Түркістан облысы: Сауран ауданы ардагерлер кеңесінің төралқа мәжілісі Мемлекет басшысының ІІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттер мен мақсаттарды талқылады

Сауран ауданындағы «Қамқорлық» орталығында аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мәжілісі ұйымдастырылды. Мәжіліске аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен ардагерлер кеңесінің мүшелері, ақсақалдар алқасы мен мекеме басшылары, мәдени орталық өкілдері мен қоғамдық бірлестіктер, сонымен қатар дін өкілдері қатысты. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов ашып, жүргізіп отырды.

Мәжілістің күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты тақырып шеңберінде өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттер мен мақсаттар және Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің V төралқа мәжілісінің 2024 жылғы 28 наурыздағы қаулысын жүзеге асыру міндеттері туралы мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов пен ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова мен полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Талғат Оңбаев, білім бөлімінің маманы Нұрбек Басықараев пен «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев, ауданның бас имамы Бауыржан Акауов пен ардагерлер кеңесінің мүшесі Балмағанбет Төлепбайұлы ой-пікірлерін ортаға салды.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.

Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.

Иә, озық әрі табысты елге айналу үшін қоғамда қандай құндылық үстемдік құруы керек? Қоғамда адалдық үстемдік құратын болса жетер жетістіктердің көп болатынын айтты Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында. 

«Келесі құндылық – жасампаздық және жаңашылдық. Бұл – өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз.

Біз адам капиталына арқа сүйесек, өзіміз белгілеген ауқымды өзгерістердің бәрін жүзеге асыра аламыз. Елімізде талантты азаматтар аз емес. Олар тың амал-тәсілдер қолданып, батыл шешімдер қабылдағанының арқасында түрлі салада зор табысқа жетіп жүр.

Соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таныла бастағаны кездейсоқтық емес. Ұлтымыздың орасан зор жасампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан. Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін. 

Еліміз біртіндеп постиндустриалды қоғам үлгісіне көшіп келеді, идея мен инновация оның басты қозғаушы күші саналады. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз қажет. Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Осы технология таяу болашақта әлемді түбегейлі өзгертеді.

Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Жастарымыздың әлеуеті мен қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек. Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.

Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», — деді Мемлекет басшысы. 

Жалпы, адал азамат дегеніміз – бойында ұлтымызға тән құндылықтардың бәрі жиналған, өз нанын адал табатын, табысын адал жұмсайтын тұлға. Осындай адал азамат қазіргі таңда әділетті Қазақстан идеясымен ұштасып жатыр. Себебі әділетті Қазақстан құру үшін адал табысқа ие азаматтардың жиынтығын құрастыру қажет болады. Қазіргі таңда ұлт болып ұйысуымызға тікелей әсер ететін маңызды мәселелер – адамның жеке басына тән құндылықтар. Атап айтар болсақ, отансүйгіштік, бірлік, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық, жаңашылдық. Бұның барлығы қазіргі дамимын деген қоғамды құраушы маңызды элементтер, құндылықтар болып табылады.

Сарапшылар өз кезегінде: «Қазіргі таңда көптеген ата-ана бала тәрбиесінде 5 негізгі құндылыққа бағытталған екен. Ең бірінші, ол – үлкенге құрмет. Сосын, еңбекқорлық, өзін-өзі бағалау, өзіне деген сенімділік және әділеттілік. Яғни, сауалнама нәтижесі ел Президенті айтып кеткен концепцияға ұқсап тұр. Өйткені, әділеттілік, жасампаздық, еңбекқорлық, бұл – Президенттің басты концепцияларының бірі», — дейді.

«Әлемдегі дамыған елдер цифрландыру, жасанды интеллектке көп көңіл бөліп жатыр. Әлемде алдыңғы қатарлы елге айналу үшін білім, еңбек, адалдық қажет. Цифрландырылған алдыңғы қатарлы елге айналу Қазақстанның стратегиясы болып отыр», — дейді сарапшы.

«Көптеген жастар өзінің кәсібін жасап, адал еңбекпен табысын табуда. Ол – жаңаша ойлайтын жастардың көрінісі. Оны қайдан көруге болады? Мәдениет, өнер, күнделікті қоғамда көріп отырмыз. Қазақша сөйлеуді, этно стильді трендке айналдырған – жастар. Ел Президенті жоғарыда аталған құндылықтарды мектеп деңгейінде бала бойына сіңіру тапсырмасын тиісті министрлікке тапсырды», — дейді сарапшылар.

Жиында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Сонымен бірге, ақсақалдар мен ардагерлеріміздің елді бірлікке, ынтымаққа, жастарға тәлім-тәрбие беріп, татулығымызды нығайту бағытында түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізуге шақырды. Мәжілісте көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта жоспарлы жұмыстар жүргізілетін болды. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов қорытындылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin