Түркістан қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ұйымдастыруымен ауданаралық қызмет алушы зейнеткерлер арасында «Ел ұйытқысы – ене мен келін» атты іс-шара өтті. Онда бірнеше ауданнан келген енелер мен келіндер өзара сынға түсті. Нақтырақ айтсақ, шараға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданынан 6 отбасы қатысты.
Шараның мақсаты — дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, еліміздегі әрбір шаңырақтың тату-тәтті, үлгілі болуын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу. Жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай ене мен келін шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру. Отбасында үлкенге құрмет, кішіге мейірім, әрбір мүшеге ынтымақты береке, бірлік ауадай қажет. Қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен отбасы құндылығы — жан-жақты тәрбиесімен бір дәуірлік ұрпақ қана емес, тұтас ұлт өмір бойы ұстанатын қағида.
Анасы мен қызындай сыйласқан қатысушылар ұмыт болып бара жатқан «Құрсақ шашу» тойы, «Қазанжарыс», «Тымаққа салу», «Қырқынан шығару», «Тұмар» сияқты салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіп, сөз шеберліктерін танытып, мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Сондай-ақ шебер қолдарымен кесте тігіп, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Ұлттық нақыштағы киім үлгісімен отбасылық өнер көрсетіп, сыйластығымен ерекшеленген қатысушылар арасынан жоғары ұпаймен жүлдеге ие болғандар марапатталып, сыйлықтар табысталды.
Жиында сөз алған облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов бүгінгі сайыстың маңызы жоғары екенін атап, отбасының бірлігі – Отанның беріктігі екеніне тоқталды. Қазыналы қариялар мазмұнды әңгімелерінде ел боламыз десек бесігімізді түзеп, жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру қажеттігін айтып, әрбір шаңыраққа бақытты, берекелі ғұмыр тіледі.
Аталған додада Созақ ауданынан қатысқан ене Гүлжан Үсенова мен келіні Салтанат Қалдәулетова 1-ші орынды иеленіп, жеңімпаз болды. Өздеріне тапсырылған міндеттерді толық орындап, көрермендер мен қазылар алқасының көзайымына айналды.
Қырық жыл мәдениет саласында еңбек еткен Гүлжан Үсенова: “Бүгінде зейнетте болсам да, қоғамдық өмірге белсене араласамын. Өзімнен кейінгі келінім менің орнымда басып келеді. Келінім Салтанат та — мәдениет саласының қызметкері. Сондықтан бізге мұнда өнер көрсету қиын болмады” — дейді.
Иә, жаратылысынан жатжұрттық болатын қыз баланың тәрбиесі тал бесіктен басталып, оның мінсіз болып бой жетуіне ата-анасы тікелей атсалысады. Сондықтан «қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?». Келін болып, ақ босаға аттағаннан кейін оның жүріс-тұрысы, тәлім-тәрбиесі, жаман мен жақсы болуы ата-енесі, күйеуіне байланысты. Ата-анасынан дұрыс тәрбие алмаған қызды қайта тәрбиелеу мүмкін бе? Әрине. Жаңа оттың басына жаңа түскен келін иіліп сәлем салған алғашқы күннен бастап оның тәрбиесін енесі, одан кейін жолдасы қолына алып, өз отбасының ұйытқысына айналдыра алады. Бұл жерде қыз баласын затқа немесе ойыншыққа теңеу емес. Тұрмыс құрмаған қыздар бұл сөзімді жөнді түсінбеуі мүмкін, сірә. Бірақ, әуелден жарының аяулысы, ата-енесінің көзқуанышына айналған қыздың өзгеруі де әп-сәтте-ақ. Шаңырақтың берекесін молайтып, мерекесін келтіретін ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың түзу қалыптасуы келіннің тәрбиесі мен оған деген сыйластығын арттыра түседі.
Қазіргі таңда қоғам арасында ене мен келін тақырыбы көп талқыға түсетін өзекті түйткіл қатарынан көрінуде. Отбасындағы өз орнын ұмытқан келіндер мен жөнді тәртіп бере алмаған ененің жанжалдарын соңғы кездері жиі естіп, тіпті әлеуметтік желіден де байқап қалып жатамыз. Осы тұста, Зейнеп апамыздың зейінді әңгімелері мен құнды сөздерін есімізге түсірсек, жақсы мен ізгі нәрселерге жан дүниемізді байытамыз. Келіндік өмірдің жарқын үлгілерін көрсеткен Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова кезекті сұхбатында келін мен ене тақырыбына тоқталған болатын: «Келінін жамандайтын енелерге айтарым… Сенің не еңбегің сіңді оған. Бір адамды бір әлем дейтін болсақ, сенің қолыңа тұтастай бір әлем келді. Сен оған қандай еңбек сіңірдің? Ананың ақ сүтін бердің бе? Әкенің адал күшін жұмсадың ба? Оны мүлдем басқа адамдар жасаған. Түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін берді. Бақты, қақты, өсірді, жетілдірді. Дап-дайын күйде, тіпті бір күн де қызығын да көрмей, сенің қолыңа ұстатты. Ендігі жерде сен оған ие бола алмасаң, кімсің деймін? Кез келген әйел келінге ене бола алады. Бірақ келінге ана бола білу керек. Ананың парасаты қажет. Жас келінге қадалатын көз де көп, айтылатын сөз де көп, сын да көп. Киген киімі, жүрген жүріс-тұрысы барлығы көзден таса қалмайды. Осындай кезде кім сүйеу бола білу керек? Ене».
Иә, отбасы құндылығы ене мен келіннің тәрбиесінен бастау алады. Себебі, бір-бірін толықтай түсінетін осы екі адамның тағдырлас екенін білеміз. Бірінің аттаған табалдырығын дәл солай ол да аттайды, сол сәттен ене келініне жаңа шаңырақтың кішігірім өзіндік ұстанатын жөн-жосығымен таныстырып, ережелерін ескертеді. Аса бір қатты қиындығы жоқ келіндік өмірге сіңісуге ененің атқарар міндеті, қолдауы өте маңызды. Өйткені, келін ененің топырағынан деген қазақта жақсы сөз бар. Келін енесін сүйікті жарын өмірге әкеліп, үлкен азамат болып қалыптасуына зор ықпалын тигізген жан ретінде қарап, сыйластығын көрсетіп, мейірім төксе, ененің келінге деген жылулығы оянып, жас кезіндегі өзін көріп, оған ыстық ықыласымен, аналық мейірімімен қамқорлық жасап, білмегенін білгізіп, әр нәрсенің мән-жайын түсіндіріп, алға қарай жетелеп отырады. Бірін-бірі ұғысып, түсінісіп, ақылдасып шешім шығарған ене мен келін отбасы қамалын берік ұстап қалады. Отбасы құндылығы – қашанда ене мен келін қолында.
Отбасы құндылығы, тәрбиенің бастауы ең әуелі ене мен келіннен бастау алады. Өйткені ене мен келіннің тағдыры – бір. Әулеттегі ең жуық істес жандар. Бүгінгі келін ертең ене, ертеңгі келін, болашақ ене болып өмір жылжып ауысқан сайын, өз жолы мен сабақтастығын тауып жалғаса беретін үрдіс. Ене мен келін болмаса өмір жалғаспайды. Ел өшіп құриды. Бұл – табиғи заңдылық. Басқа отбасында тәрбиеленіп келген жас қыз-келін жаңа отбасына ойдағыдай сіңісіп кетуі оңай шаруа емес. Тек әр қазақ отбасының тәрбиесінде қыз жат жұрттық, барған жеріне «тастай батып, судай сіңсін» деген аталы сөз жасынан құлағына құйылып өскен қыз, келін болып келген жаңа ортасына «тас түскен жеріне ауыр», «маржан түссе маңдайымнан, тары түссе таңдайымнан» деп, бар ниетімен өзі босағасын келін болып аттаған үйдің ата-енесін, қайнағасын, жолдасын, қайнысын, қайынсіңлісін және туған-туыс, сол әулеттің ағайындарын құрметтейді.
«Сыйлай білсең, сыйысасың іні боп, Кінәласаң әкеңнің де міні көп» деп ақын Имашқан Байбатырұлы айтқандай, атасын әкесіндей, енесін анасындай жылы, ыстық ықылас, адал көңілмен, нақ шын беріліп, құрақ ұшып иіліп тұрған келінді кім жек көреді?! Қолға қонған балапан құстай жас келіннің келген жеріне деген ниетін таныған ене де, ыстық ықылас аналық мейіріммен табалдырық аттаған күннен бастап, мәпелеп жастығына жанашырлықпен қамқорлық жасап, білмегенін білгізіп, әр нәрсенің мән-жайын түсіндіріп, алға жетелеп отырады. «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келісап» деген рас. Ене мен келін бір-бірін түсініп, ұғысып отырса, сол әулет берік қамал іспетті. Іштегі пыш-пыш өсек сыртқа шықпайды. Сырттан суық сыбыс ішке кірмейді. Ене мен келін отбасындағы, ағайын арасындағы ұсақ-түйек мәселеден бастап, кейбір келелі іске де келісе пікірлесіп, шешісіп отырса, ешкім бұрыс деп бұра тарта алмайды. Сол үйдің атасы да, азаматы да, ағайын туысы да дән риза. Жалпы, осы күні айта берсе отбасына байланысты қилы-қилы хикая, қитұрқы, оспадар іс-әрекеттер көп. «Ауруын жасырған — өледі», қауіптің алдын алып, дабыл қағып отыруымыз керек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.