Саурандық жиһаз жасаушы кәсіпкерлер 17-22 қараша аралығында Мәскеуде өткен халықаралық көрмеге өз өнімдерін ұсынған болатын. Бұл көрме жиһаз индустриясының соңғы жетістіктерін көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Сауран ауданынан “Tak mebel” ЖШС, “Ideal Türkistan” ЖШС, «Asia Brand«, «Хабибулла ата» сынды жеке кәсіпкерлер заманауи дизайндар мен инновациялық технологияларды пайдалана отырып, түрлі стильдегі жиһаздарды таныстырды. Мәскеудегі көрме әлемдік нарықта танымал болғысы келетін кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндіктер ашты.
Саурандық кәсіпкерлердің өнімдері ерекше эстетикасымен, сапасымен және қолжетімді бағасымен ерекшеленіп, көрмеге келген қонақтар мен әлеуетті сатып алушылардың назарын аударды. Бұл көрме саураңдық жиһаз өндірісінің халықаралық нарықта танылуына мүмкіндік беріп, кәсіпкерлер үшін жаңа серіктестіктер мен келісімдерге келді.
Отандық жиһаз өндірісі Мәскеу нарығын бағындырып, енді жаңа жетістіктерге қадам басады. Мәскеудегі көрмеде таныстырылған өнімдер жоғары сапасы мен ерекше дизайнымен көзге түсті. Бұл Сауранның жиһаз өндірісінің халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие екенін көрсетті. Кәсіпкерлер жаңа тұтынушыларды тартуда. Мәскеу нарығы — жаңа мүмкіндіктер мен нарыққа кірудің басты кезеңі, ал алдағы уақытта Саурандық жиһаз өндірісі тек Ресейде ғана емес, әлемдік нарықта да өз орнын табуға бағыт алып барады.
Бұл өз кезегінде өзге кәсіпкерлерді де жиһаз өндірісіне ден қоюға ынталандырып отыр. Мәселен, жуырда ғана Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде «СОФТ ХАУС» цехының ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, ауыл ақсақалдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жеке кәсіпкер Шавкатжан Искаков өз қаражаты есебінен осы кәсіпті бастаған. Бүгінде өндіріс орнын кеңейтіп, ашылып отырған цехтың аумағы 1,0 гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны – 500 миллион теңге, заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 2 мыңға жуық жұмсақ жиһаз өнімдерін шығаруға қауқарлы.
Бүгінде 15 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың жалақысы 150-200 мың теңге көлемінде белгіленген. «СОФТ ХАУС» жиһазының өнімдері бүгінде сұранысқа ие. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарымен қатар, көршілес Қырғызстан еліне өткізіледі. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Қытай, Ресей, Түркия елдерінен алдыртады. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
– Жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіп жасаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау тауып келеді. Отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан-жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдер сұранысқа ие болып, өз кәсібіміздің кеңейуіне жол ашылуда, – дейді өндіріс орнының басшысы Шавкатжан Мамиржанұлы.
Естеріңізде болса, биыл сәуір айында Сауран ауданында «Asia Brand» жиһаз фабрикасының екінші кәсіпорны ашылды. Айта кетсек, «Asia Brand» фабрикасы былтыр жыл соңында президенттің «Алтын сапа – 2023» сыйлығының жеңімпазы атанды. «Asia Brand» фабрикасы алдағы уақытта мыңға жуық аудан тұрғындарын жұмыспен қамтымақ. «Asia Brand» Түркістан облысын ғана емес, еліміздің барлық аумағынан түскен сұранысты қамтып отыр. Тіпті аталмыш компанияның жиһаздары шетелдерде де сұраныста. Мұның себебі — өнімнің сапалы болуында.
Расын айту керек, істің көзін тапқан адамға кәсіп көп. «Кәсіп ашып, жұмыс істеймін» дейтіндерге мүмкіндік те жоқ емес. Соның нәтижесінде өнімді шығаратын кәсіп иелері көбейіп, аймақтан шыққан өнімдерге де сұраныс арта түсуде. Атап айтсақ, Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес, ішкі есіктер шығарылуда. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан.
«Люкс Двери» шағын цехтың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев пен Еңбекші Диқан елді мекенінің тұрғындары және ауыл ақсақалдары қатысты. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс атқарып, жылына 150 мың есік шығарады. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.
«Ауданнан бөлек, ауыл округінде есіктерге сұраныстың жоғары екенін аңғардым. Алдағы уақытта осы салада өнім өндіретін цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Нар тәуекел етіп, бастаған ісім өрге басып, сұраныс артқан сайын жұмысымды өрістете бастадым. Қазір жаман емес, кәсібімнің арқасында жетістікке жетіп жатырмын» — дейді цех иесі.
Есіктің қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару тек шын шебердің қолынан келеді. «Қимылдағанның қыр асатынын» жақсы білетін Азизбек пен Бахадир кәсіптің осы түрін қолға алып, жетістікке жетуде. Кәсіпкерлер алдағы уақытта есіктердің түрлерін көбейтіп, цех әлеуетін арттырып, көрші облыс пен қалалардан тапсырыстарды қабылдауды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек ауданға қарасты Оранғай ауылдық округінде «RICH HOME FURNITURE» жиһаз цехы жұмыс істеп тұр. Жаңа өндірістік цех заманауи технологиялармен жабдықталған, жылына 500-ден астам үй жиһаздарын шығаруға қауқарлы. Экспорттың негізгі көлемі Орал, Ақтөбе сондай-ақ Қызылорда, Түркістан қалаларына жіберіледі.
Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды шетелден алдыртады. Жиһаздардың бірегей үлгісі Ресей, Түркия, Беларусь, Қытай және Италияның сапасы мен дизайны бойынша жасалынуда. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
Аудан бойынша 2025 жылға дейін 61,4 миллиард теңгенің 102 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Сауранда 12 жиһаз цехын іске қосу жоспарда бар. Оның 9-ы жұмысын бастады.
Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Осыған орай жиһаз кластерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Облыс жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына қажетті жиһаздар отандық өндірушілерден сатып алынады.
2023 жылы отандық жиһаз өнеркәсібіне инвестиция көлемі 17,1 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есеге жоғары көрсеткіш (4,4 миллиард теңге).
Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 миллиард теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Түркістан облысында осы салаға 1,4 миллиард теңге инвестицияланған. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, бір жылда саладағы инвестиция көлемі тоғыз еседен астам (9,1) өсім көрсетіп отыр. Мұндай жоғары көрсеткіштер кеңселер мен сауда кәсіпорындары үшін жиһаз өндірісіне (+5,8 есе — 6,3 миллиард теңгеге дейін) және басқа да жиһаздарға (+18,9 есе — 6,9 миллиард теңгеге дейін) инвестициялар көлемін арттырудың арқасында мүмкін болды.
Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 миллиард теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсанында елде 82,6 миллиард теңгеге жиһаз өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 27,7% артық. Өнеркәсіп өндірісінің индексі (ӨӨИ) — 143,5%.
Өңірлер бойынша ең көп жиһаз дәстүрлі түрде Алматыда шығарылды: 22,8 миллиард теңге, бір жылда 29,5% көбейген. Одан кейін — Алматы (8,5 миллиард теңге, 59,8% көбейген) және Түркістан (6,9 миллиард теңге, 48,7% көбейген) облыстары.
Ақшалай ең көп кеңселер мен бөлшек сауда кәсіпорындарына арналған жиһаз шығарылды: 31,5 миллиард теңге – бір жыл бұрынғыдан 32,3% артық. Тағы 8,2 миллиард теңгеге ас үй жиһазы, 6,2 миллиард теңге матрас өндірілді.
Металл қаңқасы бар отыратын жиһаз өндірісі 87,7 мың өнімге жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 22,3% артық.
Ағаш кеңсе жиһазының өндірісі 14,4%, 15,1 мың бұйымға, ас үй жиһазы – 40,3%, 9,1 мың бұйымға, төсек пен шкафтан басқа ағаштан жасалған жатын жиһазы – 44,1%, 3,2 мың бұйымға дейін өсті.
Асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаздың шығарылымы өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ды құрады – 1% аз.
Биыл қаңтарда жиһаз және тұрмыстық заттар бір жылда 11,8% қымбаттады. Оның ішінде электр люстралар жылдық динамика бойынша 15,7%, көйлек пен ішкиімге арналған шкафтар – 14,6%, ванна бөлмесіне арналған аспалы айналар – 13,9%, үстелдер – 12,4%, орындықтар – 11,4%, төсек диван – 10,6%, жатын бөлмелері жиһазы – 7,5% қымбаттады.
Өңірлер бойынша жиһаз және тұрмыстық заттар бағасының өсуін Ақмола (бір жылда 27,7%), Алматы (23,2%) және Қарағанды (22,3%) облыстарының тұрғындары қатты сезінді. Бағаның ең аз жылдық өсімі Жамбыл (2,1%), Павлодар (3,1%) және Ақтөбе (3,4%) облыстарында байқалды.
Жиһаз өнеркәсібінің негізгі капиталына алдағы жылдары 8 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы кейбір жобаларды Қытай қаржыландыратынын хабарлады.
«Қазіргі таңда еліміздің жиһаз өнеркәсібінің инвестициялық портфелі құны 17 миллиард теңгеден асатын 9 жобаны қамтиды. Оларды іске асыру арқылы шамамен 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ», – деп мәлімдеді аталған орталық.
Биыл Түркістан облысында 4 жоба іске қосылды. Жалпы өндіріске 9,2 миллиард теңге жұмсалды. Өнімдердің негізгі бөлігі ел аумағына таралады.
2024 жылдың соңына дейін Павлодар облысында бір жоба іске қосылады. Жоба құны – 388 миллион теңге. Өндіріс орны кеңсе және мектеп жиһаздарын шығарады.
Шымкент қаласында құны 800 миллион теңгені құрайтын 3 жоба бар. Соның негізінде жиһаз, медициналық жиһаз және металл шкафтар өндірісі қолға алынады. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 9 %-ға жуығын жақын және алыс шетелдерге экспорттайды.
Абай облысында жалпы құны 7,5 миллиард теңгеге корпустық кеңсе жиһазын шығаратын кәсіпорын салынбақ. Жоба нәтижесінде 530 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның негізгі инвесторы – Қытай Халық Республикасы.
2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында жиһаз өнеркәсібі саласына 1 173,4 миллион теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемі жөнінен сол кезде Түркістан облысы алға шықты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.