Түркістан облысы: Созақтық кәсіпкер әйел қазақтың сәндік тоқыма қолөнерін қолға алып, сүйікті ісінен табыс тауып отыр

Шолаққорған ауылының тұрғыны, 53 жастағы кәсіпкер Гүлнахар Мамилаева қазақтың сәндік тоқыма қолөнерін қолға алып, сүйікті ісімен айналысып отыр. Алғаш кәсібін балаларға арналған сәнді үлгідегі киімдер мен ойыншықтар тігіп бастаған. Қазіргі таңда қосымша аяқ киімдер тоқып, табыс көзін арттыруды қолға алған. Тапсырысқа орай, үйге арналған тәпішкелер және балалар мен ересектерге арналған түрлі аяқ киімдер, сөмкелер тоқиды.

Бала кезінен тоқыма тоқуға құштар болған ол аталмыш істі кәсібіне айналдырған. Сүйікті ісіне қосымша, үйде отырған қыз-келіншектерге өз білгенін үйрету ісін де қолға алған.

— Бала жасымнан тоқыма тоқуға құмар болдым. Бұл іс сүйікті кәсібіме айналды. Тоқыманың барлық түрін тоқимын. Білімімді жетілдіріп, соңғы екі жылда аяқ киімнің түрлерін тоқуды табыс көзіне айналдырдым. Ендігі мақсатым — түйе-қой жүндерін өңдеп, заманауи техникаларды игеру арқылы үлкен кәсіп ашу. Үйде отырған қыз-келіншектерге өз білгенімді үйретіп, шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алдым. Қазіргі кезде тоқыма аяқ киімге сұраныстар артуда. Сапасы фабрикадан шыққан өнімдерден артық болмаса, кем түспейді. Халықтың арқасында табыс тауып отырған соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, сапасына аса мән беру арқылы көптің көңілінен шығуға тырысамын, — дейді кәсіп иесі.

Айта кетейік, Гүлнахар Мамилаева бұған дейін облыс орталығында қолөнер мәдениетін қалыптастырып, ішкі туризімді дамыту мақсатында ұйымдастырылған өңірлік көрме-байқауларға өз өнімдерін бірнеше мәрте ұсынып, шараға жиналған қонақтардың қошеметіне бөленген болатын.

Еске салайық, тоқыма кәсібі — неолит заманында пайда болған кәсіптердің бірі. Ол алғаш әйелдердің өсімдік талшықтары мен жүннен тұрпайы киім тоқуынан басталады. Тоқыма кәсібі алғашқы қауым адамдарының қарым-қатынасы мен еңбек тәсілдері негізінде бірте-бірте дамыды.
Қазақстан жерінде Тоқыма кәсібі VI-XII ғасырларда өріс алған. Бұл көбінесе Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың қалалық қоныстарында дамыған. Мақта-мата тоқымаларын бата, боз, тор, шыт деп атайтын. Мал жүнінен сырт киім (шекпен) үшін жүн мата тоқыды.
Жібек мата Қытайдан, Ферганадан және Самарқаннан тарады. Ол кездегі жіп иіру-тоқу құралдары мен тоқыма станогының (тоқуш) қалдықтары археологиялық қазбаларда да кездеседі.
Өрмек тоқу, ши тоқу, жас шыбықтан ыдыс, құрал жабдық тоқу, өру — тоқыма кәсібінің ежелгі түрлері. Қазір тоқыма кәсібі дамығын Тоқыма өнеркәсібіне айналды.

Тоқыма тоқуды көпшілік қарт әжелер мен үй шаруасындағы әйелдердің сүйікті ісі деп біледі. Алайда, тоқыма тоқу барлығына ортақ, кәделі әрі пайдалы іс екенін көпшілік біле бермейді. Күлкі терапиясы сияқты тоқыма тоқудың да денсаулыққа берер мол пайдасын дәрігер-ғалымдар анықтап, дәлелдей білген.

Күнделікті күйбең тірлік салдарынан адам бойын әлсіздік, көңілсіздік, күйзеліс билейді. Салдарынан түрлі жүйке жүйесі, жүрек қан тамырлары және гипетоникалық аурулар туындауы мүмкін. Бұл дерттердің алдын алу мақсатында дәрігерлер анда-санда тоқыма тоқуға кеңес береді.

Тоқыма тоқу жүйке жүйесі мен ми жұмысын жақсартады. Артық ойлардан арылтып, көңіл көтереді. Тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс. Ал адам баласы шығармашылық жұмыспен айналысқан кезде, ол бар назарын ісіне аударып, көңілі жай тауып, жаны тынышталады.

Күнделікті кешке немесе бос уақытыңыз болған кезде қолыңызға түрлі-түсті жіптер мен тоқыма бізін алып, іске кірісіңіз. Өзіңізге малақай, шарф, сөмке, жаялық тоқи бастаңыз. Ол қолымнан келмейді десеңіз, тоқыма тоқи алатын таныстарыңызға «үйретіп жібер» деп қолқа салыңыз. Дүкен сөрелерінен тоқыма тоқу туралы кітаптарды іздестіріңіз. Ғаламтор беттеріндегі тоқыма тоқуды үйрететін онлайн-сабақтардан дәріс алыңыз.

Тоқыма біздері мен жіптерді өзіңіз таңдаңыз. Өзіңізге ыңғайлы әрі жағымды болуын қадағалаңыз. Тоқыма тоқуды бастаған кезде бар ойыңыз жасап жатқан іс-әрекетіңізде болсын. Тоқып жатқан дүниенің қандай болатынын көз алдыңызға елестетіңіз. Тоқыма тоқыған кезде ашуланбаңыз, сабыр сақтаңыз. Шыдамсыздық танытсаңыз, 10-15 минут үзіліс жасап, іске қайта кірісіңіз. Күнделікті кешке тоқыма тоқуға 30-40 минут бөлсеңіз, оның қалай сүйікті ісіңіздің біріне айналғанын сезбей қаласыз. Тек бастаған ісіңізді аяқсыз қалдырмаңыз.

Тоқыма тоқуды қарапайым ілмектерден бастаңыз. Күрделі оюларды жасауға аса ұмтылмаңыз. Әуелі дағдыланып, қолыңызды үйретіп алыңыз. Кейін бірте-бірте күрделі оюларды тоқуды бастаңыз.

Қай халықтың болмасын ұлттық мұрасы, халықтың қазынасы – қолөнер болып табылған. Шеберлер ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау арқылы сол халықтың ұлттық дәстүрін көрсете білген. Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі-түсті ою-өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым-қатынасын, көңіл-күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғартады. Қолөнер шеберлері табиғат сұлулығын да өнер туындыларына арқау еткен. Оның ішінде тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер саласының бірі. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық тоқыма өнеріміз күні бүгінге дейін өзінің эстетикалық құндылықтарын өз бойына сақтап, қасиетін жоғалтпай жақсы сақталған ірі мәдениет үлгісі ретінде аталып, келген және халқымыздың тарихымен, тұрмыстағы әдет-ғұрып, салт-дәстүріне сай дамып, түрленіп жетілдіріп отырған. Бұл тамаша өнер қазіргі заманда жалғасын тауып, көрші халықтардың өнер шығармашылықтарымен толысып, дамып, әсемдігімен, көркемдігімен көз тартып, эстетикалық талғамда өркендей бермек.
Тоқымамен айналысқанда адам жеке басына аса қажет нәрсені жасау үшін тоқымайды. Яғни осы тоқу үстіндегі түрлі-түсті бояулар әлемнің үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерін таңдап, түрлі тоқу әдістерін меңгеруі адамның талғамын, шеберлігін, ой-өрісін жетілдіріп, көркемдік сезіну қабілетін дамытады. Соған орай тоқу өнері басқа да істер сияқты үйренуді, ізденуді қажет етеді.
Халықтың дәстүрлі өнері – сол халықтың ғасырлар бойы бастан кешкен өмір салтының, таным түсінігінің жарқын айғағы. Бүгінгі болашақ ұрпақ – ертеңгі қоғамның иесі, сол қоғамның иелері халқымыздың тұрмыс қажеттілігінен туындаған ұлттық өнер мұраларын сақтап, сұрыптап, қазіргі уақытта сәнді етіп, ұлттық мәдениетімізді қолданбалы сәндік қолөнермен өркендету керек. Қазіргі кезде жаңа өмір өзінің жаңа талаптарын қойып отыр. Оның міндеті – өнердің бұрынғы келбетін бүгінгі күнге табиғи етіп жаңарту. Ата-бабадан мұра болып қалған өнегелі өнерімізді бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру – әрқайсысымыздың борышымыз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin