Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Шорнақ ауылдық округінің тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде аудан орталығында атқарылып жатқан ілкімді жұмыстарға тоқталып өткен болатын. Атап өтсек, Қосмезгіл елді мекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің 2-кезеңі бойынша жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлену үстінде. Мердігер мекеме — «ДИАС-проект» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Сараптаманың оң қорытындысын алу қыркүйек айының соңына дейін жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Шорнақ елді мекені бойынша да сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің 2-кезеңі бойынша жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп жатыр. Мердігер мекеме — «ДИАС-проект» ЖШС-мен келісімшарт жасылып отыр.
Ауыз су демекші, биыл сәуір айында Сауран ауданының Аша ауылына таза ауыз су берілген-ді. Жоспарға сәйкес ауыз сумен қамту жұмыстарының ІІ кезеңі іске қосылып, ауылдың барлық тұрғындары таза ауыз суға қосылды. Бұған дейін тұрғындар құдық суын пайдаланып келген.
– Өркениетті елдерде тұрмысқа қажетті игіліктер шалғай ауылдарда да қолжетімді болуы тиіс. Бұған Үкімет те айрықша көңіл бөлуде. Су – тіршіліктің нәрі. Бүгін сіздер үшін тіршілік қайта оянды. Себебі көптен күткен ауыз суды іске қосқалы жатырмыз. Қуаныштарыңызбен құттықтаймын, – деген болатын сол тұста аудан басшысы Ғалымжан Үсенбаев.
Жоба құны – 628,203 миллион теңге. Тереңдігі 720 метр 2 дана су ұңғымасы қазылған. Сыйымдылығы 200 текше метр 2 дана су қоймасы салынды. Сондай-ақ магистральді таратушы құбырдан – 22,27 шақырым, абоненттік құбырдан 13,753 шақырым жүргізілді. Бас мердігер мекеме – «Саулет-Бетон» ЖШС. Ал авторлық қадағалаушы мекеме – «ПСИ Каз Нур» ЖШС. Техникалық қадағалаушы мекеме – «SK Best Spes Story KZ» ЖШС.
Сауран ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары аясында ауданға қарасты қала, кент, ауылдық округ елді мекендеріндегі ескі су жүйелері жаңартылып, тозығы жеткендері толығымен ауыстырылуда.
Бүгінде ауданда 12 ауылдық округке қарасты 36 елді мекеннің 88,9% (100,5 мың адам) орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген.
Осы орайда Сауран ауданында ауыз су тапшылығын шешу мақсатында 2023 жылы 268 тұрғыны бар Ойық елді мекеніне республикалық бюджеттен қаржы қаралып, ауыз сумен қамту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылыс жұмыстары 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлап отыр.
Одан бөлек, Ескі Иқан елді мекенінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Иқансу-Қытай» кен орнының жерасты суларынан Ø-250 мм магистральді су құбырын тартуға бір нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Нысанның құрылыс жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін 2024 жылға республикалық бюджетке ұсынылған.
Сондай-ақ, жобалаушы мекемемен меморандум арқылы аудандағы С.Қожанов, А.Үсенов, Мәшһүр Жүсіп, Еңбекші Дихан, Ораңғай, Абай елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз және құбырларын жаңартуға жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұдан бөлек, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетсек, ауданда 2023 жылы Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендеріне жаңадан қоныстанған және ауыз су құбыры жүргізілмеген аумақтарына бюджеттен қаржы қаралып, жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жолданды.
Ал, электр қуаты бойынша Қосмезгіл және Шорнақ елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленген. Сонымен қатар, Шорнақ елді мекенінің ішкі көшелеріне трансформатор орнату жұмыстарына қаржы қаралған. Мердігер мекеме – «Тан Срой Сервис» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аудан орталығын абаттандыру бойынша «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолы бойын абаттандыруға (3-4-5-6-шы кезеңдер) байланысты мердігер мекеме – «SIS Строй» мен «Ерасыл Құрылыс 2013» ЖШС-терімен келісімшарт жасалған. Алдағы уақытта Шорнақ елді мекеніне 50 дана қоқыс жәшігі мен орындықтар орнату жұмыстары жүргізіледі. Мердігер мекеме – «Шымкент Гранд Строй» ЖШС. Шорнақ елді мекеніндегі әкімшілік іскер орталығы аумағына саябақ құрылысына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Қосмезгіл елді мекенінің Кентоғай, Ш.Уәлиханов көшелеріне түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілетін болады.
Жол саласы бойынша Аша елді мекеніндегі жаяу жүргіншілер көпірі құрылысына «SK Best Spec Stroy KZ» ЖШС-гі тарапынан жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленуде. Жалпы, Шорнақ ауылдық округі бойынша тас төсеу жұмыстары жүргізілді (Ш.Уәлиханов, Утенов, Қонаев, Абдуалиева, Шаяхметов тұйығы, Найманбаев, Аша, М.Жұмабаев, С.Шамиев көшелеріне). Бұдан бөлек, 4 дана жасанды жол кедергісі мен 20 дана жол белгісі орнатылған.
Жалпы, Сауран ауданы 12 ауылдық округтен тұрады. 12 ауылдық округте жалпы саны 35 елді мекен бар. Ал, аудан орталығы – Шорнақ елді мекені. Сауран ауданының жалпы аумағы — 721745 гектар, халық саны 106,802 адамды құрайды.
2023 жылға аудан бюджетінің жалпы көлемі 9 млрд. 135 млн. 189 мың теңге болса, оның ішінде жергілікті кірістер жоспары 2 млрд. 133 млн. 477 мың теңге көлемінде жоспарланды.
Аудан бюджеті 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жалпы 3,5 есеге ұлғайған. 2022 жылдың 1 қаңтарына жергілікті бюджетке 374,1 млн. теңге жоспарланып 437,1 млн. теңге қаржы түскен, орындалуы 1,2 есеге ұлғайып немесе 63 млн. теңгеге асыра орындалған. Шығыс бөлігіндегі жоспардағы 1 млрд. 177,7 млн. теңгенің 1 млрд. 175,5 млн. теңгесі игеріліп 99,8%-ды құрады.
Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы және топографикалық түсірілімімен бірлескен бас жоспары былтыр қыркүйек айында аудандық мәслихат сессиясында бекітілді. Аудан орталығы Шорнақ ауылдық округі, Шорнақ елді мекенінен 38 гектар жер бөлініп, әкімдік, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, аумақтық органдар, ішкі істері басқармасы ғимараттарының құрылысы және инженерлік инфрақұрылым құрылыс жұмыстары жүргізіліп, биыл шетінен пайдалануға беріліп жатыр.
Сонымен қатар, «Шорнақ елді мекенінде төрт автомашинаға арналған өрт сөндіру депосы» құрылысы, «200 орындық аудандық орталық аурухана» салынуда. Осы екі құрылыс нысаны бойынша Түркістан облысы құрылыс басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Ал, төмендегі нысандарға тапсырыс беруші аудандық құрылыс және сәулет бөлімі болып табылады. «500 орындық мәдениет үйі» құрылысы бойынша Сауран ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. «Спорт кешені» құрылыс нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын дайындайтын жобалаушы мекеме анықталып, қазіргі таңда жоба дайындалуда.
Сауран ауданы әкімдігі жергілікті халықты ауыз сумен және егістікті табиғи су жүйелерімен қамту жұмысына жан-жақты талдау жүргізіп, кешенді бағдарламаларды жүзеге асыруда. Қазіргі таңда Бабайқорған ауылдық округі, Абай елді мекеніндегі Ақтөбе су қоймасынан егіске баратын Тасарық құрылысының жоба сметалық құжаттамасын әзірлеуге байқау өткізіліп, жобалаушы мекеме анықталды. Қазіргі таңда жоба сметалық құжаттамасы дайындалуда. Сонымен қатар Бабайқорған ауылдық округі, Үлгілі елді мекеніндегі «Сасық бұлақ» су қоймасы құрылысының жоба сметалық құжаттамасын әзірлеуге байқау өткізіліп, жобалаушы мекеме анықталды. Қазіргі таңда жоба сметалық құжаттамасы дайындалуда.
2009-2019 жылдары 31 елді мекенге Түркістан қаласының және Кентау қаласының тарапынан ауыз сумен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Соның ішінде 32 жол айырығы, Қаратөбе, Егізқара елді мекендері ауыз сумен қамтылмай қалған. Аталған елді мекендердегі тұрғын үйлер бір-бірінен алыс орналасқан және ауылдық округ орталығынан халқы мал шаруашылығымен айналысу мақсатында шалғайда орналасқан елді мекендер. Елді мекендердің тұрғын үй саны және халық санының жеткіліксіз болып, экономикалық жағынан тиімсіз деп саналып, ауыз су құбыры жүргізілмеген. Бұл елді мекендерге кешенді блок модуль орнату жоспарлануда. Сауран ауданына қарасты, Ойық елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы, Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы сметалық құжаттаманы түзету» нысанына 2023 жылдың қаржыландыру жоспарына енгізіліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылы жүргізілетін болады.
Бүгінгі таңда 31 елді мекеннің ауыз су тарату орталықтарындағы тозығы жеткен құрылғыларын ағымдағы жөндеу жұмыстарына сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру көздеріне қарай кезең–кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Қазіргі таңда, төрт ауылдық округтегі он бір елді мекенге табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыстары жүргізілген. Атап айтқанда, Үшқайық ауылдық округіне қарасты төрт елді мекенге өткен жылдың сәуір айынан бастап газ берілуде.
Сонымен қатар, «Мемлекеттік жекеменшік әріптестік» бағдарламасы аясында Жаңа Иқан, Шаға ауылдық округтеріне қарасты алты елді мекенге табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша 2020 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қабылдаудан өткізілген. Бүгінгі таңда табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша екі жақты келісім-шарт түзіліп, 2022 жылдың қазан айынан бастап, Шаға ауылдық округінің он көшесіне газ берілді. Ал, қалған елді мекендердегі газ құбырларына ауамен сығымдау жұмыстары жүргізілуде. Тиісті жұмыстар аяқталған соң, елді мекендерге газ берілетін болады.
Ескі Иқан елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары 2018 жылы толығымен аяқталған. Нысанға тапсырыс беруші Кентау қаласы әкімдігі, мердігер мекеме «Баянды-Құрылыс» ЖШС. Нысан бүгінгі таңда ескірген. Көптеген кемшіліктердің болуына байланысты газ беру мәселесіне кедергі келтіруде. Мердігер мекеме тарапынан кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтерін және Оранғай, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлдіруге облыстық салалық басқармаға ұсынылды.
Аудан орталығы Шорнақ елді мекеніне магистральды газ құбырларын жүргізу жұмыстары бойынша Кентау қаласының әкімдігі тарапынан жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сауран ауданы әкімдігі тарапынан екі ауылдық округке табиғи газбен қамтамасыз етуге жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы қаралып, жобалаушы мекеме анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Олар Оранғай ауылдық округіндегі Бостандық және Қосқарған елді мекендері, Иассы ауылдық округіндегі Еңбекші Дихан елді мекенін табиғи газ құбырымен қамтамасыз ету құрылысының жобалары.
Қазіргі таңда Сауран ауданында мал басы өскен сайын жайылымдық жерлерді заңды иесіне қайтару мәселесі бас ауыртатын аса өзекті мәселенің біріне айналды. Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан Сауран ауданы бойынша 48,5 мың гектар жерді елді мекенге ортақ жайылымға қайтару жоспарланып, 51,25 мың гектар жер телімін мемлекет мұқтаждығына алынып, аталған ауылдық округтерге ортақ жайылым үшін қаулы қабылданып, сәйкестендіру актісі рәсімделуде.
Сонымен қатар, 78,4 мың гектар жерді меморандум арқылы беру жоспарланып, жалпы 31,8 мың гектар жер теліміне келісім-шарт түзумен меморандум арқылы ортақ жайылымға келісілді. Сонымен қоса кәсіпкерлік жер учаскелеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізу Gosreestr.kz электронды сауда айналымы жүйесі арқылы талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу – 7 жер аукцион арқылы беріліп, жалпы соммасы 12 158 935 теңге бюджет есебіне түскен.
Сауран ауданына қарасты ауылдық округтер бойынша 27,3 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, Сауран ауданы әкімдігінің арнайы жер қорына алу туралы қаулысы қабылданып, мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сауран ауданы бойынша алдағы уақытта бос алаңшаларды дайындап, инженерлік инфрақұрылымдық жүйелерін жүргізуге жобалау сметалық құжаттарын әзірлеу үшін бюджеттен 380 млн теңге қаражат бөлінген жағдайда инженерлік инфрақұрылымдық жүйелері жүргізілгеннен соң тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелері Сауран ауданы бойынша кезекте тұрған 23824 азаматтарға заң аясында табысталатын болады.
Сауран ауданында көптен бері шешілмей келген мәселе, ағын судың тарифі екі түрлі болатын. Ескі Иқан ауылдық округіндегі «ИДЖЖЖ-2» (ПУИД-2) бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізген «Қазсушар» мекемесінің тарифтік бағасы 787,36 теңге болса, ішкі жүйелерге су беретін «Тұран су» мекемесінің тарифтік бағасы 251,19 теңге болған. 2022 жылы осы мәселе шешіліп, жүйелер «Тұран Су» ШЖҚ МКК- теңгеріміне өткізіліп, ағын судың тарифтік бағасы 251,19 тг болып белгіленді. Сонымен қатар, иесіз мүлік болып келген «Майдантал» мен «Ырмақ» су қоймалары да «Тұран Су» ШЖҚ МКК-ның теңгеріміне өткізіліп, жөндеу жұмыстарына қаржы қаралды. Алдағы уақытта ауданда орналасқан 39 каналдар мен арықтарға күрделі және ағымдағы жұмыстарды жүргізу мақсатында, құжаттарын рәсімдеп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран Су» ШЖҚ МКК-ның теңгеріміне өткізуге ұсыныс берілетін болады.
Сауран ауданындағы ең өзекті мәселенің бірі де бірегейі кәсіпкерлік саласына инвестиция тарту жайы кезек күттірмейді. 2022 жылы инвестиция көлемі 25 млрд теңгеге орындалып отыр. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 186,6 пайызды құрады. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласы 2022 жылы көрсеткіші 8 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 80 пайызды құрады. Ал, өңдеу өнеркәсібінде 2022 жылы көрсеткіш 5,2 млрд теңгеге орындалды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 72,0 пайызды құрады. Инвестиция көлемінің артуына байланысты 2022 жылы шағын және орта бизнес саны 5201 субъектіге жетті. 2021 жылмен салыстырғанда 251,2 пайызды құрады. Сондай-ақ, ішкі сауда статистикасы бойынша, 2022 жылы көрсеткіш 1060,7 млн теңгеге орындалып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 109,3 пайызды құрады.
Кәсіпкерлерді аз пайызбен несиеленді-ру бойынша 2022 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 3 адам 15 млн. теңге АИО «Оңтүстік» микро қаржы ұйымынан 8 адам 660,3 млн. теңге және «ЫРЫС» микроқаржы ұйымынан 60 адам 250 млн. теңге несие алған.
Түркістанның облыс мәртебесін алуы мен Сауран ауданының қайта ашылуы, өңірдің іскер қауымының жаңа жобаларды игеруіне жол ашты. Түркістан мен Сауранда мемлекеттік ғимараттар мен тұрғын үйлердің құрылысының жоғары қарқынмен дамуы кәсіпкерлердің жиһаз жасауға құлшынысын арттырды.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сауран ауданы, Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «DIVALUX» ЖШС кәсіпорны 370 млн.теңге несие алды. 100 жаңа жұмыс орнын ашты.
Өткен жылы Иассы ауылдық округінде орналасқан «Sem Brend» жиһаз цехы, жоба құны 300 млн. теңге несие алып, 100 жаңа жұмыс орнын қамтитын жоба іске қосылды. Бұлардың негізгі атқаратын жұмысы темірден жиһаз жасау кәсіпорны қазіргі таңда 45 гектар аумақты алып отыр.
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша шағын несие алып, 2022 жылдың мамыр айында іске қосылған «Авиценна-А» емханасы ашылды. Жоба құны 1800,0 млн теңге құрады. Қазір мұнда 150 жаңа жұмыс орны ашылды.
Одан бөлек, Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан жоба құны 789,0 млн. теңгені құрайтын «GOLDEN Cotton» ЖШС мақта талшықтарын қайта өңдейтін зауыты іске қосылды. Қазір мұнда 34 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ, Жаңа Иқан ауылдық округінде жоба құны 600 млн теңгені құрайтын 300 орындық жаңа мектеп «ДАРЫН КZ» ЖШС және жоба құны 1 млрд теңгені құрайтын 280 орындық жаңа мектеп «Жаңа Иқан» ЖШС-нің өз қаражаты есебінен пайдалануға берілді.
2023 жылға жоспарланған инвестициялық жобалардың бірі азық-түлік белдеуін ұлғайту бойынша «TURKISTAN FRUIT» ЖШС инвестициялық жобасы. Бұл жобаның құны 8 млрд 533,0 млн.теңге құрайды. «Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына» енгізіліп, 2023 жылы ашылуы жоспарлануда. Мұнда қара өрік егіп, оны өңдеп шырын шығарады. Аумағы 400 гектар. Мұнда 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, Оранғай ауылдық округінен «Балмұздақ» ЖШС кәсіпорны ашылмақ. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд.тг болатын қойма құрылысы жүзеге асырылғанда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.
Иассы ауылдық округінен «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС кәсіпорны ерекше тартымды жоба болып отыр. Жоба құны 8,0 млрд.теңге тұратын күн сәулесінен қуат алатын құрылғылар орнатылады. Мұнда 20 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қала іргесіндегі Шаға ауылдық округінен жеміс-жидек өнімдерін консервілейтін цех құрылысы басталады. Бұл жобаның құны 400,0 млн.теңге құрап отыр. Цех іске қосылған кезде 15 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қазір Сауран ауданында аса қажетті нәрсе ол тұрмыстық қалдықтарды өңдеу болатын. Осыған орай Шорнақ ауылдық округінен ЖК «Sauran Plast» қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік кәсіпорны ашылады. Жоба құны 675,0 млн теңге тұрады. Мұнда 15 жаңа жұмыс орны ашылады.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында, 2022 жылы 7086 адам әлеуметтік шаралармен қамтылып, көрсеткіш 169,3% орындалды. Әлеуметтік шаралармен қам-тылған жастар 1924 адам, аз қамтамасыз етілгендерден 396 адам, әйелдер саны – 2694 адам, мүмкіншілігі шектеулі азаматтардан 234 адам қатыстырылды.
Жұмыс орындарын (субсидиялауды) қайтарымсыз қаржымен қамтуды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау шаралары бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Оқу орнында жұмыссыздарды қысқа мерзімге оқытуға 30 адам қамтылып, орындалуы 100%-ды құрады. Жұмыс орнында оқытуға – 13 адам қамтылып, 100% орындалды. Еnbek.kz платформасы бойынша онлайн оқытуға 110 адам қамтылып, оның да орындалуы 100%-ды құрады. Әлеуметтік жұмыс орындарына 215 азамат қамтылып, орындалуы 126% жеткізілді. Жастар практикасына 449 азамат қамтылған болса, жоспардың орындалуы 132% жетті.
Қоғамдық жұмыстарға 1466 адам қамтылып, 146,6% орындалды. «Алғашқы жұмыс орындары 43 адам қамтылып, орындалуы 195,4 % құрап отыр. «Күміс жас» жобасына 36 адам қамтылса, орындалуы 120% жетті. Мемлекеттік грантқа комиссия шешімімен 183 азамат қамтылып, мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, оның орындалуы 105,7% пайызды құрады. Ал, тұрақты жұмыс орындарына 2337 орын жоспарланған болса, оған жолданғаны 3189 адам, орындалу пайызы 136,4% құрап отыр. 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны бойынша 596 азамат жұмыспен қамтылып отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 16 бос жұмыс орындарына бекітілген квота толығымен орындалды. Ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтар және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін алты адам жолданып, жоспар толығымен орындалды. Жалпы, жоба бойынша мүмкіндігі шектеулі 117 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, бағдарламалар бойынша 234 мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамтылып, оның орындалуы 200%-ды құрайды. Сауран ауданының екінші тынысы ашылғалы бері мыңдаған жаңа кәсіпорындар ашылып, бейнеткеш қауымының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жылдам көтеріліп келеді. Бұл өз кезегінде істің көзін тапқан тұрғындарды биліктің де дер кезінде қолдауының нәтижесі деуге болады.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер «ауыз су, көшелерді асфальттау және заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға тоқтам болса» деген ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдаған аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев барлық сұрақтарға жауап беріп, жоспарға сәйкес, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.