Түркістан облысы: Сауран ауданында 600 орындық «Жайлы мектеп» бой көтеріп жатыр

Түркістан облысындағы үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер бой көтеруде. 2025 жылға дейін 49 мың бала білім алатын 63 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жайлы мектептердің құрылысы Сауран ауданында да жүріп жатыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, білім ұясының құрылыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, нақты тапсырмалар міндеттеді. Сапаны қатаң бақылап, ғимаратты мерзімінде тапсыруды ескертті.

Сауран ауданының Иассы ауылдық округі құрамындағы Еңбекші Дихан елді мекенінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстарын «Ныш-Ер» ЖШС 2023 жылдың тамыз айында бастады. Жаңа ғимаратты биыл білім күніне дейін тапсыру көзделген. Жоба құны – 4,267 миллион теңге. Жалпы ауданы 2,8 гектар жерді құрайды. Ал, ғимараттың жалпы ауданы – 8 419,71 шаршы метр.

Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс істеп тұр. Оқушылар саны 25 мыңнан асады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 5 мектеп салу жоспарланып, үшеуінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin