Түркістан облысы: Сауран ауданында 15 шақырым жол жөндеуден өтті

Сауран ауданында жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын Ойық ауылы мен Ащысай ауылының арасындағы жол орташа жөндеуден өтті. Қазіргі таңда облыстық маңызы бар автомобиль жолы толық пайдалануға беріліп отыр. Жөндеу жұмыстары кезінде ескі асфальт қабаты алынып, екі қабат жаңа асфальт жабындысы төселген.

Жөндеу жұмыстарын Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме «Шымкентдорстрой» ПК» ЖШС жүргізген. Жүргізілген жұмыстардың сапасы техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» мекемелері тарапынан тұрақты бақылауда болды.

Жалпы, аудан бойынша аудандық маңызы бар 119,3 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 68 шақырымы — жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал, ауыл ішілік жолдардың жалпы ұзындығы — 625 шақырым. Жақсы және қанағаттанарлығы — 403 шақырым.

2022 жылға ауданда 36 шақырым құрайтын автожол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 2 198,252 млн теңге бөлінді.

Мәлімет үшін айта өтейік.

  1. Шорнақ елді мекені Т.Сулейменов және Шаяхметова көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары — 6 шқ;
  2. Оранғай елді мекеніндегі спорт мектебіне апаратын жолды орташа жөндеу ұзындығы — 0,75 шқ;
  3. Қосмезгіл елді мекеніндегі жаңа мектепке апарар жолды орташа жөндеу — 0,8 шқ;
  4. Ескі Иқан ауыл округіндегі Шарап ата көшесін орташа жөндеу — 1,0 шқ
  5. Майдантал елді мекенінен Егізқара ауылына апарар жолды ағымдағы жөндеу — 10 шқ;
  6. Серт елді мекеніндегі Рахимов көшесін орташа жөндеу ұзындығы — 1,3 шқ;
  7. Теке елді мекеніндегі Абай көшесін орташа жөндеу ұзындығы — 1,3 шқ;
  8. Жібек Жолы ауыл округіндегі Сауранбаев көшесін орташа жөндеу ұзындығы — 1,0 шқ;
  9. Шорнақ елді мекенінде Б.Майлин, М.Қорған, Досметов, С.Сариев көшелерін орташа жөндеу — 3,5 шқ;
  10. Құсшы ата елді мекенінен Әуежолға дейінгі жолды күрделі жөндеу жұмыстары — 7,5 шқ;

Сонымен қатар, 2023 жылы ауданға қарасты аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, сараптамалық қорытындысымен сметалық құжаттама әзірленуде.

  1. КХ-61 «Оранғай-Қосқорған» 12 шақырымдық автожолын күрделі жөндеу жұмыстары.
  2. «Бабайқорған-Абай» 9 шақырымдық автожолын орташа жөндеу жұмыстары.
  3. «Шорнақ-Жібек Жолы-Ескі Сауран қалашығы» 15 шақырымдық автожолын орташа жөндеу жұмыстары.
  4. «КХ-84 автомобиль жолынан Үсенов ауылына кіре беріс 4 шақырым автожолын орташа жөндеу жұмыстары.
  5. «Самара-Шымкент автомобиль жолынан Құмтүйін ауылына кіре беріс 3 шақырым автожолын орташа жөндеу жұмыстары.
  6. «Бабайқорған-Игілік» 9 шақырымдық автожолын орташа жөндеу жұмыстары.
  7. «Майдантал-Қаражон» 6,3 шақырымдық автожолын орташа жөндеу жұмыстары.

Сауран ауданында жыл соңына дейін 66,8 шақырым жол жөнделіп, пайдалануға беріледі. Сауран ауданын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Шорнақ, Майдантал, Қарашық, Жүйнек, Қарнақ елдімекендерінен өтетін жолдарға жөндеу жұмыстары атқарылып, жыл соңына дейін 66,8 шақырымы толық пайдалануға берілмек. Бұл туралы Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді.

Сондай-ақ, таяуда ғана Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен мердігер мекеме «Әзірет Жол Құрылыс» ЖШС тарапынан Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекеніндегі Б.Майлин көшесі автомобиль жолының 1 шақырымы жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілгенін де айта кетейік.

Басқарма басшысының айтуынша, Түркістан өңірінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін биыл 92%-ға арттыру жоспарланған. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің ұзындығы 17 509,5 шақырымды құрайды. 2022 жылғы жоспарға сәйкес, автомобиль жолдары саласы бойынша өңірде 779 нысанға құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Оның ішінде 52 облыстық, 42 аудандық, елдімекен көшелерінен 685 маңызды нысан бар. Жыл соңында 703 нысан немесе 1467,3 шақырым жол мен көше пайдалануға тапсырылады деп жоспарлануда.

Аталмыш жұмыстардың нәтижесінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 87%-дан 92%-ға арттыру жоспарлануда. Жалпы, облыста сапалы жолдардың үлесі 2025 жылға дейін 99,5%-ға жеткізілмек. Жолдарды жөндеуде негізгі басымдық – облыс орталығы мен үлкен елдімекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілген.

– Түркістан облысында туризм саласын дамыту үшін туристік нысандарға баратын жолдардың жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар іске асуда. Бұл ретте, облыстағы ірі жобалардың бірі — Түркістан-Шәуілдір бағытындағы ұзындығы 64 шақырымдық жолдың 35 шақырымында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Кентау қаласынан Түркістанға кіреберіс 26 шақырым жолды қайта құру жұмыстары да атқарылуда. Сонымен қатар Жамбыл облысы мен Түркістан облысын байланыстыратын Созақ ауданындағы 152 шақырымдық облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Бұл нысандар 2023 жылы толық пайдалануға тапсырылмақ, — деді Ролан Ибрагимов.

Сонымен қатар, Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік, Отырар ескі қалашығына баратын жолдар толық жөндеуден өтіп, «Тау самалы» демалыс аймағына баратын жолдың жөндеу жұмыстары биыл басталмақ. Сондай-ақ, Түлкібас ауданының Келтемашат, Састөбе, Шұқырбұлақ, Майтөбе, Ынтымақ бағытындағы және Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елдімекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосатын жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Одан бөлек, Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылуда. Айта кетсек, облыс бойынша жол саласында 30 шақты мекеме қызмет атқарады. Өз жұмысын аяқтап үлгерген мекемелерді қоспағанда қазіргі таңда 10 мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You