Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл шара тұрғындардың талап-тілектерін тікелей тыңдап, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тиімді алаңға айналды.

Қабылдауға келген азаматтар түрлі әлеуметтік, инфрақұрылымдық, құқықтық сипаттағы мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Шорнақ ауылының тұрғыны жұмысқа орналасу мәселесін көтерді. Мамандығы болмағандықтан, әйел азаматына қоғамдық жұмыс ұсынылды. Қоғамдық жұмысқа ниетті екенін білдірген ол жуық арада жұмыспен қамтылатын болды.

Ал Ынтымақ ауылының тұрғыны жер мәселесіне байланысты өтініш білдірді. Оның көтерген мәселесі Сауран аудандық жер қатынастары бөліміне жолданды.

Бабайқорған ауылынан келген азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алу жөнінде сұрақ қойды. Мәселе зерделеніп, тиісті мамандарға тапсырма берілді.

Шыпан ауылының тұрғыны Яссы қаржы ұйымы арқылы алынған несиеге байланысты кепілге қойылған тұрғын үй құжаттарының қайтарылмауына шағымданды. Бұл өтінішке қатысты да жауапты бөлімге нақты тапсырмалар жүктелді.

Аудан әкімі әрбір тұрғынның мәселесіне жіті көңіл бөліп, заң аясында жан-жақты түсіндірме беріп, кейбір мәселелерді қабылдау барысында шешті. Жеке қабылдау тұрғындармен тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беріп, әкімдік жұмысының ашықтығы мен халыққа жақындығын көрсетті.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You