Түркістан облысындағы үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер бой көтеруде. 2025 жылға дейін 49 мың бала білім алатын 63 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жайлы мектептердің құрылысы Сауран ауданында да жүріп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, білім ұясының құрылыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, нақты тапсырмалар міндеттеді. Сапаны қатаң бақылап, ғимаратты мерзімінде тапсыруды ескертті.
Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді мекенінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстарын «Ныш-Ер» ЖШС 2023 жылдың тамыз айында бастады. Жаңа ғимаратты биыл білім күніне дейін тапсыру көзделген. Жоба құны – 4,267 миллион теңге. Жалпы ауданы 2,8 гектар жерді құрайды. Ал, ғимараттың жалпы ауданы – 8 419,71 шаршы метр.
Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс істеп тұр. Оқушылар саны 25 мыңнан асады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда 5 мектеп жоспарланып, үшеуінің құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.
Демографиясы жоғары Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен және қолдауымен аймақтағы күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет ететін білім ұяларының, жаңа мектептер қажет елді мекендердің тізімі әзірленіп, мәселені шешу бойынша нақты шаралар қолға алынған. 2024 жылы облыста балабақша, мектеп, колледж, лагерь жалпы 300-ден аса білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған.
Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан өңір – Түркістан. Бүгінде жергілікті бюджеттен 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 13-і пайдалануға беріледі. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салу көзделген. Оның ішінде 29-ы биыл тапсырылады деп жоспарланған. Мектеп салу бағытындағы жұмыс жалғасады.
Өңірде тозығы жеткен білім ұялары көп. Талай жыл бойы қордаланған бұл мәселені шешу бағытында жүйелі жоспар жасалған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, биыл 300-ден аса білім беру ұйымында жөндеу жұмысын жүргізу және мектептер салу арқылы апатты деп танылған мектептердің 60%-ның мәселесі шешіледі. Бұл ретте үнемделген қаржы есебінен де көптеген жоба жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн.
– Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен білім саласында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 22 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Құрылысқа «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы және облыстық бюджеттен жалпы қаржы қаралған. 5 мектеп 1 қыркүйекте ел игілігіне тапсырылып, оқушыларды қабылдауы керек. 200-дей білім ұйымы ағымдағы жөндеуден өтуде. Ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда. Бұл мақсатқа 10 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. 106 мектептің жылу қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыруға 2,1 миллиард теңге бағытталды. Осы жұмыстар арқылы 300-ден аса білім беру ұйымының мәселесі шешімін табады, – дейді Бейсенбай Тәжібаев.
Тұтастай алғанда, өңір бойынша 35 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 3-і – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы есебінен, 32-сі – республикалық бюджет есебінен. 2023 жылы 20 мектеп тапсырылған. 2024 жылы қалған 15 мектептің 13-і пайдалануға берілетін болады, 2-і 2025 жылға өтпелі.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2024 жылы облыста жалпы қуаттылығы 1 800 оқушы орындық 8 мектеп құрылысын жүргізу ұсынылып, облыстық мәслихаттан қолдау тапты.
Аталған мектептерде 3 507 оқушы білім алады.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған.
Анықтама үшін нақтылай кетсек:
Оның ішінде: 300 орындық – 11 мектеп; 600 орындық – 25 мектеп; 900 орындық – 15 мектеп; 1200 орындық – 6 мектеп; 1500 орындық – 4 мектеп; 2000 орындық – 2 мектеп.
Аталған 29 мектептің 19-ы ағымдағы жылдың қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Анықтама ретінде нақтырақ айтсақ:
2023 жылы басталған 29 мектеп:
— Түркістан қаласында – 3 мектеп: 2000 орындық – 2 мектеп, 1200 орындық – 1 мектеп;
— Арыс қаласында – 1 мектеп: 600 орындық – 1 мектеп;
— Шардара ауданында – 2 мектеп: 1200 орындық – 1 мектеп; 300 орындық – 1 мектеп;
— Сарыағаш ауданында – 4 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп; 900 орындық – 3 мектеп;
— Бәйдібек ауданында – 1 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп;
— Жетісай ауданында – 3 мектеп: 1500 орындық – 1 мектеп; 900 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 1 мектеп;
— Келес ауданында – 3 мектеп: 600 орындық – 2 мектеп, 300 орындық – 1 мектеп;
— Сайрам ауданында – 1 мектеп: 600 орындық – 1 мектеп;
— Мақтаарал ауданында – 2 мектеп: 1500 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 1 мектеп;
— Отырар ауданында – 1 мектеп: 600 орындық – 1 мектеп;
— Ордабасы ауданында — 1 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп;
— Созақ ауданында – 1 мектеп: 900 орындық – 1 мектеп;
— Төлеби ауданында – 3 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 1 мектеп; 900 орындық – 1 мектеп;
— Сауран ауданында – 3 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 2 мектеп.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 миллиард теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы ағымдағы жылдың қыркүйек айында бөлінетін болады.
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Бұл бағыттағы қаржыларға да министрлік қолдау білдіретін болады.
Тиісті есептеулер министрлікке ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында ұсынылуы тиіс, бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, білім басқармасы тарапынан аталған мектептерде ашылатын жаңа штат бірліктері мен оқушылар қозғалысы есептелді.
2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 223.
Тарқата айтсақ:
Түркістан – 3 мектеп, 5200 оқушы орын;
Арыс – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Сарыағаш – 4 мектеп, 3000 оқушы орын;
Жетісай – 3 мектеп, 3000 оқушы орын;
Шардара – 1 мектеп, 1200 оқушы орын;
Бәйдібек – 1 мектеп, 300 оқушы орын;
Келес – 3 мектеп, 1500 оқушы орын;
Сайрам – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Отырар – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Төлеби – 3 мектеп, 1800 оқушы орын.
2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің 22-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 700 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 558.
Дәлірек айтсақ:
Түркістан – 3 мектеп, 3000 оқушы орын;
Арыс – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Сарыағаш – 1 мектеп, 1500 оқушы орын;
Жетісай – 2 мектеп, 1200 оқушы орын;
Кентау – 2 мектеп, 2400 оқушы орын;
Қазығұрт – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Келес – 2 мектеп, 600 оқушы орын;
Сайрам – 2 мектеп, 1200 оқушы орын;
Мақтаарал – 2 мектеп, 1800 оқушы орын;
Ордабасы – 4 мектеп, 3900 оқушы орын;
Түлкібас – 2 мектеп, 900 оқушы орын.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасына енген мектептердің директоры бос тұрған лауазымдарына директор тағайындау кезіңде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадр резервіне енген педагогтарды тағайындауға басымдық берілетін болады.
Сондай-ақ, осы мектептерде жұмыс атқаратын 41 басшылық құрам мен педагог кадрлар Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде және «Назарбаев Зияткерлік Мектептері ДББҰ» Педагогикалық Шеберлік Орталықтарында арнайы курстардан (5 күн – қаралған қаржы 9,9 миллион теңге (курс ақысы мен іссапар шығынын қосқанда) толық өтетін болады.
Жоба аясында енгізілетін мектептерде педагогикалық кадрлармен сапалық жағынан қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамтылмаған «Үздік», «Қызыл диплом» алған түлектердің тізімін сұратып және жұмысқа орналасуға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге ықпал жасау мақсатында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне хаттар жолданылып, бірлесе жұмыстар атқарылып жатыр.
Осы ретте жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде «Binom School» мектептер желісінің тәжірибесі ескерілетін болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.