында ғана емес, сонымен қатар жақын аудандар мен қала нарықтарында да сұранысқа ие болмақ.

Тәтті демекші, дәл осы Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округінде тұратын Альберт Муслимов өзінің шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін дайындайды. Кәсіпорын иесі «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен 2,5 пайызбен 7 миллион теңге несие алған.

Кәсіпкер тәтті нандарды пісіруге арналған жабдықтарды Иран елінен арнайы алдыртқан. Тіпті кондитер маманды да сол елден шақырған. Шетелдік аспаз ауыл тұрғындарына нан өнімдерін пісірудің түрлі тәсілдерін үйреткен. Бүгінде цехта жергілікті 10 тұрғын тұрақты жұмыс істейді. Кондитер иесі болашақта кәсібін кеңейтіп, өнім түрі мен жұмысшы санын көбейтуді жоспарлап отыр.

Жалпы, Сауран ауданында соңғы жылдары өндіріс қарқынды дамып келеді. Мәселен, қыркүйектегі Түркістан облысына іссапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралап көрген болатын.

Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, көкөніс сақтау қоймасымен танысты. Мұнда 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырды. Алдағы уақытта аймақтағы Леңгір, Жетісай, Шардара, Сарығаш секілді ірі елді мекендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш қаласынан 2 мың тонналық қойма салу жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехтары таныстырылды. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Аqniet Holding» өнімдерін көрді. Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар, «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады.

Бұдан кейін Президент тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндіріс алаңына барды. Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық UBC Group холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 миллион еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK TURKISTAN» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 миллиард теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Turan Su» мекемесінің қызметімен танысты. 2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі ирригациялық жүйелер мен гидрологиялық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылығы жұмысты тиімді ұйымдастырып, табысты еселеу арқылы қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, биыл кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ. 

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 триллион теңге болатын 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады.

Президентке қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co.Ltd» компаниясымен өңірде мақтаның элиталық сұрыптарын өсіру және тоқыма кластерін құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқаны баяндалды.

Бұдан бөлек, ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр станцияларының, Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен және металлургия кешеніне арналған құрылғылар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастамалар бар.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына бойлерлер, трансформаторлар мен электр техникасы жабдықтарын, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылыс материалдары мен химиялық заттар өндіретін, жүгеріні терең өңдейтін, сусын, киім-кешек, аяқ киім, жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорындар таныстырылды.

Жалпы, Сауран ауданында 2024 жылдың 9 айында 42,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 21 жоба іске қосылған. Оның 12-і өңдеу өнеркәсібі бағытында болса, 9 жоба әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл жайында жуырда Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 миллиард теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 миллиард теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2024 жылдың 9 айында ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,6%-ға артқан. Өңірлік өнімнің 75%-ы — ауыл шаруашылығы, 11,6%-ы — өнеркәсіп, 10,3%-ы — құрылыс және 3,1%-ы сауда саласының үлесінде» – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, Мақсат Асылбекұлы аудан көлемінде өндірістік алаңдар құрылатынын жеткізді. 2024-2026 жылдары ауданға қарасты Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ал 2026 жылдан бастап қалған 7 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылмақ. Олардың қатарында 13 жиһаз жасау цехы, 19 құрылысқа қажетті материалдар өндіретін цех, 2 тамақ өнімдеріне қажетті материалдар, 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін және 1 тігін цехы бар.

Сонымен қатар, ауданда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 3 қабатты 24 пәтерлі жалпы саны 16 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін 48 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Коммуналдық сала бойынша, жыл басынан бері ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43,3%-ды құраған. Биыл Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында 31 ішкі көшеге, яғни 39,4 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталғанда елді мекен жолдарының жақсы және қанағатты жағдайы70%-ға жетпек.

Бұдан бөлек Сауран ауданы әкімдігінде аквапарк салу жобасын жүзеге асыру мақсатында тараптар меморандумға қол қойды. Бұл маңызды қадамды жоба авторы Надир Абдусаттаровпен бірлесе отырып, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров келісім жасады. Ресми түрде іске асыруға дайын тараптар арасында белгілі бір міндеттемелер мен жауапкершіліктерді айқындап, жобаның табысты жүзеге асырылуына алғашқы қадамдар жасалды.

Аквапарк салу жобасы ауданның экономикасына оң әсерін тигізіп, жергілікті тұрғындардың демалу мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, туристік ағынды арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Әкімдіктің қатысуымен қолдау көрсету, жобаның іске асырылуында маңызды рөл атқарады.

Меморандумға қол қою барысында жобаның жоспарларын, құрылыс жұмыстарының уақытын, қаржыландыру көздерін және басқа да маңызды мәселелері келісілді. Әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да маңызды жобаның құны 1,5 миллиард теңгені құрайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin