Бұл туралы кеше Сауран аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында сөз болды. Бірлескен отырыста бір мәселе қаралды. Депутаттар Сауран ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебін тыңдады. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров баяндады.
2023 жылға аудан бюджетінің жалпы көлемі 8 миллиард 999,0 миллион теңгені құрады, оның ішінде жергілікті кірістер жоспары 2 миллиард 390,4 миллион теңге көлемінде бекітілген. Жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдер 2023 жылдың 8 айының қорытындысына орай 1 миллиард 777,9 миллион теңгені құрап, жоспар 116,5%-ға немесе 251,3 миллион теңгеге артығымен орындалды. Бюджеттің шығыстар бөлігінде есепті кезеңге жоспарланған 5 миллиард 805,3 миллион теңге 99,5 пайызға игерілген. Ал жалпы өңірлік өнім 2023 жылдың 7 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 30,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,5%-ға артқан.
Мұнан өзге ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс жұмыстарында да өткен жылмен салыстырғанда өнімді тірлік бар. Ауданға тартылған инвестиция көлемі де қомақты. Соңғы 2 жылда аудан экономикасына 38,3 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталып, 2 есеге өскен. Жеті айда инвестиция көлемі 15,7 миллиард теңгені құраған. 2023 жылдың қаңтар-шілде айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 миллиард 491,1 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,3%-ды құрады. Өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 3 миллиард 651,6 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 107,0 пайызға жеткен. Үстіміздегі жылы 7 айдың қорытындысымен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы арқылы кәсіпкерлік субъектілерін 800,0 миллион теңгеге жуық жеңілдетілген 6 пайыздық несиемен 11 жоба қаржыландырылды.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2021 жылғы 2 073-тен бүгінгі таңға 6 901-ге жетті немесе 4 828-ге өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артқан. Сонымен қатар, әлеуметтік, коммуналдық салаларда да өсім бар.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша тоқталсақ. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 392 100 гектарды құрап отыр. Оның ішінде: суармалы – 44 441 гектар; шабындық – 3 257 гектар; жайылымдық жер – 344 402 гектар.
Ауданда 2972 шаруа қожалығы мен заңды тұлғалар бар.
- Заңды тұлға – 45;
- Шаруа қожалықтары – 2927.
Сауран ауданы бойынша 2022 жылы 42 137 гектар егістік жер игерілсе, биыл 42 200 гектар егістік жерді игеру тапсырма берілген болатын. Оның 44082 гектар егістік жері игеріліп, өткен жылдың тиісті кезіңімен салыстырғанда 1945 гектар артығымен орындалып, 104,6 % құрады.
Түсініктірек болу үшін төмендегі кестеге назар салыңыз:
№ | Дақыл түрі | 2022 жылы | 2023 жылы | Айырашылығы (+\-) | % |
1 | Бидай | 3275 | 4254 | 979 | 129,9 |
2 | Арпа | 300 | — | -300 | 0 |
3 | Дәндік жүгері | 2800 | 2875 | 75 | 102,7 |
4 | Мақсары | 310 | 580 | 270 | 187,1 |
5 | Күнбағыс | 65 | 110 | 45 | 169,2 |
6 | Көкөніс | 2433 | 2502 | 69 | 102,8 |
7 | Картоп | 358 | 470,5 | 112,5 | 131,4 |
8 | Бақша | 5259 | 6473 | 1214 | 123,1 |
9 | Мақта | 12772 | 11666 | -1106 | 91,3 |
10 | Мал азығы (жоңышқа, сүрлемдік жүгері) | 14565 | 15153 | 588 | 104 |
Барлығы | 42137 | 44082 | 1945 | 104,6 |
Сауран аудан бойынша 8 айдың қорытындысымен мал саны 651 891 бас, құс саны 182 814 басты құрады. Салыстыру үшін төмендегі кестені қараңыз:
№ | Мал басы түрі | 2022 жылы | 2023 жылы | Айырашылығы (+\-) | % |
1 | ІҚМ | 97422 | 98567 | 1145 | 101,2 |
2 | УАҚ мал | 510308 | 528011 | 17703 | 103,5 |
3 | Жылқы | 19687 | 20622 | 935 | 104,7 |
4 | Түйе | 3722 | 4086 | 364 | 109,8 |
5 | Шошқа | 1964 | 605 | -1359 | 30,8 |
6 | Құс | 188169 | 182814 | 18788 | 103,0 |
Іске асырылған, асырылып жатқан, жоспарланған инвестициялық жобаларға келсек, 2022 жылы Сауран ауданына ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 6 миллиард 300 миллион теңге тапсырма берілсе, жыл қорытындысымен 7 миллиард 141 миллион теңге инвестиция тартылып, 113,4 %-ды құрады.
2023 жылға 11 миллиард 332 миллион теңге тапсырма берілді, 8 айдың қорытындысымен 3 миллиард 973 миллион теңге орындалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есе артқан.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта ірі шаруалар бойынша жалпы құны 4 миллиард 810 миллион теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.
- Үшқайық ауылдық округінде «Иманқұл ата» шаруа қожалығы – балық шаруашылығын дамыту жобасы, жалпы инвестиция құны — 600,0 миллион теңге;
- Оранғай ауылдық округінде «Балмұздақ» ЖШС – Балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу жобасы, жалпы инвестиция құны — 2,56 миллиард теңге;
- Ескі Иқан ауылдық округінде «AgroFoodTrade» ЖШС – мақта майын өндіру цех жобасы, жалпы инвестиция құны — 500,0 миллион теңге;
- Оранғай ауылдық округінде «БНК АГРО KZ» ЖШС – мал азығын дайындайтын (комбикорм) цех құрылысының жобасы, жалпы инвестиция құны — 400,0 миллион теңге;
- Жібек жолы ауылдық округінде «Тәуекел Агро» шаруа қожалығы – 300,0 гектарға жаңбырлатып суару қондырғысын орнатып, жоңышқа өсіру жобасы, жалпы құны — 350,0 миллион теңге;
- Жібек жолы ауылдық округінде «JMJ» ЖШС – 500,0 гектарға жаңбырлатып суару қондырғысын орнатып, жоңышқа және мақсары дақылын егу жобасы, жалпы құны — 400,0 миллион теңгені құрайды;
Реті келгенде «Ауыл аманаты» жобасы жайлы да айта өтейік. «Ауыл аманаты» жобасы Қазақстан Республикасының Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазастан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды.
Жобаның негізгі ережелері мен несие беру шарттары «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2022 жылғы 26 шілде №314 бұйрығымен бекітілген.
Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен 11,0 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, қосымша 8,7 миллиард теңге қаржы берілді.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде.
Несиелендіру 6 БАҒЫТТА жүзеге асырылатын болады:
- Өсімдік шаруашылығын дамыту;
- Мал шаруашылығын дамыту;
- Құс шаруашылығын дамыту;
- Балық шаруашылығын дамыту;
- Ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау;
- Тұрғындардың өз кәсібін ашу.
Жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін — 8 625 000 теңгеге дейін;
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі;
Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі — 2,5%;
Несиенің шекті мерзімі – 84-60 айға дейін;
Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.
«Ауыл аманаты» пилоттық жобасына қатысушы ретінде Сауран ауданына қарасты 4 ауылдық округ таңдалды. Атап айтқанда: Оранғай, Қарашық, Майдантал, Ескі Иқан ауылдық округтері. Бүгінгі күнге 7 кооператив құрылды.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 175 жоба қабылданып, оның ішінде Қарашық ауылдық округі бойынша құны 349,4 миллион теңгені құрайтын 45 жоба, Оранғай ауылдық округі бойынша құны 193,0 миллион теңгені құрайтын 37 жоба, Ескі Иқан ауылдық округінен 158,6 миллион теңге 25 жоба және Майдантал ауылдық округінен 91,1 миллион теңге 12 жоба несие комитетімен мақұлданды. Жалпы, Сауран ауданы бойынша бүгінгі күнге 360,5 миллион теңге 67 шаруа несие рәсімделді.
«Ауыл Аманаты» жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда.
Баяндамадан кейін депутаттар өз тараптарынан сұрақтарын қойып, тиісінше жауаптарын алды. Атқарылуы кешеуілдеген жұмыстар да қызу талқыға салынды.
Ал бүгін аудандық мәслихаттың кезекті VII сессиясы өтті.
Сессияда он бес мәселе қаралды. Бұған дейін дербес бөлім басшылары мен ауыл әкімдері депутаттар алдында есеп берген болатын. Аудандағы күрмеуі қалың мәселенің түйіні тарқатылып, шешілу жолдарын депутаттармен бірге талқыланған еді. Кешегі бірлескен комиссия отырысында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды.
Бүгінгі сессия отырысында халық қалаулылары берілген есепті қалыс қалусыз бірауыздан қабылданды.
«Құрметті депутаттар, сіздер жас ауданның іргесін нығайтуда жасаған жұмыстарыңыз тарихта қалары сөзсіз. Алдағы уақытта да ауданның еңсесін бірлесіп көтереміз деген сенімдемін, — деді аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев. Халық қалаулылары да бірауыздан мақұлдасты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.