Жыл басында Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2022 жылы атқарған жұмыстары жөнінде және биылғы атқаратын жұмыс жоспарлары туралы бекітілген кестеге сәйкес, Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен болатын. Онда аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев 2023 жылы аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарды баяндап өткен-ді. Соның ішінде бюджет, коммуналдық салаға кеңінен тоқталған аудан әкімі құрылыс, ауыз су, табиғи газ, электр қуатымен қамтамасыз ету, жол, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар, көгалдандыру, ауылшаруашылық, кәсіпкерлерік және туризм, әлеуметтік, жер қатынастары, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салалары бойынша 12 ауылдық округте 2023 жылы жүзеге асыралатын жұмыстарға тоқталған. Бұдан соң, кездесу сұрақ-жауапқа ұласып, тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылғаны – есімізде. Атап айтқанда, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Төлепбайұлы ауылдық округтегі темір жолы өткелінен көпір салу қажеттігін және табиғи газ мәселесін көтерсе, бұдан бөлек тұрғындардан ағын су, жер құжаттарын рәсімдеу, жерлерді ортақ жайылымға қайтару мәселелерін көтерген болатын.
Сол тұста ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері бойынша аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев барлық сұрақтарға толымды жауап беріп, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бойынша тұрақты бақылауда болатынын жеткізген еді. Түнеугүні аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев есепті кездесуін Жібек жолы ауыл округінің тұрғындарымен жалғастырды. Әкім Жібек жолы ауыл округінде атқарылатын жұмыстарды баяндады.
Сонымен… Сауран ауданы жер қатынастары бөлімі тарапынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне түгендеу жұмыстарын жүргізу барысында 15 жер, жалпы алаңы 2 808,4 гектар пайдаланушы жер учаскесін мақсатына сай пайдаланбай жатқандығы және жер заңнамасын бұза пайдаланып Қазақстан Республикасы жер кодексінің 65, 92, 94-баптарының талаптарын сақтамағандығы, яғни жер учаскесін игерілмей жатқандығы анықталды. Анықталған жер учаскелері бойынша акт түзіліп, Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне пайдалану және табысталу заңдылықтарына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуге және жер учаскесің қайтаруға ықпал жасау үшін хаттар жолданған.
Ал ортақ жайылым бойынша тоқталсақ, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан ортақ пайдалануға Сауран ауданы бойынша берілген жоспар 126,9 гектарды құрайды. Оның ішінде: 48,5 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтару арқылы, 78,4 мың гектар жер учаскесі меморандум арқылы қайтару жоспарланған.
Орындалуы туралы да айта өтейік. Мемлекет меншігіне қайтару жолымен 58,6 мың гектар жер учаскесіне мемлекет мұқтаждығына алу туралы қаулысы қабылданған. Сонымен қатар 61,8 мың гектар жер учаскесіне шаруа қожалығы иелерімен келісімшарт түзумен меморандум арқылы елді мекеннің ортақ жайылымына келісілді. Жалпы жоспар бойынша орындалғаны 121 903,57 мың гектар жер учаскесін құрады.
Осы күнге дейін Сауран ауданына қарасты ауылдық округтерде ортақ жайылым үшін жалпы 22665,0 гектар жайылым жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты (ГОСАКТ) алынған.
Сонымен қатар, Әкімдік тарапынан жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы сотқа жалпы көлемі 891,06 гектар, жалпы саны 8 жер учаскесін қайтару туралы талап қою арыз жолданып, бүгінгі таңда сот өндірісінде қаралуда.
Ғалымжан Үсенбаев Жібек жолы ауылдық округі халқымен соңғы кездесуінде іске асып жатқан бірқатар шаруаларды тілге тиек етті. Ұққанымыз, Сауран елді мекеніне воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнатылады. Жібек жолы ауыл округіне қоқыс полигонының аумағын қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 30-разъезд елді мекеніндегі Т.Ерімбетов көшесі ораташа жөндеуден өтеді. Жібек Жолы ауыл округінде әкімдік ғимаратының құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) әзірлену үстінде.
Аудан басшысы есептік баяндамасынан соң тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді. Аудан орталығынан ардагерлер үйін ашу, балалардың жаздық лагерін ұйымдастыру, байланыстың нашарлығы, аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлік, жарықтың нашарлығы. Тұрғындар талабы бұл. Ауылға медициналық пункт керек. Дәрігер де тапшы.
Кездесу барысында аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы: «Алдымызға қойылып отырған міндеттер жылдан-жылға артып келеді. Сол міндеттерді орындау халықтың талап-тілегіне сай жұмыс атқару, еліміздің көркейіп, дамуына нақты ісімізбен жауап беру — басты мақсатымыз. Ең бастысы оның барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруы үшін жасалуда», – деді.
Сонымен қатар, аудан әкімі жиын соңында тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы, мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың сапалы, уақытылы жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болатынын, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Білуімізше, Жібек жолы ауылдық округі бойынша жалпы жер көлемі 41232 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 39546 гектарға жетеді. Суармалы жер көлемі — 2060 гектар, тыңайтуға қалдырылғаны — 660 гектар. Бау-бақша мен азық-түлік дақылдарын егуге 886 гектар жер бөлінген. 33127 гектар жерге мал жайылады. Шабындық жердің көлемі — 2831 гектар. Ауыл тұрғындары негізінен мал өсіреді. Бірқатары бау-бақша өсіреді.
Жібек жолы ауылдық округі бойынша үш жақты келісімдегі тапсырмалардың орындалуы жүз пайыз атқарылған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімі жоспарда 2513,0 деп көрсетілсе, 2620,0-ге орындалып, 104 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 70 миллион теңгеге жеткізілді. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі қорына бес миллион теңге қаржы құйылды. Егістік жерлерді игеру көлемі 1404 гектарға жетті.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға кәсіпкерлердің өзі бас болып кірісуде. Мал сапасын күшейтуге де баса назар аударылуда. Мәселен, аналық түйе басын сатып алуға 288 миллион теңге жұмсалды. Қазіргі таңда ауыл кәсіпкерлері жылыжай шаруашылықтарын дамытып, қарқынды бау өсірумен шұғылдануда. Фермерлік шаруашылықтар 170 бас ұсақ малды яғни, асыл тұқымды қой ешкілерді сатып алды. 125 бас ірі қара малды несиелік жолымен сатып алуға аналық малдарды тұқымдық түрлендіруге жұмсалған.
Айта кетейік, Жібек жолы ауылдық округі Сауран ауданы орталығынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Екі елдімекеннен құрылған, яғни Сауран және 30-разьезд елдімекендері. Жалпы, халық саны 2531 адам болса,370 отбасын құрайды. Сауран ауылында 253 отбасы, 1732 адам, 30-разьезд 117 отбасы, 799 адам тұрады. Олардың ішінде қазақтар – 2487 адам, 98,4%, өзбектер – 43 адам, 1,6%, құрайды. Тыл ардагерлері – 6, «Батыр аналар» – 5, «Алтын алқа» – 48,«Күміс алқа» – 56, Жастар (14-29 аралығында) 505 (242 – ерлер, 263 – әйелдер).
Жібек жолы ауылдық округі әкімі аппараты 2021 жылы бекітілген жоспар негізінде жұмыс атқарды. Ауылдық округі әкімі аппаратында 6 қызметкер, оның ішінде 4-і мемлекеттік қызметкер, 2-і келісім-шартпен жұмыс істейді. Ауылдық округі әкімі аппаратына 2021 жылдың 12 айында мекемелерден 280 қатынас хат келіп түсіп, жауап берілген, мекемелерге 307 шығыс хат жолданған.
Ауыл округі әкімі аппаратына жеке азаматтардан келіп түскен өтініштерге, жеке қабылдауда болған азаматтарға «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауап берілді.
Ауылдық округтің негізгі капиталына салынған жеке инвестиция көлемі де айтарлықтай. «Жәңгір» жеке кәсіпкерлік нысаны жаңбырлатып суғару технологиясын сатып алуға 40 миллион теңге жұмсады. «Ныш-Ер» ЖШС жаңа техника алуға 10 миллион теңге жіберді. «Ysd–агро» ЖШС тамақ өнімдерін ұқсата пайдалану өндіріс базасына 5 миллион теңге жұмсаса, ауыл шаруашылығы техникаларын алуға 15 миллион теңге шығарды. Жібек жолы ауылдық округінде «Аруана» шаруа қожалығы 0,2 гектарға жылыжай салып, қызанақ пен қияр өсіруде. «Нұрлан» шаруа қожалығы 0,1 гектарға жылыжай салып, өнімдерін нарыққа шығаруда.
Ауылшаруашылығы саласы ауыл округін-дегі негізгі сала болып табылады. 2021 жылы Жібек жолы ауылдық округі бойынша 1404 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілді. Оның ішінде 350 гектарға бау бақша егіліп 12170 тонна өнім жиналды. 150 гектарға көкөніс егіліп, 4740 тонна жиналды. Картоп 210 гектарға отырғызылып, 5370 тонна өнім жиналды. Дәндік жүгері 200 гектарға егілсе, сүрлемді жүгері де 200 гектарға егілді. Одан алты мың тонна жүгері алынды. 294 гектар жерге жоңышқа егіліп, жылына екі қайтара орып алды.
Өткен жылы Жібек жолы ауылдық округі бойынша агроқұрылымдар 110 тонна жанар-жағармай алып, егістік жерлерін игеруде. Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы аясында ауылдық округтен 20 жоба бекітіліп, іске асырылуда. Түркістан облыстық ауылшаруа-шылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне ауылдық округінен агроқұрылымдар өздерінің өнімдерін шығаруда.
Мал шаруашылығы саласы да дамып келеді. Жібек жолы ауылдық округі бойынша жалпы мал басы саны ірі қара 2663-ке, уақ мал 23114-ке, жылқы 482 басқа түйе 735 басқа жетті. Құс шаруашылығында 2258 тауық бар. Қазір шаруа қожалықтары мал тұқымын асылдандыруға көп көңіл бөлуде.
Жібек жолы ауылдық округінде білім беру саласы бойынша 2 мектеп жұмыс істейді. «Сауран» жалпы орта мектебіндегі қызметкерлер саны – 80, оқушылар саны 420 оқушы, «30-разьезд жалпы орта мектебінде қызметкерлер саны – 45, оқушылар саны – 160. Ауылда «Көркем» бөбекжай бала бақшасында 25 қызметкер жұмыс істейді. Онда 3 топта 70 бала тәрбиеленуде. Былтырғы Ұлттық бірынғай тест қорытындысы бойынша мектеп бітірушілер саны 37 болса, олардың 31-і тестілік сынаққа қатысты. Оның ішінде екеуі «Алтын белгі» алса, біреуі «Үздік аттестат» иесі атанды. 11 мектеп бітіруші мемлекеттік грантқа ие болды. Барлығының орташа балы – 80,0 болды. Бұл — үлкен көрсеткіш.
Округ аумағында 2 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) жұмыс атқарады. Жалпы, медицина саласында 6 адам жұмыс істейді. Халықтың денсаулығын қадағалау, емдеу мақсатында емханада 2 жоғары білімді дәрігер, 2 орта арнаулы білімді медицина қызметкерлері, 2 кіші мейірбикелер жұмыс істейді.
Округ бойынша 2 клуб, 2 кітапхана орналасқан. Жібек жолы ауылдық кітапхана №27 кітап қоры – 13872 мәдени шара 12, 30-разъезд ауылдық кітапхана №26, кітап қоры – 8621, 10 мәдени іс-шара өткізілді. Жібек жолы ауылдық округі бойынша мектептерді қоспағанда 2 кіші футбол алаңы бар. Ауыл жастар арасында футболдан ауылдық округі чемпионаты ұйымдастырылады.
Жібек жолы ауылдық округі бойынша Сауран елдімекеніде 1 пошталық байланыс бөлімшесі жұмыс атқарып келеді. Аталған поштада мемлекеттен зейнетақы, жәрдемақы және т.б әлеуметтік төлемдер бойынша қызметтер көрсетілуде.
Жібек жол ауылдық округінің аумағында орналасқан көне Сауранды қалпына келтіру жұмыстары басталғалы оның тарихына қызығушылар мен шетелдік саяхатшылар үзілмейді. Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Биіктігі 6 метр қабырғамен қоршалған қалашықтың өлшемі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 800 метр. Солтүстік-батыстын оңтүстік-шығысқа қарай 500 метр мәдени қабатының биіктігі: 2 метр. Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран — жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған.
Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 метр дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7 – 18-ші ғасырларға жататынын дәлелдейді.
Ортағасырлар кезінде Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шека-ралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралы-ғында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.
Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген. Сауран қаласы ХІV ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, бір кездері оның астанасы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ.
Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады.
Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған.
Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Уәсифидің айтуынша осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің басы да сол маңнан басталады.
Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ, шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қал-дықтары қазылып, олардың сақталған бөлік-тері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды.
Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады.
Ауыл әкімінің айтуынша, қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ауданның да бірқатар мәдени шаралары осында өткізіле бастады. Бұл өз кезегінде Жібек жол ауылдық округінің қазынасына қаржы құятын туристік бағдардың бірі болып қалмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.