Түркістан облысы: Сауран ауданында 5000 орындық мал бордақылау орны іске қосылып, жаңа жиһаз цехы ашылды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы кооперативінде болып, шаруалармен кездесті.

Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Мұнда жылына 4000 тонна ет дайындауды жоспарлап отыр. Жалпы, мал бордақылау алаңы 2,5 гектарды құрайды. Мұнда ауылдық округтегі жергілікті 20-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 миллиард теңге.

Кооператив асыл тұқымды мал санын арттырып, олардың өнімділігін көбейту мақсатында жұмыс атқарып келеді. Кәсіпкер етті бағыттағы өнімді өндіріп, ішкі нарықты қамтамасыз етуді көздеп отырғанын жеткізді.

Облыс басшысы Дархан Сатыбалды мемлекеттік қолдауларға тоқталып, шаруаның жұмысына табыс тіледі. Одан кейін өңір басшысы Ораңғайдағы «Яссы құс» шаруа қожалығына барды. Құс фермасының жалпы жер көлемі – 2 гектар. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Итальяндық қондырғымен жабдықталған құс фермасында германиялық «Ломан ЛСЛ» тұқымды тауық өсіріліп, тәулігіне 80 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Қоспалы жемді өздері әзірлейді.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы негізгі драйвердің бірі екенін айтып, жауапты басшыларға осы саланы дамытып, кәсіпкерлікті қолдауды тапсырды.

Бұдан бөлек Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы бірнеше нысанды аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Мәселен, Сауран ауданында жиһаз өндірісі жақсы дамып келеді. Өңір басшысы ауданға қарасты Ораңғай ауылдық округінде «RICH HOME FURNITURE» жиһаз цехының жұмысымен танысты. Жаңа өндірістік цех заманауи технологиялармен жабдықталған, жылына 500-ден астам үй жиһаздарын шығаруға қауқарлы. Жиһаздардың негізгі көлемі Орал, Ақтөбе сондай-ақ Қызылорда, Түркістан қалаларына жіберіледі.

Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор екенін айтып отыр. Негізгі арнайы жабдықтарды шетелден алдыртады. Жиһаздардың бірегей үлгісі Ресей, Түркия, Беларусь, Қытай және Италияның сапасы мен дизайны бойынша жасалынуда. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.

– Облыста шағын кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдаулар көрсетілуде. Бүгінде өңірде жиһаз кластерін дамыту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үшін арнайы жер бөлініп, жеңілдіктер қарастырылған, – деген облыс әкімі аудан әкімі мен жауапты басқарманың басшыларына кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын ширату жөнінде тапсырма берді.

Аудан бойынша 2025 жылға дейін 61,4 миллиард теңгенің 102 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішінде ​өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Сауран ауданы көлемінде 12 жиһаз цехын іске қосу жоспарда бар. Оның 9-ы жұмысын бастады.

Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Осыған орай жиһаз кластерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Облыс көлеміндегі жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына қажетті жиһаздар отандық өндірушілерден сатып алынады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin