Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады

Бүгін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров медицина саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Арнайы салтанатты жиынға қатысып, игі тілегін білдірді.

— Құрметті ақ халатты абзал жандар мен саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ардақты ардагерлер. Медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты мамандық екені баршаңызға белгілі. Бұл мамандық иесі – халықпен біте қайнасып қызмет жасайтын, қастерлі еңбек иесі. Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні ретінде кеңінен аталып өтіледі. Жанға дауа, дертке шипа, денге саулық сыйлайтын сол ардақты мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде ауданымызда медицина саласына баса назар аударылып, заманауи үлгіде медициналық емханалар ашылуда. Мұның барлығы ел игілігіне арналған істер. Алдағы уақытта да халықтың ризашылығына бөленіп, ел өмірінің жақсаруына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін, — деді аудан әкімі.

Салтанатты іс-шарада «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков те абзал жандарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Бірқатар сала қызметкеріне аудан әкімі және аудандық мәслихат төрағасының арнайы марапаттары табысталды. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, биыл өңірдің медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ағымдағы жылы әкімшілік іскерлік орталығынан 8,7 гектар жер бөлініп, 500 келушіге арналған емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 3 медициналық мекеме құрылысына жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен ауданда 2 емхана мен 1 фельдшерлік пункттің құрылыстары жүріп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin