Түркістан облысы: Сауран қалашығында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде тазалық жұмыстары жүргізілді

Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына орай Сауран ауданында сенбілік ұйымдастырылды. Жалпы, 150-ге жуық адам қатысқан тазалық шарасында Сауран қалашығының маңы күл-қоқыстан тазартып, арам-шөптерін шапты. Сенбілікке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және арнайы БАҚ өкілдері мен жастар қатысты.

Шығармашылық топ өкілдері 1-10 тамыз аралығында Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарына сапарға шығып, елімізде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын кеңінен насихаттау арқылы өңірлердегі тарихи-мәдени, туризм бағытындағы көрікті орындардың тазалығына атсалысады. Аталған игі шараға мұрындық болған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ» ТРК бас директоры Дулат Әбіштің айтуынша, 14 адамнан құралған делегацияда өңірдің жергілікті журналистері бар.

Облыс әкімінің орынбасары барша жерлестерді табиғатты аялауға, тазалық сақтауға шақырды. Игі бастаманы қолға алған БАҚ өкілдеріне ризашылығын айтып, сәтті сапар тіледі. Сондай-ақ, Сауран қалашығының ішкі бөлігін тазалау барысында облыс әкімінің орынбасары тарихи нысанды қалпында ұстап қалу үшін жасалып жатқан жұмыстарымен бөлісті.

Айта кетейік, елімізде республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр. Акция басталғалы Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Бұдан бөлек облыс орталығындағы әуежайға баратын жол, Шымкент тас жолы, айналма тас жолдарының бойындағы қаулаған шөптер шабылып, күл-қоқыстан тазаланды. «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында ұйымдастырылған шараға 6 сектор мамандары, қала тұрғындары, белсенді азаматтар мен қала еріктілері қосылды.

5 аумаққа бөлініп, жиналған қоқысты тасымалдауға коммуналдық мекеме қызметкерлері мен 13 техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарына 700-ге жуық адам қатысты.

Тазалық акциясының мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстап, экологиялық мәдениет қалыптастырып, отаншылдыққа тәрбиелеу.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin