Бұл хақында Қарашық ауылдық округінің әкімі А.Ганиевтің ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты 2023 жылдың 9 айда атқарылған жұмысы туралы есепті баяндамасында егжей-тегжей айтылды.
Ә дегенде атап өтерлігі, Қарашық ауылдық округі 3 елді мекеннен құралған. Жалпы, халық саны 11179 адамнан тұрады.
Қарашық ауылдық округінің әкімі А.Ганиев бюджет мәселесіне кеңірек тоқталып өтті. Қарашық ауылы әкімі аппаратына 2023 жылда барлық шығындарын өтеуге 112 миллион 381 мың теңгеге қаржы бөлініп, қаржы кезең-кезеңімен толық игерілуде екен. Салықтық түсімдер де жаман емес. Қарашық ауылдық округі бойынша 2023 жылы жалпы салық жоспары 30 048 000 теңге болса, қазына қоржынын толықтырғаны 39 106 288 теңге мөлшерінде болып отыр. Яғни жоспар 130 пайызға артығымен орындалған. Оның ішінде тарқата айтсақ, мүлік салығы жоспары — 1 743 000 теңге, орындалғаны — 1 744 416 теңге; жер салығы жоспары — 300 000 теңге, орындалғаны — 82 533 теңге; жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем салығы жоспары — 650 000 теңге, орындалғаны — 105 494 теңге; бірыңғай жер салығы жоспары — 0 теңге, орындалғаны — 25 164 теңге; көлік салығы жоспары – 16 856 000 теңге, орындалғаны — 18784 937 теңге; төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығы жоспары – 2 250 000 теңге, орындалғаны — 2 711 288 теңге; жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер жоспары – 8 249 000 теңге, орындалғаны 15 652 456 теңге болып отыр.
Әлеуметтік сала бойынша тоқталсақ. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмекке шартты 50 отбасыға, ал 2 отбасыға шартсыз көмек тағайындалды. Ауылда тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға демеушілер есебінен 6 отбасыға азық-түлікпен көмек берілді. Бір отбасы қатты отынмен қамтамсыз етілді.
Қарашық ауылдық округі үшін егін шаруашылығы саласының маңызды екені айтпаса да, түсінікті. Ауыл округінің жалпы ауыл шаруашылығы жері 15 268 гектарды құрайды. Оның ішінде:
- Суармалысы — 3262 гектар.
- Жайылым — 11617 гектар. Оның ішінде Ащысайда — 3600 гектар, Қаратөбеде 3708 гектар жайылым бар.
- Шабындық — 287 гектар.
- Басқа жерлер -102 гектар.
2023 жылы Қарашық ауылы бойынша 3262 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Қарашық ауылдық округі бойынша 5,49 гектар жылыжай бар.
Ал азық-түлік белдеуі бойынша 174 гектар жерге жаңбырлатып суғару технологиясын орнату жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар мал шаруашылығы саласына келсек. Қарашық ауылдық округіндегі ірі қара мал саны – 6483 басқа, қой — ешкі – 12462 басқа, жылқы – 782 басқа, түйе – 197 басқа, ал құс 5701 басқа жеткен. Әрине, бұл көрсеткіштер — алға жылжу бар екенінің дәлелі.
Жалпы, Сауран ауданының ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі
66,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,4%-ды құрады.
Мемлекет басшысы ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Несиелендіру 6 БАҒЫТТА жүзеге асырылуда: ол өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ, кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар.
Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 149 жоба қабылданып, 579 миллион теңгеге 98 жоба қаржыландырылды, 13 жоба кепіл шартын тіркеу сатысында тұр. Бағдарламаның аясында ауданда 7 кооператив құрылды.
Ағымдағы жылдың 9 айында Сауран ауданы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6 миллиард 164 миллион теңге инвестициялар тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артқан. Жыл соңына дейін 11 миллиард 332 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 миллиард 260 миллион теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Атап айтқанда:
— Оранғай ауылдық округінде «Балмұздақ» серіктестігі – балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойманы салуда, жалпы инвестиция құны 2,5 миллиард теңгені құрайды, 100 жұмыс орны ашылады;
— Ескі Иқан ауылдық округінде «AgroFoodTrade» серіктестігі – мақта майын өндіру цех жобасы іске асыруда, жалпы инвестиция құны 500 миллион теңгені құрайды, 10 жұмыс орны ашылады;
— Оранғай ауылдық округінде «БНК АГРО KZ» серіктестігі – мал азығын дайындайтын (комбикорм) цех құрылысының жобасы жоспарлануда, жалпы инвестиция құны 400 миллион теңгені құрайды, 7 жұмыс орны ашылады;
— Жібек жолы ауылдық округінде «Тәуекел Агро» шаруа қожалығы – жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы іске асыруда, жалпы инвестиция құны 400 миллион теңгені құрайды, 10 жұмыс орны ашылады.
— Жібек жолы ауылдық округінде «JMJ Агро» ЖШС — жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасын іске асыруда, жалпы инвестиция құны – 400 миллион теңгені құрайды, 6 жұмыс орыны ашылады.
Сауран ауданы жыл сайын ағын су тапшылығын сезінуде. Осыған сәйкес, ағын суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында, бірнеше жобалар іске асырылу үстінде.
Атап айтқанда, Сасықбұлақ су қоймасынан егістікке баратын тас арықтың қайта құру жұмыстарына (8,67 шақырым) және Ақтөбе су қоймасынан егістікке баратын тас арықтың құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр (12,1 шақырым).
Сонымен қатар, Оранғай ауылдық округіндегі «Қосқорған» су қоймасын күрделі жөндеу жүргізуге және Майдантал ауылдық округіндегі «Майдантал» су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Айта өтейік, Түркістан облысында 2022 жылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдауға 30,3 млрд. теңге бөлінсе, биыл қолдау көлемі 30%-ға артып 40 млрд. теңге бөлінді. Субсидия – тыңайтқыштарға, жылыжайды жылыту жүйесіне, дақыл өндірісіне, агроқұрылым жұмысын жандандыруға берілмек.
Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істейді. Жалпы нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыру, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2021-2025 жылға дейінгі кезеңде агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 237,5 млрд. теңгені құрайтын 97 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Осы орайда 2021-2022 жылдары 48,4 млрд. теңгеге 70 жоба іске асырылды. Ал биылғы 8 айда аталған салада құны 10,6 млрд. теңгеге 26 жоба жүзеге асырылған.
Бұдан өзге, облыста қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Қазіргі уақытта оның көлемі 5 мың гектарды құрайды. Ал су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап 30,2 мың гектарға жетті. Технология ағын суды үнемдеумен қатар өнімділікті 2-3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Расында да, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы республикада айрықша орын алады. Өйткені, еліміз бойынша аталған саладағы жалпы өнімнің 13%-ы күнгей өңірге тиесілі. Сондай-ақ, агроқұрылымдардың 33%-ы (80 мың) Түркістан облысында орналасқан.
Биыл қаңтар-тамыз айлары аралығында облыстағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 506,2 млрд. теңгеге жеткен. Ал салаға салынған инвестиция көлемі 50,4 млрд. теңгені құраған. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен саласында құны 10,6 млрд. теңгеге 26 жоба іске қосылып, 300-ге жуық жұмыс орындары ашылды.
Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 870 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артқан. Ал қарқынды баулардың көлемі 5 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, республикадағы жылыжайлардың 70%-дан астамы Түркістан облысында, қазіргі таңда жалпы көлемі — 1 577,4 гектар.
Мал шаруашылығы бойынша да облыс жетекші орында. Елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85%-ы, қой етінің 60%-ы облыс үлесінде. Биыл 8 айда 6,2 мың тонна ірі қара мал еті, 3,1 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілген. Қазіргі таңда облыс аумағында 1 млн 231,5 мың бас ірі қара мал, 5 млн 349,5 мың бас ұсақ мал, 465,2 мың бас жылқы, 41,7 мың бас түйе бар.
Сөздің реті келгенде Қарашық ауылдық округінің әкімі А.Ганиев кәсіпкерлік және жұмыспен қамту жайын да тілге тиек етті. Кәсіпкерлік және жұмыспен қамту саласында ауылдық округі бойынша 1 мақта зауыты, 14 цех, 4 дәріхана, 65 кәсіпкерлік нысаны, 2 жанармай бекеті, 3 жеке балабақша, 1 тіс емханасы, 1 мал базары және 2 мешіт, 8 намазхана жұмыс істеп тұр.
Емхана, пошта, АТС халыққа қызмет көрсетіп келеді. Барлығы ауыл әкімшілігімен тығыз байланыс орнатқан.
Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының «Әрбір ауыл мен қала тазалықтың, көркеюдің, тәртіптіліктің, үлгісіне айналуы керек» деген сөзіне орай, тазалық денсаулық кепілі екенін жете түсініп, 300 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Трансформаторлар орнату жұмысына 8 388 910.00 теңге бөлініп, ЖК «Альсат» 4 799 мың теңгеге ұтып алды. Трансформаторлар орнату жұмысына 8 388 910.00 теңге бөлініп, ЖК «Шалбаев» 4 799 мың теңгеге ұтып алды. Қарашық ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратының шатырын жөндеу жұмыстарына 12 219 760.00 теңге бөлініп, ЖК «DoSStartKZ» 5 785 000.00 теңгеге ұтып алды.
Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге 1 071 428.57 теңге бөлініп, ЖК «Динара» 714 300.00 теңгеге ұтып алып, тазалау жұмыстарын жүргізді.
Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға 1 477 678.57 теңге бөлініп, ЖК «Динара» 771 430.00 теңгеге ұтып алып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. А.Ақтанбаев көшесінің 2,2 шақырымын күрделі жөндеу өткізуге республикалық бюджет есебінен 56 000 000 теңге бөлініп, «Нұрстрой ЛТД» ЖШС жеңіп алып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қарашық ауылдық окургі бойынша 9 айға бөлінген қаржылар 100% уақтылы игерілді.
Мұнан соң Қарашық ауылдық округінің әкімі А.Ганиев діни ахуалды сөз етті. «Ауылда дінаралық қарым-қатынас қызметі — үнемі бақылауда және тиісті заңнамалар негізінде жұмыстар жүргізілуде, саяси ахуал тұрақты» — дейді ол. Ауылдық округте 2 мешіт, 8 намазхана бар. Кереғар діни ағымдар мен секталардың алдын алу мақсатында арнайы төрағасы және 11 мүшесінен тұратын ақпараттық топ құрылған. Ауыл ақсақалдары кеңесі тарапынан ауылдың өзекті мәселері айтылып, шешу жолдары сала-сала бойынша талқыланып, үнемі хабардар етіп отырады екен.
Денсаулық саласы хақында бірер сөз. Денсаулық сақтау қызметін ауылдағы Қарашық елді мекенінде дәрігерлік амбулатория және Құмтүйін елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік тірек атқарады. Емхана 2010 жылы салынған. Жалпы жұмысшылар саны — 42 адам, 10 жоғары білімді дәрігер және 26 орта буынды медициналық қызметкер және 7 әр түрлі жұмысшы қызмет істейді.
Бұдан білім беру саласының тыныс-тіршілігі жайында да ақпарат бере өтсек. Ауылдық округте білім беру саласы бойынша 3 мектеп жұмыс істейді. Қарашық жалпы орта мектебінде мұғалімдер саны — 108, кіші қызметкерлер саны — 22, оқушылар саны — 930. Тұран жалпы орта мектебінде мұғалімдер саны – 133, кіші қызметкерлер саны – 38, оқушылар саны — 1168. Құмтүйін жалпы орта мектебінде мұғалімдер саны — 64, кіші қызметкерлер саны — 24 және оқушылар саны – 465.
Ауылдық округте 1 мемлекеттік балабақша және 4 жекеменшік балабақша жұмыс істеп тұр. Тәрбиеленуші балалар саны — 548.
Қарашық ауылдық округінің әкімі А.Ганиев өз кезегінде ауылдағы құқық қорғау саласына жауапты қызметкер туралы мәліметпен де бөлісе кетті. Оны кесте түрінде бергенді жөн санадық.
№ | Аты-жөні | Қызметі | Ұлты | Туған жылы | Мекенжайы, байланыс телефондары |
1 | Абен Ғалымжан Ержанұлы | Сауран ауданы ЖПҚ учаскелік полиция иниспекторы | қазақ | 1998 | 87056901898 |
Бұдан кейін әскер қатарына шақыру бойынша ақпарат берді. «2023 жылғы көктемгі мерзімде әскер қатарына шақырылған 316 азаматқа зерделеу жұмыстары жүргізіліп, хабарлама берілді. 185 шақырылушы қазіргі таңда ЖОО-да және коллеждерде оқып жүр, 97 шақырылушы — отбасы құрған азаматтар, 16 шақырылушы — шетелде жұмыс істейтіндер. Ал медициналық сараптамадан 18 азамат өтіп, 9 азамат әскер қатарына жіберілді» — деді ауыл басшысы.
Есебін қорытындылай келе, Қарашық ауылдық округінің әкімі А.Ганиев Қарашық ауылдық округі бойынша өзекті мәселелерді ортаға салды.
«Қарашық елді мекені бойынша:
— Оранғай арығының 4 шақырымына суағар (лоток) орнату қажет.
— Қарашық елді мекенінен су қоймасын салу қажет.
— Бас жоспар жасалынған жерден тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу керек.
Ал Құмтүйін елді мекені бойынша:
— Жаңа үлгідегі 900 орындық мектеп құрлысы үшін мемлекеттік акт алынды.
— Оңтайландырылған сызба жасалынған жерден тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу керек» — деді әкім.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.