Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаевтың төрағалығымен жиналыс болып өтті. Жиналысқа аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрмахан Молдабаев және ауылдық округ әкімі аппаратының ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрмахан Молдабаев хабарлама жасады.
Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша Нұрмахан Өмірәліұлының мәлімдеуінше, аудан бойынша 2023 жылы 42 200 гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Атап айтқанда: бидай — 4259, дәндік жүгері — 3 500, мақсары – 300, күнбағыс – 100, көкөніс — 2 137, картоп – 506, бақша — 6 422, мақта – 11000, мал азығы (жоңышқа, сүрлемдік жүгері) — 13976 гектарға егілмек.
Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 2990 тонна жанармай бөлінген. Ауылдық округтер бойынша қажеттілік көлемі мен алатын шаруалардың тізімі қалыптастырылған. Дизель отынын таратушы 2 оператор анықталып, бағасы 205 теңгеге белгіленгенін мәлім етті.
Бұдан бөлек, үш жақты келісім бойынша Сауран ауданы агроөнеркәсіп кешенінің 2023 жылға жоспарланған даму көрсеткіштері (3 жақты келісім) бекітіліп, ауылдық округінің экономикалық әлеуметтік жағдайына байланысты және шаруалардың биімділігіне қарай көрсеткіштері бөлінгенін айта келе, бөлім тарапынан атқарылуы тиіс ұсыныстарын жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Өмірханұлы күн тәртібіндегі қаралған мәселелерді саралай келе, нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бойынша тиісті жұмыстарды жандандыру керектігін тапсырды.
Орайы келгенде жылыжайдың таптырмайтын табыс көзі екендігінде атап өткен жөн. Мәселен, саурандық шаруа Мұрат Сұлтанбаевтың жылыжай шаруашылығымен айналысып келе жатқанына он жылдан астам уақыт болған. Екі соттық жерден бастау алған жылыжай көлемі бүгінде 0,5 гектарға ұлғайған. 7,5 соттық жерден он күннің ішінде 600 килограмм қияр жиналған. Шаруа бұл межені 50 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Қиярдан басқа жылыжайға тәтті болгар бұрышы мен қырықабат егілген. Мұрат Сұлтанбаевтың айтуынша, былтыр 15 соттық жылыжайдан 12 тонна болгар бұрышы жиналған. Биыл бұл өнім есе есеге артады деп күтілуде.
— Мынау — қиярдың «Фламинго» деген ең жоғарғы сорты. Қиярдың бұл түріне сұраныс жоғары. Өнімді базардағы сатушылар көтерме бағамен өздері алып кетеді. Бір айдың жобасында болгар бұрышы да өнім береді. Қазір гүлдеп жатыр. Жылыжай ерекше күтімді қажет етеді. Баптасаң табысқа кенелесің. Өзіме бау-бақша еккен ұнайды. Қазір он адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жиын-терім кезінге жылыжайда елу адамға дейін жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, қарбыз ектім. Отбасылық кәсіптің аясын өз күшімізбен ұлғайтып жатырмыз, — дейді шаруа қожалығының егесі Мұрат Сұлтанбаев.
Жылыжай — көзін тапсаң, таптырмайтын табыс. Жерана диқанның еңбегінің есесін еш етпейді. Еңбегі адал болса. Жылыжай кешендерінің молайғаны дұрыс. Бәсекелестікке жол ашады. Сонда ғана халыққа сапалы өнім қолжетімді болмақ. Көкөніс өндірудің әлеуеті зор бола тұра, импорттық өнімдерге тәуелдіміз. Диқаншы Мұраттың айтуынша 2 соттық жылыжайды салып, оны баптау үшін қыруар қаржы мен шыдамдылық керек. Шаруасы оңға басқан диқаншының бар айтары еңбек етсең ғана игілігін көресің. Еңбектің қашанда наны тәтті.
Сауран ауданы бойынша биылғы жылы 32 гектар жерге жылыжай егу межеленген. Бүгінгі таңда 27,2 гектар жердегі жылыжайға 19,9 гектар — қияр, 8,1 гектар — қызанақ, 1 гектар — болгар бұрышы, 1 гектар лимон егілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.