Түркістан облысы: Сауран ауданы әкімінің тұрғындармен кездесуінде Сырдария бойындағы шабындық жерлерді ауыл әкімдігіне қайтару туралы ұсыныс-пікір білдірілді

Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бекітілген кестеге сәйкес, Майдантал ауылдық округінің тұрғындарымен есепті кездесуін өткізді. Кездесуді Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов ашып, жүргізіп отырды.

Аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы ауыл тұрғындарының алдыңғы кездесуде көтерілген мәселелері бойынша жеке дара тоқталып, атқарылған жұмыстарды баяндап өтті. Сонымен бірге ауылдық округі бойынша бүгінгі таңға атқарылған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды атап өтті. Бұдан бөлек, алдағы 2024 жылға аудандық бюджетке ауылдық округтегі өзекті мәселелерді енгізу бойынша ұсыныс пікірлері жүзеге асатынын жеткізді.

Ауыл тұрғындары тарапынан су жиналатын тоғанның мәселесі бұған дейін де көтерілгенін айтып, ағын судың жоқтығын, тас арықтар ескірген, соларды жаңартуын сұранды. Сонымен бірге табиғи газ мәселесін алға тартып, елді мекен ішіне бейне бақылау камералар, бағдаршам орнатылса деген ұсыныстарын жеткізді. Егіз қара елді мекеніне жол салу, электр жарығы бойынша мәселе де айтылды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастырды. Жиын соңында аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке сұрақтарына назар аударып, айтылған мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров түстен кейін есепті кездесуін Жібек жолы ауылдық округінде жалғастырды. Кездесуде аудан әкімі Жібек жолы ауылдық округінде алдыңғы есепті кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталып, ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.

“Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу көзделуде. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз”, — деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.

Ауыл тұрғындары тарапынан Жібек жолы елді мекеніндегі Жалпақсай көшесіне тас төсеп беруін, жарықтандыру мәселесі айтылды. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша келер жылға Жібек жолы ауылдық округі енсе» деген ұсыныстарын білдірді. Сырдария бойындағы шабындық жерлерді ауыл әкімдігіне қайтарылса, ауданға жазғы маусымда балалар демалатын жазғы демалыс орнын (лагерь) салу қажеттігін, қарияларға арнап, әр ауылда оңалту орталығы ашылса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша әрбір сұраққа дер кезінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin