Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Оранғай ауылдық округі тұрғындарымен кездесу барысында ауылда бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Алдымен Рүстем Ибадуллаев басшылық жасайтын полиэтилен құбыр шығаратын цехты аралады. Өндіріс орны қазіргі таңда 6 адамды жұмыспен қамтыған. Өндіріс орны 10-160 диаметр аралығындағы полиэтилен құбырын шығарады. Жылдық қуаттылығы 5522,9 текше метрді құрайды.
Сонымен қатар, аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы Кендебай Баймағанбетов басқаратын «Кендебай» шаруа қожалығындағы жылыжайының жұмысымен танысты. Жұмысын 2017 жылы бастаған шаруа қожалығы жер көлемін ұлғайтып, 1,2 гектарға жеткізген. Бүгінде жылыжайда баклажан, болгар бұрышы, қызынақ самсап тұр. Саудалануға дайын. Жұмысын диқаншылықпен бастаған шаруа қожалығының төрғасы Кендебай жылыжай берекелі табыс көзі екенін, оған ерінбей қарап, баптаса, мол өнім алатынын жеткізді. Әрі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.
Мұнан соң аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Оранғай ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Аудан басшысы I тоқсанның қорытындысымен негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуына тоқталды. 2023 жылдың 1 cәуіріне жалпы аудандық бюджет кірістері 145 пайызға орындалып, 180,0 миллион теңге жоспардан артық орындалған. Ауданға 6 миллиард 428,9 миллион теңге инвестиция бағытталып, нақты көлем индексі 198,6%-ды құрады. Көрсеткіш облыс бойынша үшінші орынға тұрақтаған.
Естеріңізде болса, биыл қаңтар айындағы есепті кездесу кезінде ауыл тұрғындары тарапынан маңызды 12 мәселе көтерілген. Оның бірі Оранғай елді мекеніндегі құрылысы аяқталмаған мектепті пайдалануға берілсе деген ұсыныс айтылған. Нәтижесінде 150 орындық мектеп құрылысын 2023 жылы қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Қаржы толық қаралған. Жалпы қаржысы — 716 650 мың теңге.
Мұнан өзге елді мекендердегі электр бағаналары ескіргенін алға тартты. Жергілікті бюджеттен Түркістан және Бейбітшілік көшелеріне 2 дана трансформатор орнатуға қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны — 4,3 миллион теңге. Түркістан- Кентау тас жолында Бостандық ауылы, Құсшы ата көшесіне бұрылу үшін, көлік жүруіне ыңғайлы етіп, сызылған екі жолақты ашып беруін сұрады. Түркістан-Кентау автомобиль жолы облыстық маңызы бар автомобиль жолы болғандықтан, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хат жолданып, алдағы уақытта полиция ұйғарымына сәйкес, ашылатын болды.
Кездесу соңында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев әрбір тұрғынның талап-тілектері ескерілетінін, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Халықпен кездесу барысында аудан әкімі Оранғай ауыл округінде атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. «Бостандық елді мекенін газбен қамтамасыз ету желілері құрылысының ЖСҚ әзірленуде. Мердігер мекеме – «Жамбылагазпроект» ЖШС-гі. Жоба құны – 22,4 миллион теңге. Қосқорған елді мекенін газбен қамтамасыз ету желілері құрылысының ЖСҚ әзірленуде. Мердігер мекеме – «Жамбылагазпроект» ЖШС-гі. Жоба құны – 16,8 миллион теңге. Оранғай ауыл округі, Бостандық елді мекені воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнатуға, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны – 34,9 миллион теңге. Ораңғай ауыл округі Тастақты көшесіне жарық шамдарын орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны – 7,4 миллион теңге» — деді Ғалымжан Үсенбаев.
Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Иассы ауыл округінің тұрғындарымен де кездесті. Жаңа қоныстанған 194 үй ауыз сумен қамтылады. Ол үшін Иассы ауыл округі Еңбекші Дихан елді мекенімен меморандум арқылы «Авангард-Ок» ЖШС-гі ЖСҚ әзірлеуде. Кездесуде тұрғындар тарапынан ауыл көшелеріне бейне бақылау камералары қойылса деген өтініш айтылды. Сонымен қатар, жайылымды жерді ұлғайтуды сұрады. Қазіргі таңда 7 тұлғаның 1022 гектар жерін ортақ жайылымға қайтаруға ортақ жайылымды кеңейтуге мемлекет мұқтаждығына қаулы қабылданып жұмыстар жүргізіліп жатқанын сала мамандары хабарлады.
«Осы ауылдағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық біледі. Ауылды көркейту үшін жасалынатын жұмыстар тоқтамайды. Президентіміз Қ.Тоқаев та ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуды тапсырып отыр. Біз ол тапсырманы орындауға міндеттіміз. Әрине, тек заң шеңберінде. Ауызбіршілік болған кезде ғана тірлік алға басады. Билік пен бұқара халық арасындағы байланыстың ашықтықтығын нығайту мақсатында мен әр үш ай сайын сіздермен кездесіп, мұң-мұқтаждықтарыңызды тыңдауға дайынмын», — деді аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев.
Осы және өзге де мәселелер бойынша айтылған өтініштер мен ұсыныстар басшылық тарапынан назарға алынды. Тұрғындардың мәселелерінің ешбірі аяқсыз қалмайды. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Кездесуден кейін Ғалымжан Қарабайұлы округ тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Тұрғындардың мұң мұқтаждығын тыңдаған аудан басшысы тиісті сала басшыларына тапсырма беріп, орындалуын қадағалауды ескертті.
Өз кезегінде аудан әкімі Иассы ауыл округінде атқарылатын жұмыстарды да тілге тиек етті. «Ауылдағы аллеяны қоршау жұмыстарына мердігер мекеме – ЖК «Қызмет». Жоба құны – 14 миллион теңге. Еңбекші Дихан елді мекеніне воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнатуға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны – 34,9 миллион теңге. Еңбекші Дихан елді мекені Алаш ата, Оспан ата, Саркулов көшелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны – 11,5 миллион теңге. Еңбекші Дихан елді мекенін электр қуатымен қамтамасыз ету құрылысына ЖСҚ әзірленуде. Мердігер «Redline Pro» ЖШС-гі. Жоба құны – 7,3 миллион теңге. Еңбекші Дихан елді мекенін газбен қамтамасыз ету желілері құрылысының ЖСҚ әзірленуде. Мердігер мекеме – «Жамбылагазпроект» ЖШС-гі. Жоба құны – 23,3 миллион теңге» — деді Ғалымжан Үсенбаев.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.